Халық • 05 Сәуір, 2024

Елжанды еріктілер

76 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодарлық еріктілер су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға көмек көрсетіп жатыр. Еліміздің «Қызыл Жарты Ай» қоғамының жергілікті өкілдері бүгінге дейін ауыл халқына бір тоннадан аса гуманитарлық көмек жеткізген. Еріктілер қиын жағдайда қалған тұрғындарды жылытқыш құралдармен, жылы киім, етікпен, көрпе-төсекпен қамтамасыз етіп жатыр.

Елжанды еріктілер

«Қызыл Жарты Ай» қоғамының Павлодар өңірлік филиалының директоры Гүлнар Исақанова еріктілер наурыз айының соңынан бері қарғын судан зардап шеккен ауылдарды аралап, көмек көрсетіп жатқанын айтты.

«Бұған дейін біздің волонтерлер Успен, Ақтоғай, Ертіс аудандарындағы су басқан ауылдарға барды. Біз Успен аулы мен Ақтоғайдың Жалаулы аулындағы топан су ортасында қалған үйлерді аралап, қарғын судан келген зиянды өз тарапымыздан бағаладық. Адамдарға жылы көрпелер мен жылытқыштар, етіктер, жылы киімдер тараттық. Жалаулы аулын­да 14 үйді су басқан екен. Ондағы 3–4 үй бос тұр, отбасы мүшелері өзге жерге орналасқан. Қалғандарына гуманитарлық көмек көрсеттік. Тұрғындарға жылы күртешелер, етіктер, жылытқыштар бердік. Жалпы салмағы 200 кг болатын гуманитарлық көмек көрсетілді. Бұған қоса кеше Ертіс пен Аққулы аудандарының әрқайсысына 300–400 кг гуманитарлық көмек жөнелтілді», деп хабарлады фи­лиал жетекшісі.

Қоғам өкілдері жақын күндері өз серіктестерінен тағы 5 тоннадай көмек келетінін, олардың денін киім-кешектер құрайтынын айтады. Бұл көмекті Тереңкөл, Успен, Железин, Май аудандарына жіберу жоспарда тұр. Г.Исақанованың сөзінше, су басқан ауылдарға волонтерлердің тұрақты көмегінің қажеті жоқ. Сондықтан олар тұрғындардың күнделікті өміріне қажетті заттар мен бұйымдарды жеткізіп беріп тұр. Бүгінде Павлодар облысы бойынша «Қызыл Жарты Ай» қоғамының 10 өкілі жұмыс істеп жатыр.

Бұған қоса Павлодардағы Жастар бастамаларын дамыту орталығында су тасқынынан зардап шеккендер үшін гуманитарлық көмек жинау пункті ашылды. Ал Екібастұздағы «Vita» еріктілері де  гуманитарлық акцияны бастап кетті.

 

Павлодар облысы