Үкімет • 03 Мамыр, 2024

Қоғам қауіпсіздігін қорғайтын құжаттар

54 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Күн тәртібінде бірқатар заң жобасы қаралып, депутаттар өңірдегі өзекті мәселелерді көтерді.

Қоғам қауіпсіздігін қорғайтын құжаттар

Жазаны қатаңдату – қоғам талабы

Атап айтқанда, Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім мен Ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша құжат таныстырылды. Сондай-ақ «Есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері туралы құжат 1 кодекске және 3 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтінін жеткізді. Оның айтуынша, жұмыс тобына 52 түзету келіп түсіп, жұмыс тобының отырыстарында, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық бірлестіктер мен сараптама ұйымдары өкілдерінің қатысуымен комитеттің кеңейтілген отырысында жан-жақты қаралды.

«Есірткі, психотроптық заттар және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндамашы, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева: «Заң жобасында Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстерге және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске, сондай-ақ «Есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» және «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңдарға да түзетулер енгізіледі. Жалпы, бұл құжат нашақорлық пен есірткі бизнесіне мемлекеттік және қоғамдық қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Себебі тәжірибе көрсетіп отырғандай, елде синтетикалық есірткі саудасы қызып барады. Ең өкініштісі, олардың таралу ауқымы эпидемияға айналды. Синтетикалық есірткі аз ғана уақыт ішінде бүкіл әлемге кең таралып кетті. Қазақстан да бұл «жаңашылдықтан» қалыс қалған жоқ. Синтетикалық есірткі, дәстүрлі есірткілеріне кокаин, героин қарағанда арзан және қолжетімді. Мұндай есірткінің өндірісі де қарапайым, ерекше бір дайындық пен дағдыны талап етпейді. Бұған қоса, синтетиканың барлық компоненті заңды және қолжетімді. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткі қоспасын жасап шығаруға болады. Елімізде есірткі өндірушілер «синтетиканы» өнеркәсіптік ауқымда жасап жатыр. Оларға керекті жаб­дықтар мен химикаттарды, прекурсорларды тасымалдауды пысықай дилерлер тұрақты схемаларға айналдырған.

Депутат келтірген дерекке сенсек, 2019 жылы – 3, 2020 жылы – 8 заңсыз есірткі зертханасы жойылса, 2023 жылы 81 жасырын зертхананың жұмысына тосқауыл қойылды. Жыл басталғалы 31 жасырын есірткі зертханасы жойылса, 10 тоннадан астам прекурсор алынды. Осылайша, пайдалануға дайын 1 тонна есірткі жасау өндірісінің жолы кесілген. Бұл есірткі қылмысына қарсы күресті прекурсорлар мен зертханалық жабдықтарды заңсыз жеткізудің жолын кесуден бастау керек екенін көрсетіп отыр. Алайда қолданыстағы ескірген заңнамада олардың контрабандасы үшін жауапкершілік белгіленгенімен, прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Сол үшін Қылмыстық кодекстің 301 және 303-баптарына прекурсорларды заңсыз дайындағаны, өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны және жөнелткені үшін қылмыстық жауапкершілікті, яғни олардың заңсыз айналымы үшін, сондай-ақ олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін жауаптылықты көздейтін түзетулер енгізу ұсынылып отыр. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі де қолданыстан шығып барады. «Трамадол», «тропикамид», «азоттың тотығы», «сомнол», «прегабалин» секілді медицина препараттарын есірткіге тәуелді адамдар синтетикалық есірткінің әсерін күшейту үшін пайдаланады. Салдарынан оларға медициналық емес сұраныс айтарлықтай өсті. Сондықтан жобада осы медициналық препараттар құрамы бар күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы, олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны, сондай-ақ оларды ұрлағаны үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу ұсынылады.Сонымен қатар прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды дайындауға немесе өңдеуге арналған құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымы да қылмыстық жазаға тартылуы керек.

