Медицина • 20 Сәуір, 2024

Медицина қызметкерлері толтыруға міндетті құжаттама тізбесі бекітіледі

75 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

19 сәуір күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы Заң арқылы көптен қоғамда кеңінен талқыланып келген бірқатар мәселе шешімін таппақ. Заңдағы өзгерістерге қатысты сенатор Бибігүл Жексенбай ойын ортаға салып, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп жазады Egemen.kz.

Медицина қызметкерлері толтыруға міндетті құжаттама тізбесі бекітіледі

Фото: imghub.ru

Бибігүл Жексенбай Заңда шегуге келмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу қарастырылған (Бұл норма ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). Сонымен бірге, жастар арасында құрамында никотині бар заттардың таралуының алдын алу және оған қарсы күресу үшін жүйелі шаралар қабылдауға Заң мүмкіндіктер береді. Бұл заң арқылы өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау бағытында мемлекеттік кешенді қадам жасалып отырғанын айтты.

«Өздеріңіз білетіндей, кешегі пандемия кезінде ақ халатты абзал жандар өз өмірлерін қатерге тіге әр науқастың жаны үшін күреске шықты. Медицина мамандарының қоғамдағы маңыздылығы күн сайын артып келеді. Алайда, сайлаушылармен кездесу барысында дәл осы медицина мамандарының тарапынан құқықтық-қаржылық мәселелер жиі көтеріледі. Оның бірсыпырасын өзім де депутаттық сауал түрінде Үкіметке жолдаған да едім.

Мемлекет басшысы қол қойған Заң медицина қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау жүйесін енгізуге және олардың жауапкершілігін арттырады.

Заң арқылы медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі енгізілді (Заң ресми жарияланғаннан кейін 6 ай өткен соң қолданысқа енеді).

Сонымен қатар медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған түзетулер қабылданды.

Атап айтқанда:

тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан балалары үшін басым тәртіппен орын алу, кәсіби қызметіне заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғау, мамандығына құрметпен қарау, медициналық мамандығы бойынша әскери қызметін өткеру немесе әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру құқықтары берілді;

«Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы – мемлекеттік наградасы белгіленді.

Жасыратыны жоқ, дәрігерлер науқас жанның жағдайынан бұрын компьютерге телміріп немесе қағазға шұқшиып толассыз есеп жазудан бас көтермейтін болған еді. Дәоігерлерді жаңа заң қағазбастылықтан бірсыпыра арылтатын болды.

басы артық есеп немесе ақпарат беруден босату үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бұдан былай медицина қызметкерлері толтыруға міндетті құжаттама тізбесін бекітеді.

Ауыл-аудандарда халықты тұрақтандырудағы негізгі фактордың бірі - сапалы мғдициналық қызмет. Алайда, жергілікті жерлерде жекелеген медициналық мамандардың тапшылығынан дер кезінде дұрыс диагноз қойылмай немесе үлкен қалаларға азаматтардың сабылатыны белгілі. Ал, ондай мамандық иелерін өңірлерге тартуға мемлекеттік қолдау жеткіліксіз болатын.

Сондықтан арнайы заң шеңберінде, аса тапшы мамандықты меңгерген медицина қызметкерлері ауылдық жерге кемінде 5 жыл жұмыс істеуге келген жағдайда, оған ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде бірреттік ақшалай төлем беріледі», деп жазды сенатор.