Аймақтар • 01 Мамыр, 2024

Құлсарыға кешенді көмек керек

133 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жылыой ауданының орта­лығы Құлсары қаласын тас­қын су басқалы бір айға жуық­тады. Жем өзені арнасынан асып, табиғи сипат­тағы апаттан 2 920 үйді, 200-ге жуық кәсіпкерлік, 15 әкім­шілік, әлеуметтік нысан бүлінді. Тұрғындардың иелі­гіндегі 300-ден аса мал суға кетті. Ең өкініштісі, төрт адам қайтыс болды.

Құлсарыға кешенді көмек керек

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Жылыой ауданының әкімі Жұма­бек Қаражановтың айтуына қара­ғанда, қазір моноқалада тасқын су­дың зардабын жою үш бағытта жүріп жатыр. Бұл – тасқын суды сору, дезинфекция жүргізу, бүлінген инженерлік-коммуникациялық жүйелерді қалпына келтіру.

«Табиғи апат салдарынан Жылы­ой ауданына келтірілген шығын көле­мін нақты айту өте қиын. Себебі тех­ни­калық бағалаушы компания­лар шы­ғынды әлі есептеп жатыр. Тас­қыннан бү­лін­ген үйлердің иеле­рінен құжаттар қабыл­данып жатыр. Тұр­ғын үйлердің кейбірінің құ­жаты бар. Иелері тұрғын үйдің кейбі­рін тірке­тіп үлгермеген. Мұндай жағдай­да өтінімді тұрғындардың жеке төл­құжа­тымен қабылдау ұйғарылды», дейді Ж.Қаражанов.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, Құлсары қала­сындағы су басқан аумақты тазартуды мамырға дейін аяқтау жоспарланған еді. Осы кезге дейін Құлсары қаласында 1 821 үйде суды құрғату жұмысы жүргі­зілді. Оған 200-ден аса адам, 69 техника тартылғанымен, бұл жұмыстың баяу жүріп жатқаны белгілі.

Мұнда су басқан тұрғын үйлерге тех­никалық бағалау жүргізу ісі қар­қын алмай тұр. Өйткені бағалаушы компа­нияның атқарушы директоры Алмат Байдаулетовтің айтуынша, су кірген үйді бағалау өте қиын. Мұндай үйде тас­қынның зардабын толық анықтау мүмкін емес. Осындай себептен әзірге 595 үйге техникалық зерделеу жүргізілді.

«Бізге жергілікті атқарушы органдар бағалау жүргізілетін үйлер мен нысан­дардың тізімін береді. Содан соң үй иесі, полиция қызметкері және бағалаушы компанияның өкілдері бірлесіп, үйге бағалау жұмыстарын жүргіземіз. Нысан суретке түсіріледі. Үй техникалық пас­порт арқылы тексеріледі. Үйдің құжаты болмаған жағдайда оның аумағы қайта сызылады. Техникалық бағалау жүргізген компания үйге жөндеу жүргізуге болатыны, не жаңадан салу қажеттігі туралы ұйғарым шығарады. Осыдан кейін үйді жөндеу, қалпына келтіру немесе қайтадан салуға байланысты қаржы көлемін шыға­ра­мыз», деді А.Байдаулетов.

Аудан әкімінің мәліметіне сүйен­сек, тасқын су қаупіне байланысты эва­куацияланған Құлсары қаласы тұр­ғын­дарының 12 мыңнан астамы үйіне оралды. Олардың арасында тұрғын үйін су баспаған, бірақ эвакуацияға байланысты қаладан кетіп қалған азаматтар да бар. Алайда тұрғындардың кейбірі туыс­тары­ның үйін паналауға мәжбүр болып отыр. Тіпті әлі де эвакуациялық пункт­терде, жалдамалы пәтерлерде уақыт­ша қоныстанған тұрғындар бар. Мәселен, Маңғыстау облысындағы эва­куа­циялық пункттердегі құлса­ры­лық тұр­ғын­дардың саны – 1 800 адам. «Теңіз» қалашығындағы жатақ­ханаларда 600-ге жуық тұр­ғын қалып отыр. Ал Құлсары қаласындағы эва­­куа­­циялық пунктте 170 адам тұрып жатыр.

Шындығын айтқанда, дәл қазір Құл­сары қаласындағы ахуал әлі де күр­делі күйін­де қалып отыр. Мұны әр сала­ның ма­­мандары жоққа шығар­май­ды. Мәсе­­лен, Атырау облыстық са­ни­тария­­лық-эпиде­мио­логиялық ба­қылау депар­­та­мен­тінің бөлім басшысы Айгүл Са­быр­­қызының пікірінше, су көп тұрып қалған аумақта түрлі инфекция таралып, жұқпалы ауру жұқтыру қаупі бар.

«Құлсары қаласында су басқан ны­сан­­­дарды дезинфекциялау жұ­мы­сы жү­ріп жатыр. Осыған байланысты тұр­ғын­дардан дезинфекция­лау жүргізіл­меген үйге кірмеуді, өз­де­рі тазалау жұ­мы­сын жүргізбеуді ескер­теміз. Тұрғын үйді құрғату, де­зин­фекциялау үшін арнайы маман­дарға жүгіну керек», дейді А.Сабыр­қызы.