 

Бір басында бірнеше міндеттеме бар

Үкімет пен сала басшыларының атына жолданған депутаттық сауал әдет­тегі­дей көп болды. Мәселен, депутат Магеррам Магеррамов қоғамдық көліктегі жолау­шылардың өмірі мен қауіпсіздігі мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қоғамдық көлік жүргізушілеріне миллиондаған адамның өмірін сеніп тапсырамыз. Алайда бізде уәкілетті тұлғалар өз міндеттерін орындау кезінде қоғамдық көлік жүргізушісінің өмірін сақтау және қауіпсіздігін қорғау жөнінде тиісті шараларды қаперіне алмайды. Ең сорақысы, дәл қазіргі жағдайда автобус жүргізушісін оқшаулау шаралары жоқ. Соған қарамастан жүргізуші бір мезетте бірнеше қызметті қатар атқаруға міндеттеледі. Яғни қоғамдық көлік жүргізушілері автобустарды басқаруға, жол ақысын төлетуге, көлік құралындағы тәртіптің сақталуына және жолаушылардың сан са­уалына жауап беруге міндетті алуға мәжбүр. Қысқасы, қоғамдық көлік жүргізушісі мен жолаушыларды тасымалдаудың қолданыстағы тәртібі мүлдем қауіпсіз емес.

«Amanat» партиясы фракциясының депутаттары отандық өнімді қолдау мәселесіне назар аударды. Солардың бірі – мемлекеттік сатып алуды реттейтін нормативтік-құқықтық актілерде «сүт өнімдері» ұлттық режімнен алып қою тізіміне енгізілмеуі. Салдарынан сүт өнімдерін өндіруші болып табылмайтын, арада делдал ретінде жұмыс жасайтын өнім берушілер мемлекеттік сатып алулардың жеңімпазы атанып жатыр. Басқа елдерден келетін өнімдердің бағасы арзан болғанымен, сапасы отандық сүт өнімдерімен салыстырғанда бірнеше есе төмен. Бұл үдеріс отандық өнімдердің бәсекелестігін төмендетуге және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Өз кезегінде, бұл өнім берушілер көп жағдайда Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше елдерден және өзге мемлекеттерден шығарылатын өнімдерді алып келуі мүмкін. Ал мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларында отандық тауарлардың үлесін арттыру туралы Президенттің тапсырмасы атқарушы билік тарапынан өз деңгейінде орындалмай келеді. Сондай-ақ жосықсыз импорттаушылар тарапынан демпинг фактілеріне тергеу жүргізіп, қажет болған жағдайда шикі сүт пен оның концентратын әкелуге тыйым салу қажет.

 

Тасқынға жол бергендер жауапкершілікке қашан тартылады?

Депутат Абзал Құспан Бас прокурорға жолдаған сауалында су тасқынының алдын алмаған немесе салғырттық танытып, жол берген жоғары лауазымды тұлғалар­ды жауапкершілікке тарту мәселесін көтер­ді. «Бұл жерде мен жергілікті атқару­шы органның, яғни әкімдердің жауапкерші­лігі туралы айтып отырмын. Неге жергілікті атқарушы орган? Өйткені өзен бойындағы су жайылмаларынан жер берген, саяжайларды іс жүзінде тұрғын үйге айналдырған, яғни жарық, газ тартып, азаматтарды тұрақты тіркеуге рұқсат берген, ол Үкімет емес, басқа емес, жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдіктер. Ал келтірілген шығындарды өтеу салмағы әркез мемлекет мойнына артылады», деді ол.

Оның айтуынша, Қылмыстық кодекстің үшінші бабында «аса ірі залал» және «ауыр зардап» деген ұғымдар бар. Биыл су тасқынында мемлекетте, азаматтарда аса ірі көлемде шығынға ұрынды, адамдарымыздан айырылдық.

