Медицина • 11 Сәуір, 2024

Жүкті әйелді аневризмадан құтқарды

35 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласының 24 жастағы тұрғынын осы жылдың ақпан айынан бастап бас ауруы мазалай бастаған. Бір айдан кейін тіпті көру қабілеті нашарлап, оң қабағының төмен түскенін байқайды. Сөйтіп, ол медициналық көмек алуға офтальмолог пен неврологке жүгінген.

Жүкті әйелді аневризмадан құтқарды

Бас ауруы күшейе бастаған соң, оған миды МРТ өткізу ұсынылған. МРТ-да ми­дың оң жағындағы артқы артериясының үл­кен аневризмасы анықталды. Мұның кө­лемі ұлғайғандықтан, жанындағы жүйке құры­лымдарын қысып, кез келген уақытта жарылып кету қаупін тудырады. Бұл жағдайдың күрделілігі, жүктіліктің 20-аптасында нейро­хирургиялық операция жасау жөнінде шұғыл шешім қабылдау қажет болды.

Сөйтіп, Алматы және Астана қалалары нейрохирургтерінің бірлескен талқылауынан кейін санитарлық авиация желісі бойынша пациент одан әрі жедел емдеуге Ұлттық нейрохирургия орталығына жеткізілді. Ұлттық нейрохирургия орталығына жатқызған кезде науқасты Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының анестезиологтері мен акушер-гинекологтері де тексеруге дайын болды. Хирургиялық араласу мен аталған аурудың қауіптілігіне қарамастан операция жасау және жүктілікті сақтап қалу туралы шешім қабылданды.

Қуаныштысы, операция сәтті өтті. Кез келген сәтте жарылуы мүмкін «бомба» залал­сыздандырылды. Нейрохирургтер жүр­гізілген жұмыстың нәтижесі ойдағы­дай екенін айтты. Науқасты емдеуге анес­тезиолог-реаниматологтер мен акушер-гинекологтер де белсенді қатысты.

Операциядан кейін науқасқа қосымша зерттеулер жүргізген акушер-гинекологтер қайта қарап, тексеруден өткізді. Жатырдағы шарана мен жүктілік барысында ешқандай патология анықталған жоқ. Қазір болашақ ананың денсаулығы жақсы және үйге шығуға дайындалып жатыр.

Ми тамырларының аневризмасына операция жасау – мамандардың жоғары білік­тілігін талап ететін, заманауи медицина­лық жаб­дықты қажет ететін ең күрделі хирур­гия­лық араласулардың бірі. Операцияны Тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ербол Махамбетов пен нейрохирург дәрігер Нұртай Нұрақай жүргізді.

Бұл операция тегін, яғни МӘМС аясында кво­та арқылы жасалды. Айта кетейік, мұн­дай операция құны шетелдік азаматтарға  ақы­­­лы негізде шамамен 5 млн теңге болар еді.

Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері мұндай күрделі жағдай кезінде ана мен бала өмірін таңдауға мәжбүрлейтін мәселе туындамайтынын атап өтті. Өйткені нейрохирургия мен анестезиологиядағы жетістіктер ана мен баланың екеуінің де өмірін сақтауға мүмкіндік береді.