Инвестиция • 05 Сәуір, 2024

Шетелдік инвестиция ауқымын қалай арттырамыз?

54 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізге 50 млн доллардан аса инвестиция салуға ниетті инвесторларға ерекше жауапкершілікпен қарауды, оларға қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Есепшотына 50 миллионын салып, қазақ жеріне кімдер аяқ басқалы отыр? Оларға «бір терезе» қағидаты негізінде қандай қызмет көрсетілуі мүмкін? Бізге инвестордан не керегі түсінікті, инвестор бізден не талап етеді? Мемлекет пен квазисектор қандай мәміле ұсынбақшы?

Шетелдік инвестиция ауқымын қалай арттырамыз?

Инвесторлар қандай жеңілдікке ие болады?

Сыртқы істер министрлігінің (СІМ) бізге берген дерегіне сәйкес бүгінде құны 50 млн доллардан асатын (жалпы құны 26 млрд доллар болатын), шамамен 103 инвестициялық жобаны іске асыруға мониторинг жүргізіліп жатыр. Олардың қатарына АҚШ, Қытай, Ресей, Нидерланд, Швейцария, Германия, Франция, Италия, Түркия, БАӘ, Қатар елдерінің «Stadler Rail AG», «GE Healthcare», «PepsiCo», «Rhenus Logistics», «Knauf», «CITIC Group», «Exeed», «Geely», «ЭКО-Культура» сияқты танымал компаниялары кіреді.

«Бірлесе пысықталып жатқан инвес­ти­циялық жобалар агроөнеркәсіп кешені, химия өнеркәсібі, тау-кен металлур­гия кешені, машина жасау, жаңғырмалы энер­гия көзі, көлік және инфрақұрылым, құры­лыс материалдары, туризм және ден­с­аулық сақтау салаларын қамтиды. Эко­номиканың басым бағыттары бойынша 50 млн доллардан асатын инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда инвесторлармен арнайы келісімге қол қойылып, мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіледі», деп мәлімдеді министрлік.

Оларға мына жеңілдіктер ұсынылады:

  • Заттай гранттар;
  • Технологиялық жабдықтарды, жинақтаушы және қосалқы бөл­шектерді импорттау кезінде ке­ден­дік баждан;
  • 10 жылға корпоративтік табыс салығы мен жер салығынан;
  • 8 жылға мүлік салығынан;
  • 5 жылға дейін импортқа қосылған құн салығынан босату;
  • 25 жылға дейін заңнаманың тұ­рақтылығы қамтамасыз етіледі

СІМ базасында «бір терезе» шеңберінде инвесторларға сервистік қолдау көрсетіледі.

«Ол консультациялық қолдауға, заңдық сүйемелдеуге, инвесторларға инвестициялық преференция алуға өтінім дайындау, инвестициялық келісімшарт жасасу кезінде жәрдемдесуге бағытталған. Инвесторлардың сұра­ныстары мен шағымдарына уақтылы, жедел ден қоюды қамтамасыз ету мақсатында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ базасында инвесторлар үшін 620-620 нөмірі бойынша үш тілде бірыңғай Call-center жұмыс істейді», делінеді жауапта.

Қазірге дейін инвесторлардың проблемалық мәселесін шешуге салалық сала «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-мен бірлесіп: 

  • 2 067 ауызша және жазбаша өтінішті қарады; 
  • Call-center арқылы 1 338 қоңырау өңделді және инвестициялық қызметтің түрлі мәселесі бойынша, оның ішінде түнгі уақытта, демалыс және мереке күндері көптеген консультация ұсынылды; 
  • 2023 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) сараптамалық орталығының инфрақұрылымы базасында инвесторлардың 56 сұранысы қаралды; 
  • Әлеуетті және әрекет етуші инвесторлар 74 жазбаша және ауызша консультация алды;
  • Инвестициялық преференцияға қатысты 189 өтініш, шетелдік және жергілікті инвесторлардан инвестициялық келісімшарт жасасу бойынша өтініштер қаралды, осы өтініштер бойынша 286 консультация берілді; 
  • Визалық және көші-қон мәселелері бойынша 286 кеңес берілді;
  • Инвесторлардан визалық және көші-қон мәселесі бойынша 69 өтініш келіп түсті және өңделді;
  • 70 жобаға қолдау көрсетіліп жатыр. 

Бізбен сөйлескен «Kazakh Invest» басшылығы инвестиция сомасы 50 млн доллардан асатын жобаларға «Kazakh Invest» және АХҚО базасында 2021 жылы құрылған «Task Force» арнайы бөлімшесінің шеңберінде қолдау көрсетіледі дейді. Қазіргі уақытта құны 13 млрд доллардан асатын 70 жобаға қолдау көрсетіліп жатыр. 

