Халық • 11 Сәуір, 2024

Жүйелі дайындық қажет

54 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстандағы қарғын судың қаупі алаңдатып тұр. Бұл ретте Петропавл қаласы мен кенттеріндегі бөгеттерді нығайту жұмыстары маңызды. Қазір Тепличная, Тері зауыты, Подгора кенттеріндегі бөгеттердің ұзындығы мен биіктігін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жүйелі дайындық қажет

Бүгінде Сергеев су қоймасын­дағы су көлемі жобадағыдан 182 пайызға асқан. Бөгеттен ас­қан судың биіктігі 425 см дең­гейіне жетіп, әзірге тоқтап тұр. «Қазгидрометтің» хабарлауынша, Сергеев суқой­ма­сын­да­ғы Есілдің суы Петро­павл­ға 12–14 сәуір аралы­ғында жетіп, 20 сәуірге дейін қауіп төндіреді. Ал Есіл ауданындағы тасқынның әлегі 14 сәуірге дейін созылады. Ал Қызылжар ауданындағы тасқын сәуірдің 20-сына дейін болады деп күтіліп отыр. Күн қызуымен күрт еріген даладағы қар өзендерге құйылатын су көлемін 2 400 текше метрден 3 600 текше метрге дейін арттыруы мүмкін.

Премьер-министрдің тапсырмасымен аймақтық «Орталық» командованиесінен жеткен 300 әскери мен Ұлттық ұлан академия­сынан көмекке келген 400 курсант құм мен топырақ толтырылған қаптармен бөгеттерді нығайтып жатыр. Жастардың жалынды жіге­рі қосылғаннан бері бұл жұ­мыс­тар күрт жанданып жүре берді. Ал «Amanat» партиясынан сайланған облыстық мәслихат депутаттары оларға ыстық шай, ас-суын апарып беріп, қолдау көрсетіп жүр. «Біз ауыр жұмыс істеп, қап арқалап жүрген жандарды бір мезгіл тынықтырып, көңілін демеу үшін келдік», деді депутаттардың бірі Юлия Пронина.

Бұған қоса қазіргі таңда су тасқынына қарсы іс-шараларға әкімдіктің, ТЖ, ПД-ның 1 432 қыз­мет­кері және 1 200 ерікті қаты­сып жатыр. Барлығын қос­қан­да 3 мыңнан аса адам тас­қын­ға қарсы күреске жұмыл­ды­рылған. Жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Заречный кенті – Есіл тасыған сайын су астында қалатын мекен. Биылғы су ондағы тұрғындарға айрықша қатер төндіріп тұр. Сондықтан қаланың әкімі Серік Мұхамадиев оларды және саяжайда тұра­тын­дар­ды эвакуациялануға шақырып, тыным таппай үндеу таратып жүр. Мұндағы 236 ауланың 132-сі қатері күшті жерге орналасқан. Бұл жерлерде 240 адам тұрады. Алайда жұрттың бәрі эвакуацияның қажетті екенін ұға қоймайды. Мал-дүниесін иесіз тастап кетуден қорқады. Жасыратыны жоқ, бұл төңіректе үйі-күйі жоқ қаңғыбастар да көп жүреді. Толып жатқан саяжайлар да осы маңда. Сондықтан үй иелерінің қорқуына негіз бар. Облыстық ПД бастығы А.Қабдұлдинов арнайы үндеу жариялап, халықтың дүние-мүлкінің сақ­талатынын, полицияның күн­діз-түні кезекшілікте болатынын ескертті. Тек осы сөзден кейін ғана бірнеше отбасы көшу­ге бет алды. Эвакуациялық пункт қаланың № 13 мектебінде орналасқан. Су қайтқанша он шақты күн тұруға барлық жағдай бар. Петропавлда қарсы алатын туыстары мен таныс­тары жоқтар сонда ағылып жатыр.

Тасқынмен күреске жұмыс күші мен техникаларын жұмыл­ды­рып, құтқарушылар мен волон­тер­лерді ыстық аспен қамтамасыз еткен кәсіпкерлердің де үлесі зор. Мәселен, Амандық аулын судан құтқарып, сол жердегі автомобиль жолын тесіп, суға өткел жасаған «Тайынша Майы» ЖШС, «Бесқарағай» ЖШС, «Ильичевка Астық» және «Архмонтажс ЖШС кәсіпкерлері көп көмегін тигізді.

Қаладағы қарғын су жиі басатын ауданның бірі – Подгора. Аты айтып тұрғандай, бұл – қаланың ойын­да орналасқан аудан. Қазақшасы – Ойқала. Мұнда су жиналатын ұзындығы 4 шақырымдық дамба бар. Қазір соны көмекке келген сарбаздардың арасынан жүз шақты адам нықтап жатыр. Оларға жергілікті тұр­ғын­дар арасынан еріктілер көмек қолын созды.

Тасқынның қатерінен арылмай жатып кейбіреулер өтемақы сұрап даурығып жатыр. Осыған орай об­лыстық прокуратура зардап шек­кендер бір айдың ішінде арыз бер­уі керектігін ескертті. «Зардап шеккендер ТЖ күнінен бастап 30 күн­тізбелік уақыт ішінде жергілікті ат­қару органдарына шығынын айтып, арыз-шағым беруі керек», деді оларға облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар.

Облыс аумағындағы қарғын суға алғаш болып тап болған Уәлиханов, Ақжар, Тайынша аудан­дарында жағдай қазір бір­шама тұрақтанды. Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғужиновтің айтуына қарағанда, 40 үй судың астында қалған. «Қазір олардың кейбірі аздап құрғады. 13 үйдің тұрғындары үйіне оралды. Бүгінде облыста тасқын қатері жоғары Шал ақын, Есіл және Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласының шеткергі аймақтары қалды», деді ол.

Қазір Сергеев пен Петропавл арасындағы Покровка, Новони­коль­ск және т.б ауылдардағы тас­қын судың көлемі жоғарылап тұр. Шеткі үйлерге су кіріп жатыр. Об­лыстағы үлкен көлдердің бірі Тораңғұлдың да суы арнасынан асып, Корневка селосының шеткі үйлеріне су кіріпті. Негізгі қатер Петропавлдың түбіндегі Есілдің суы таситын 12 сәуірде болуы ық­ти­мал.

 

Солтүстік Қазақстан облысы