Саясат • 27 Сәуір, 2024

Шекаралас өңірлер байланысы тереңдей түспек

78 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Үрім­жіге барып, Қытай Халық Республикасының Шың­жаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Қытай коммунис­тік партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті.

Шекаралас өңірлер байланысы тереңдей түспек

Тараптар екіжақты, соның ішінде өңіраралық ынтымақтас­тықтың жай-күйі мен келешегін талқылады.

– Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында болды. Одан кейін Сіз Қазақстанға жұмыс сапарымен келдіңіз. Бұл оқиғалар Шыңжаң мен Қазақстанның шығыс облыстары арасындағы өңір­аралық байланыстарға тың серпін берді. 1783 шақырымға созылған ортақ шекарамыз бар. Оған қоса, осы Шыңжаң аумағында біздің 1,6 миллионнан астам қандасымыз, қазақ бауырымыз тұрады. Олар Қазақстан мен Қытай арасындағы «алтын көпірге» айналды, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы Шыңжаң Қазақстан үшін достас Қытайға жол ашатынын және бұл оның екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақ­ты стратегиялық әріптестікті нығай­тудағы рөлін көрсететінін атап өтті.

Жиын барысында Мәжіліс төрағасы екі елдің депутаттары өзара келісімдер мен уағдалас­тық­тардың орындалу сапасын жүйелі түрде бақылай алатынын атап өтті. Басқосуда сауда-экономикалық сала­дағы ынтымақтастық мәселе­лері де қозғалды.

– Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының жартысынан астамы Шыңжаң-Ұйғыр авто­но­­миялық ауданына тиесілі. Өсу қар­қыны көңіл қуантады. Бұған был­тыр қараша айында енгі­зіл­ген визасыз режім оң әсер еткені сөзсіз. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масы­мен Үрімжі қаласында «QazTrade» сауда өкілдігі ашыла­ды. Оның қызметі екі ел арасында іс­керлік байланыстарды нығайтуға бағытталады, – деді Ерлан Қошанов.

Тараптар Қазақстан аумағында электронды сауданы дамыту үшін бірлескен өңірлік қойма инфрақұрылымын құру идеясын да талқылады. Сондай-ақ көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, трансшекаралық су ресурстары және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде Ма Синьжуй Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына жасаған сапарының маңыздылығына тоқталды. Бүгінгі таңда Шыңжаң­ның Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған тарихи деңгейге жетті. Ол Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасын жүзеге асырудағы негізгі стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Жақын арада «Аягөз-Тачэн» үшінші теміржол шекара өткелінің құрылысы басталады. Ол Шыңжаңның Қазақстанның шекаралас облыстарымен байланысын одан әрі кеңейтіп, Қытайдың Орталық Азияға алтын қақпасы ретіндегі рөлін нығайтады.

– Қазақстан реформаларды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Біз сіздер үшін қуаныштымыз. Прези­дент Тоқаев бастаған рефор­ма­лар өз жемісін береді деп се­неміз. 2029 жылға қарай Қазақ­стан экономикасының өсуі қарапа­йым азаматтардың өміріне екі есе оң әсер етері сөзсіз. Бұл жерде Қытай мен Қазақстанның әлеуеті байланысты және бір-бірін толық­тыра­тыны маңызды. Біздің энергетика, ауылшаруашылығы, гумани­тарлық салада болашағымыз зор, – деді Ма Синьжуй.

Сапар барысында Мәжіліс делегациясы Қытайдағы ең ірі ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші «Xinjiang Xinyan» компаниясының қызметімен танысты.