«Ауылшаруашылық өнімдерінен бастап көмірсутек шикізатын өңдеуге дейінгі аралықты қамтитын жобаларды іске асырудың негізгі мерзімі – 2024-2029 жылдар. 70 жобаның 23-і бойын­ша сомасы 6,8 млрд доллар келісім жасасу қарастырылып отыр. Былтыр Фран­цияның «Total Energies», «Alstom» компанияларының жобасы бойынша Үкімет 2 инвестициялық келісімге қол қойды. АҚШ капиталының – «Pfizer», «GE Healthcare», «PepsiCo» және денсаулық сақтау саласындағы «Chevron» қорының қатысуымен 4 инвестициялық жоба бойынша келісімге қол жеткізілді. Түрік инвесторларының қатысуымен 8 жоба және ресейлік инвесторлардың қатысуымен 4 жоба бар. ҚХР-мен жобалар белсенді пысықталып жатыр, бастама жасау сатысында. Бас прокуратурамен бірге бюрократиялық кедергілерді жоюға бағытталған «жасыл дәліз» бойынша жаңа регламенттің құрылғанын атап өту қажет», деді олар өз жауабында.

 

Инвесторды қай сала қызықтырады? 

«Kazakh Invest»-тің хабарлауынша, 2005-2023 жылдар аралығында елімізге 4 402,7 млрд доллар инвестиция салынған. Ондағы салалар үлесі мынадай:

вп

 

2005-2022 жылдар арасында тау-кен өндіру өнеркәсібінің және геологиялық барлау мен іздестіруді жүргізу жөніндегі қызметтің үлесіне 212,1 млрд доллар немесе тікелей шетелдік инвестицияның (ТШИ) жалпы ағынының 55,4%-ы тиесілі болды. Ұлттық компанияның түсіндіруінше, ТШИ құрылымындағы шикізаттық сектор үлесінің басым бо­луы­­на мұнай-газ жобаларын іске қосу кезеңінде жобаларды өзіміздің қаржыландыра алмағанымыз себеп.

«Отандық компаниялардың сырт­қы нарықта ресурсты қарызға алу мүмкіндігінің болмауына байланыс­ты қаржыландырудың жалғыз жолы тікелей шетелдік инвестиция еді. Өңдеуші өнеркәсіп саласына шетелдік инвестиция тарту мақсатында біз экономиканың жетекші секторы мен салаларын ай­қындадық. Оларға тамақ өнеркәсібі, мұнай-газ және пайдалы қазбаларды терең өңдеу (металлургия, химия, мұнай химиясы), машина жасау және басқа да бірқатар сала жатады», деп хабарлады ұлттық компания.

Кейінгі жылдары инвестициялар құрылымындағы сапалық өзгерістерді атап өту қажет дейді компания. Өйткені өңдеуші өнеркәсіпке инвестиция 60%-ға ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі едәуір ұлғайып, 2020 жылы – 18,5%, 2021 жылы – 22,9%, 2022 жылы 20,0%-ды құрады.

«Коронавирус пандемиясы эко­номикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігін көрсетті, осыған байланысты біз фармацевтика, өңдеу және азық-түлік салаларына инвестициялар тартуға қосымша күш салып жатырмыз. Сондай-ақ бүгінде басты назар логистика, цифрлық және «жасыл» технологиялар сияқты шетелдік инвес­торлар қызығатын салаларға аударылады», деді «Kazakh Invest».

Сондай-ақ жаңғырмалы энергия көздері саласы да инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр.

«Қазақстан 2015-2022 жылдарға арналған жаңғырмалы энергетика жобаларына таза инвестиция тарту көлемі бойынша 56,3 млрд доллар көрсеткішімен әлемнің дамушы экономикалары арасында 5-орынға ие болды. «ENI» (Италия), «TotalEnergies» (Франция), «Svevind» (Германия), «China Power» (Қытай), «Masdar» (БАӘ), «ACWA Power» (Сауд Арабиясы) және басқалары елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға мүдделі. Ауыл шаруашылығы мен фармацевтика да – болашағы бар салалар. Ұлттық банк дерегі бойынша, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында ауыл, орман және балық шаруашылығына тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 31,5 млн долларды құрады. Бұл 2022 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 59%-ға жоғары. Биыл Қазақстанда «AstraZeneca» (Ұлыбритания), «Roche» (Швейцария) және «Pfizer» (АҚШ) сияқты ірі компаниялардың фармацевтикалық өнім өндірісін оқшаулауға байланысты мәселесі сәтті шешілді», деп мәлімдеді компания.               

 

Цифрлық инвестициялық платформаның міндеті

 

СІМ хабарлауынша, 2023 жылғы 9 айда ТШИ көлемі бойынша ТОП-10 былай қалыптасты:

ап

 

«Жалпыұлттық пулды қалыптастыру жұмысы жалғасып жатыр. Пул шеңберінде 2023 жылы нақты пайдалануға 1,78 трлн теңгеге 298 жоба берілді, 26,2 мың жұмыс орны құрылды. Оның ішінде шетелдің қатысумен жалпы сомасы 1,1 млрд доллар болатын 47 жоба іске қосылды. Бес мыңнан астам жұмыс орны құрылды», делінеді министрліктің жауабында.

