Пікір • 26 Сәуір, 2024

Қуатты экономика қағидасы

101 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық қуат пен ұлттық күштің астарында тығыз байланыс бар. Қуатты және аса қуатты елдер өз күшіне сеніп, әлсіз елдерге қарсы әскери, экономикалық және ақпараттық ықпал жасайды. Қуатты мемлекеттердің тағы бір синонимі – держава. Державаларда келесі ұрпақ алдында аса жауапты, алға қойған мақсаттарға қол жеткізу, осы жолда мойнына алған міндеттерді тиянақты орындау қабілеті болады. Басқаша айтқанда, әлемде держава мәртебесін иеленген мемлекеттерде басқа елдердің қолынан іс-қимылдарды жасау қабілеті бар.

Қуатты экономика қағидасы

Бір мемлекет екінші мемлекетке ықпал еткенде оның аса қажетті ресурс­тарын басқаруға ұмтылады. Сондықтан басқа елдерге әсер ету немесе басқару дегеніміз сол елдердің ресурстарын басқару, иелену дегенді аңғартады. Бұл ресурстарға халық, аумақ, табиғи ресурс, экономика, қарулы күштер, ақпараттық кеңістік пен ақпараттық қауіпсіздік, сая­си тұрақтылық, тағы басқалар енеді. Демек шетелдік инвесторларға (резидент емес) стратегиялық ресурстарды жаппай беруден гөрі, оларды отандық инвесторларға (резидент) беріп, одан әрі оларды өзге елдердің ресурстарын иелену, басқару мақсатында жұмылдырған орынды. Сол себепті, тәуелсіздік алғалы бері экономикалық өсудің қайнар көзі ретінде саналып келген шетелдік инвестиция тұжырымын қайта пысықтаған абзал.

Ұлттық қуат элементі қатарына география, табиғи ресурс, өндіріс әлеуеті,  Қарулы күштер, жергілікті халық, ұлттың мінез-құлқы, ұлттың рухы, мемлекетті сапалы басқаруды қоссақ болады. Мемлекеттер өз мәртебесін көтеру үшін тыным таппай, үздіксіз даму жолына түсіп, құрлықта да, суда да, әуеде де (ғарышта да) бәсеке күшейді. Ұлттық күш неғұрлым жоғары болса, мемлекет те алға қойған стратегиялық мақсатына соғұрлым оңай жетеді. Ұлттық күш тек Қарулы күшпен шектелмейді. Ол әскери емес компоненттерге де байланысты. Олардың бірі – экономикалық, дипломатиялық күштер.

Халықаралық байланыстарда ғылыми әлеуетті кеңінен пайдалану – өркениетті елдерге тән үрдіс. Елдің стратегиялық мақсаттарға жетуіне, ең алдымен, ол аса қажетті ресурстармен толыққанды қамтамасыз етілуі керек. Кез келген Президенттің немесе Премьер-министрдің конституциялық міндетіне ең алдымен өз ұлтының қуатын дамыту жататыны белгілі. Сондай-ақ дамыту нысандарына елдің аумағы мен мемлекеттік тіл, азаматтардың тұрмысы, мүдделері, өмір сапасы мен дәстүрлері енеді.

Сайып келгенде, еліміздің ұлттық қуатын айқындайтын басты үш өлшем:

1) Еліміздің халықаралық байланысқа үлес қосу қабілеті;

2) Дағдарысты ахуал мен күрделі халықаралық жағдай туғанда еліміздің  өмір сүру қабілеті;

3) Еліміздің қолда бар күш-қуат пен ресурстарын пайдалана отырып, ұлттық мүдделерді басқа елдерде жүргізу қабілеті.

Кез келген мемлекеттің қаржы ресурстары ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) абсолюттік көлеміне байланысты. Неғұрлым ІЖӨ көп болса, соғұрлым мемлекеттік бюджеттің ауқымы мол болады. ІЖӨ мен қаржы ресурсын үнемі жоғары деңгейде ұстап тұру үшін елімізге ұзақмерзімді экономикалық өсу ауадай қажет. Ұлттық қуат аясында экономикалық күштің басты өлшемі елдің алтын-валюта резервтерінің көлемі болып есептеледі.

Төлем теңдігі (баланс) шеңберінде қызмет көрсету мен табыстар сальдосы бойынша елімізде профицит болмай, тапшылық болып келді. Яғни қызмет көрсету түрлері аясында сырттан бізге кірген валюталар елімізден сыртқа кеткен валюталардан өте аз. Сол себепті, қызмет көрсету секторында экспортқа бағытталған барлық жобаны кешенді қолдау қажет.

Қорытындылай келгенде, ұлттық қуаттың экономикалық әлеуетін нығайту үшін төлем теңдігі (баланс) шеңберінде барлық тапшылықты азайтуға бағытталған жауапты экономикалық саясатты әзірлеп, келесі ұрпаққа қуатты экономиканы қалдыруымыз қажет.