Спорт • 04 Сәуір, 2024

Карина Ибрагимова боксқа қалай келгені туралы айтып берді

55 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төрт жылдықтың басты додасы – Париж Олимпиадасына санаулы айлар қалды. Ұлттық құрама спортшылары лицензиялық турнирлер мен рейтингтік додаларға қатысып, қоржынды мейлінше көп жолдамамен толықтыруға ниетті. Ал басты бәсекеге лицензия алып қойған отандастарымыз жеке бағдарлама бойынша шеберліктерін шыңдап, маңызды жарысқа тыңғылықты дайындалып жатыр, деп жазады Egemen.kz.   

Карина Ибрагимова боксқа қалай келгені туралы айтып берді

Фото: olympic.kz

Ұлттық құрама сапынан Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алғандардың бірі – бокстан әйелдер құрамасы өкілі Карина Ибрагимова. Ол былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында күміс жүлде еншілеп, Олимпиада лицензиясына ие болды.
 
Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің мәлім етуінше Карина Ибрагимова спортпен 2012 жылдан бері шұғылданады. Өзінің айтуынша, ол спортқа кездейсоқ келген. Әкесі бокстың үлкен жанкүйері еді және Ибрагимовтер әулетінің досы бокстан жаттықтырушы болатын. Оны әкесі мен досы алты ай бойы бокспен шұғылдануға үгіттеген. Осылайша, Каринаның алғашқы жаттықтырушысы және тәлімгері әкесінің досы болды.

«Мен бар болғаны әкемнің көңілі тоқ болу үшін боксқа баруға шешім қабылдадым. Сол кезде ауылда тұратынбыз. Бапкерім бокс – олимпиадалық спорт екенін айтқан кезде «қайдағы Олимпиада?» деп ойладым. Мен және Олимпия ойыны – аспан мен жер сияқты көрінді», дейді боксшы.

Жеке тәлімгері Александр Высоцкийдің айтуынша, Карина өзгелердің арасында тәртібімен, еңбекқорлығымен ерекшеленіп тұрады. Бапкер қойған барлық тапсырма мен мақсаттарды барынша орындайды.

Карина Ибрагимова – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері (2018, 2022, 2023), Азия ойындарының күміс жүлдегері (2023), Азия чемпионы (2022), халықаралық және ішкі турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері.

Жеке жаттықтырушысының айтуынша боксшы жарысқа нағыз бабында баруы үшін Олимпия ойындарына дейін кемінде 8 жекпе-жек өткізуі қажет.

«Париж Олимпиадасына дейін жарыс сәтін, атмосферасын сезіну үшін міндетті түрде 1-2 турнирге қатысуды жоспарлап отырмыз. Өйткені жаттығудың, спарринг жасаудың, жарысқа қатысудың жөні бөлек», дейді Карина Ибрагимова.