Сонымен қатар 2023 жылы Сыртқы істер министрлігінің көмегімен ма­ңызды инвестициялық жобаларды іске асыратын инвесторлар үшін ерекше жағдайларды көздейтін Инвестициялар туралы 4 келісім жасалды:

  • «Қарағанды кешенді қорытпалар зауыты» – 137 млн доллар;
  • «QazAlpack» – 60 млн доллар (жеңіл металдарды орау материалдарын өндіру, алюминий банкалар);
  • «Alstom» – 55 млн доллар (DEPO желісінің құрылысы);
  • «Ақтас Энерджи» ЖШС (Total Energies) – 1 400 млн доллар (жел электр стансасын дамыту, салу және пайдалану).

Министрлік өкілдері «Eгемен» тілшісімен сөйлесу кезінде, жақында Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа құрылатынын да жеткізді. Платформа инвестицияларды тарту жүйесінің барлық қатысушысын (мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор, қаржылық институттар және т.б.) интеграциялай отырып, инвесторлар мен жобаларды кешенді сүйемелдеу бойынша ақпараттық жүйе құруды көздейді, сондай-ақ жобаларды іске асыру барысында туындайтын барлық мәселені онлайн режімде бақылауға мүмкіндік береді.

 

Жобалар неліктен қымбаттайды? 

Мемлекет басшысы әкімдер инвестиция іздеудің орнына, бюджет қаржысына алақан жаятынын айтып, инвестиция тартуда өңірлердің сылбырлығын сынға алған еді. Сарапшылардың айтуынша, жұмыстың өнбеуіне салалар мен өңірлерді дамытудың жалпы стратегиясының болмауы себеп.

Ұлттық банк мәліметі бойынша, 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылдың 9 айында ТШИ ағынының айтарлықтай азаюы Абай (-71 млн доллар), Ұлытау облыстарында (1,6 млн доллар) және Шымкент қаласында (62,8 доллар) байқалды. Жалпы, 2023 жылдың 9 айын­да 19,7 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған.

Тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша өңірлердің алғашқы ондығы мынадай:

ап

п

Инвестиция тартуға қатысты айтылатын тағы бір сын – біздің жобалардың шетелдік жобалармен салыстырғанда тым қымбатқа түсетіні. Сауалға «Kazakh Invest» компаниясы «күрделі шығындар дең­гейінің жоғары болуы климат жағ­дайы мен құрылыс стандарттарына байланыс­ты», деп жауап берді:

«Екінші себеп құрылыс материал­да­ры­ның жеткіліксіздігі болуы мүмкін. Материалдар мен жабдықтар көбіне импортталады. Осыған байланысты құны да қымбат».

 

150 млрд доллар тартуға 5 жыл уақыт бар 

Мемлекет 2029 жылға дейін 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тартып, экономика көлемін 450 млрд долларға жеткізгісі келіп отыр. Бұл мақсат 5 жыл бедерінде орындала ма? Инвестиция тартуда өндірістік сектордың үлесі қан­ша­­лықты болмақ? 

«Kazakh Invest» хабарлауынша, 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясаттың қолданыстағы тұжырымдамасы шеңберінде нақты нысаналы индикаторлар айқындалды, оған сәйкес 2024 жылы 24,8 млрд доллар сомасындағы ТШИ-ді қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

мм

Шетелдік инвесторлардың шаруасын тежейтін кедергілер де бар. Қорыта айтқанда, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қамтамасыз етудегі түйткілдер, шикізатқа қолжетімділік проблемасы, бірқатар өңірдегі газдандырудың олқылығы, электр энергиясының тапшылығы, қойма үй-жайларының болмауы – ТШИ тартудағы басты кедергілер. 

Жаңа саясат осы түйіндерді тарқатуға тиіс. 2023 жылдың сәуірінен бері инвесторлардың 142 кейсі шешімін тапқан, ал олардың ел экономикасына салған инвестициясының жалпы құны – 2,7 трлн теңге. 

Мемлекеттің инвестициялық тар­тымдылығы, геосаяси және тран­зиттік тұрғыдан қолайлылығы артып келеді. Еліміз өңірдегі ахуалды өз пайдасына бейімдеуге тырысып жатыр, оң өзгерістерді халықаралық рейтинг агенттіктері де көріп, біліп отыр.

«Қазақстан өзінің негізгі инвес­тициялық артықшылығын, атап айт­қанда географиялық орна­ласуын, на­рықтарға қолжетімділігін, табиғи ресурс қорын, ең бас­тысы адами капиталды сақтайды», дейді «Kazakh Invest». Иә, бұл құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау, оны елдің игілігіне жарата білу – шетелдік инвес­тиция тартудағы басты көзір әрі басты ұстаным болса игі.