«Президенттің су тасқынына байланысты нақты тапсырма берді, сондықтан мен бір топ депутат болып аяқтай барып жағдайды зерттеген екі өңір – БҚО және Атырау облысының Құлсары қаласы мысалында, тексеруді Бас прокуратура деңгейінде, кешенді түрде ұйымдастыру қажет деп есептеймін», дейді А.Құспан.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сауал жолдаған депутат Наурыз Сайлаубай шаруалар 80% тозығы келген техника пайдаланып жүргенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, отандық техникалардың бағасы шарықтап тұр. Шетелден ауыр техника алып келетіндерге қойылатын талап көп. Осылайша, бидай мен етін мұхит асырып, шетелге экспорттаймын деген шаруалардың арманы аяқасты етіліп жатыр.

«Өтіл алымдары мен алғашқы тіркеу салықтары да ауыл шаруашылығы техникаларын айналып өткен жоқ. Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпараты бойынша, осы алымдарды айналып өту үшін 413 жүк көлігін заңсыз тіркеген азаматтар мемлекетке 3 млрд 156 млн теңге шығын әкелген. Бұл тек ұсталғандары ғана, ұсталмағандары қаншама. Қар суымен күресуде осы жаңа заманауи техникалардың ауадай қажет екенін де көріп отырмыз. Сондықтан талай жылдан бері екі палата да көтеріп келе жатқан бұл мәселеде бір тоқтам жасап, шаруалар үшін дұрыс шешім шығаратын күн келді», дейді депутат.

 

Саяжай иелерінің өтемақысы әділетті бағалануға тиіс

Қарғын су қара шаңырағын ағызып әкеткен ағайынның арызы көбейіп барады. Депутат Нартай Сәрсенғалиев осылай деп отыр. Жерінің 800 шақырымынан Жайық өзені ағып өтетін Батыс Қазақстан облысын­дағы ағайынның мәселесі күйіп тұр. Аймақта су тасқынынан 1 292 тұрғын үйге зақым кел­ген. Соның 116-сы – Қаратөбе, 243-і – Сырым, 218-і – Бөрлі, 649-ы – Теректі, 43-і – Бәйтерек, 6-уы – Тасқала ауданында, ал 17 үй Орал қала­сын­да орналасқан. Су астында қалған үй­дің сыз тартатыны, қабырғасы көгеріп көпші­лікті күркілдеген жөтелге душар қылаты­ны сараптамасыз-ақ саналы адам түсінетін дүние. Батыс Қазақстан облысындағы тағы бір күрделі ахуал саяжай мәселесіне қатысты болып отыр. «Деркөл, Шаған және Жайық өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан 14 839 саяжай учаскесін су басқан. Оның 14 466-сы – Орал қаласында, 112-сі – Бәйтерек, 245-і – Бөрлі, 16-сы Теректі аудандарында орналасқан. Бұл жақта мыңдаған адам тұрады. Саяжай дегенің қазақ үшін демалыс күндерін өткізетін емес, тұрақты тұратын орынға айналғалы қашан. Соның өтемақысына қатысты түсініспеушілік әлі тоқтамай тұр. Өйткені ағынды судың астында қалған саяжай иесіне қанша ақша беріледі немесе қашан, қай жерден басқа үй ұсынылады? Бұл деректер әзірге орталықтандырылмаған. Ақпарат жұртқа жедел жетуі керек», дейді депутат.

Депутат су астында қалған баспана мен саяжайларды бағалауға тиіс комиссия жұмысын бірізге келтіріп, әрбір аймақтағы комиссияның әр үй бойынша қорытындысы, негіздемесі, фото-бейне дәлелдемелері нақты бір жерге жинақталуға тиістігін жеткізді. Баспанасы қираған саяжай иелерінің өтемақысы әділетті бағаланып, әрбір үйдің, саяжайдың, техника мен төрт түліктің өтемақысы қашан төленетіні әр қорытындының ішіне жүктелу керек. Бұл ақпараттар адамдарға қолжетімді болуы шарт. Сонымен бірге аумақтарға дереу санитарлық-профилактикалық шаралар жүргізіліп, төтенше жағдайдағы үй беру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен өтемақы төлеу тетіктерін қайта қарайтын уақыт келді. Бұл бойынша қолданыстағы төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беруге қатысты қаулы мен жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау туралы уәкілетті министрліктің бұйрығына өзгеріс енгізу маңызды.