Аймақтар • 09 Сәуір, 2024

Қатер сейіліп келеді

28 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар облысындағы ахуал тұрақталып қалды. Су тас­қыны басталғалы 38 жеке үй су астында қалып қойған. Қазір қауіптің беті қайтып, баспаналарына зақым келген тұрғындардың материалдық шығынын арнайы комиссия анықтап жатыр.

Қатер сейіліп келеді

Қазірдің өзінде бюджеттен тыс қаражат есебінен 71 отбасына келтірілген залал өтелді. Өткен аптада Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режімі жарияланған еді. Аталған елді мекенде 14 үй топан судың астында қалды. Ауылдың ойпаң жерінде орналасқан және су басу қаупі жоғары үйлерді су басу мәселесін шешу үшін өңірлік жедел штабпен сыйымдылығы 200 мың текше метр болатын 3 қазаншұңқыр қазу туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде, ауылды су басу мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік туып, қауіптің беті біржола қайтты.

Бұған қоса сәуір айының басында Ертіс ауданы Ұзынсу ауылына тасқын қаупі төнуіне байланысты республикалық маңызы бар «Атамекен – Ертіс – Русская поляна» автожолының 207 шақырымы бұзылды. Еріген қар суы сол арқылы ағызып жіберілді. Жексенбі күні аталған жол бөлігі қайтадан қалпына келтіріліп, көліктер қайта жүре бастады.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, қазіргі сәтте Ақтоғай, Шарбақты, Тереңкөл аудандары бойынша 3 учаске бақылауда тұр.

«Су тасқынына қарсы жұмыстар – аяқталу сатысында. Ақтоғай ауданындағы 2 тұрғын үй су астында қалып отыр. Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 59 адам, 28 бірлік техника, 12 мотопомпа жұмылдырылды. Өткен тәулікте 90 мың текше метрден аса еріген су сорылып, 744 тонна инертті материал төгілді», деп мәлімдеді департаменттен.

Өңірдегі жағдай тұрақталуына байланысты павлодарлық құтқарушылар көршілес Солтүстік Қазақстан облысына көмекке аттанды. Барлығы 53 адам, қажетті құтқару жабдықтары мен жүзу құралдары бар 10 техника шықты.

 

Павлодар облысы