Құлсарыны қалпына келтіру мәселе­сіне Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов та алаңдау­шылық білдіріп отыр. Оның пайымынша, Құлсары қаласындағы жағдайға Үкімет тарапынан назар аударылып, нақты қадам жасалуы қажет. Сол себептен депутат Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады.

«Жылыой ауданы – жалпы қоры 2,5 млрд тоннаны құрайтын 40-тан аса мұнай кен орны бар еліміздегі ең ірі стратегиялық маңызы зор өңір. Ұлт­тық қор да, республикалық бюджет те Жылыойдан өндірілген мұнайдың табысынан құралатыны белгілі. Ел экономикасы үшін донор болып отырған Жылы­ой ауданының су тасқынынан айтар­лықтай зардап шегіп, тұрғын­дарының босып жүруі – елдігімізге, Үкіметтің жұмысына үлкен сын», дейді Ә.Жұбанов.

Оның айтуынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тасқын су басқан тұрғын үйді қалпына келтіруге байланыс­ты алгоритмі тұрғындар үшін тиімсіз болып отыр. Неге? Өйткені министрлік жарамсыз деп танылған баспананың орнына екі жоба ұсынды. Біріншісі – 22 млн теңгеге типтік жобамен жаңа үй салу. Екіншісі – мемлекеттік тұрғын үй қорынан жаңа баспана беру.

«Құлсары – мұнайшылар қаласы. Жергілікті тұрғындар «Теңіз» кен орнында жылдар бойы еңбек етіп, тапқан табысына салынған үйлердің құнын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекітіп отырған 22 млн теңгемен салыстыруға келмейді. Құлсары қаласындағы бейіттерді, мал сою цехтарын, мұнай қалдықтары мен шламдарды, қоқыстарды шайған тасқын судың ортасында 2 810 баспана тұр. Бұл жердегі эпидемиологиялық ахуал күрделі, жұқпалы аурулардың таралу қаупі жоғары», деп дабыл қақты Мәжіліс депутаты.

Тасқын су басқан Құлсарыдағы ахуал­мен танысқан, тұрғындардың талап-тілегін, өтінішін тыңдаған Мәжіліс депутаты Әділ Жұбановтың Үкіметке айтар бір­неше ұсынысы бар. Бұл табиғи апаттан зардап шеккен құлсарылықтардың мәсе­лесін оңтайлы шешуге ықпалы етуге тиіс.

«Біріншіден, тұрғын үйі жарамсыз тұрғындарға өтемақы аймақтағы тұрғын үйдің шаршы метрінің ағым­дағы құнына сай берілуі қажет. Аты­рау облысында жаңа тұрғын үйдің нарықтағы бағасы – 1 шаршы метр үшін 350 000 – 400 000 теңге. Өйткені өңірде құрылыс материал­дары қымбат. Мәселен, Атырау облысында бетонның бір текше метрі – 50 мың, Алматы қаласында – 16 мың, Ақтөбеде 28 мың теңге тұрады. Алматыда 2 700 теңге тұратын ПГС материалын Ақтөбеде 4 мың, Атырауда 8 500 теңгеге аласың. Күйдірілген кірпіш­тің бағасы Алматы қаласында – 36, Ақтөбеде – 120, Атырауда 160 теңге тұрады. Атырауда басқа да құрылыс мате­риалдары өзге өңірлермен са­лыс­­­тырғанда, орташа есеппен 50-70 пайыз­ға қымбат.

Екіншіден, су тасқынынан зардап шеккен, бірақ тұруға жарамды, жөндеуге келетін үйлердің бір шаршы метріне 100 мың теңгеден өтемақы төленуі қажет.

Үшіншіден, зардап шеккен отба­сыларға берілетін біржолғы әлеу­меттік өтемақыны 100 айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде емес, отб­а­сының әр мүшесіне 50 ай­лық есептік көрсеткіш көлемінде тағайын­дау керек.

Төртіншіден, қаза тапқандардың туыс­тарына 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы жәр­­демақы белгіленуі керек. Су тасқы­­ны­нан Құлсары қаласында 4 адам қайтыс болып, 4 отбасы асырау­шысы­нан айырылып отыр.

Бесіншіден, су тасқынынан зардап шек­кен Құлсары қаласын қайта реконструк­циялап, жаңа «Эко құлсары» салу жоба­­сын қарастыру қажет. Шын мәнінде, біз Аты­рау қаласын емес, Құлсарыны «мұнай­лы астана» деуіміз керек. Мұндағы 70 мың­ға жуық тұрғынның тыныс-тіршілігі тікелей мұнай өндірісімен байланысты. Бірақ Жылыой ауданының орталығы Құлса­ры қаласының архитектуралық келбе­ті, көгалдандыру және абаттандыру жұмыс­тары төмен, мұнда апатты және тозығы жеткен тұрғын үй көп», дейді Ә.Жұбанов.

Мәжіліс депутаты орынды мәселе көтерді. Енді депутаттың ұсыныстары Үкімет тарапынан қолдау таба ма? Әлде Құлсары қаласы «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала бере ме?

 

Атырау облысы