Еңбек • 03 Сәуір, 2024

Сиырдан табыс құраған

59 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жас кәсіпкер Әсем Тұрарованың күнделікті әдеті – таңертең ерте тұрып, қорасындағы 3 сиырын сауу. Алған сүтті бір күн айран қылып ұйытып, бір күн сүттей аулындағы дүкенге өткізеді. Осы кәсібімен жан бағып, бала-шағасын асырап отыр. Ол тұратын ауыл – Шымкент қаласының ең шеткі аймағындағы Көкбұлақ елді мекені. Шаһарға қарасты болса да, бұл жердің халқы әлі күнге дейін төрт түлік мал бағып, егін салады. Өйткені әр отбасының есік алдында үйіргелік жері, шағын бау-бақшасы бар. Халық малын ауыл маңындағы қоғамдық жайылымға өргізеді.

Сиырдан табыс құраған

Әсемнің құдай қосқан қосағы осыдан бір жарым жыл бұрын денсаулығы кенет­тен сыр беріп, көз жұмыпты. Артында қалған үш ұл, екі қызын жеткізу енді ананың иығына артылды. Үлкен қызы 5-сынып­­та оқиды. Бүгінде тірлікке жарап қалған қыз анасының нағыз қолғанаты болған. Сүт кен­жесі, ұлы екі жасқа енді толды. Қайғылы жағдайдан кейін ата-енесімен қайтадан бірге тұра бастаған. Күйеуі жеке «КамАЗ» көлігімен карьерден құм, шағал тас сатып отбасын баққан. Әсем­нің негізгі мамандығы – бас­тауыш сынып мұғалімі. Алайда өзінің мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Күйеуі өзім бағамын, бала-шағаны қарап үйде отыр деген соң, ерінің айтқанын тыңдап ешқайда шықпаған. Бір күні Әсем жолдасына қолқа салады. «Үйде босқа отырғанша, бір кәсіппен айналысайын. Қазір мемлекет жас кәсіпкерлерге жақ­сы көмектесіп жатыр. Сол жәр­­­демді біз де алайық, Үкіметтің берген мүмкіндігін пайдаланып қалайық», дейді. Бұл ұсыныс еріне ұнап, әйелінің идеясын қолдай түседі. Екеуі ойлана келе атакәсіп – мал шаруашылығын таңдайды.

Бизнес-жоспар құрып, мал қора салып, 2022 жылдың қараша айында қалалық әкімдік ұйым­дас­тырған гранттық конкурста жеңімпаз атанады. Шотқа 1 млн теңгеден астам қаражат түскен бойда күйеуі мал базардан 3 сиыр сатып әкеледі. Артылған ақшаға престелген шөп алған. Келесі жылдың қаңтар айынан бастап Әсем сиыр сауып, кәсіпкерлік саласына алғашқы қадамын жасайды. Міне, содан бері Зеңгі баба төлі бұл отбасының табыс көзіне айналды.

Әсемнің майлы сүті мен айранына ауыл жұрты әбден үйреніп, оның рақатын дүкеншілер де көріп отыр. Сиырлары төлдеп, екі жыл ішінде ірі қара саны тоғызға жетті. Ұрғашымен бірге арасында еркек бұзаулар да бар. Оны Әсем алдағы уақытта бордақылап сатқысы келетінін айтты. Тек айран, сүт емес, жаздай құрт жасап та сатады. «Алмақтың да салмағы бар» демекші, қолға тиген грант қаражатын мақсатына сай жұм­сап жатқанын арнайы комиссия жылына 3–4 мәрте келіп тексеріп кетеді екен. Грантпен бастаған кә­сібі бо­йынша келін­шектің өзі де былтыр 4 рет есеп берген. Сонымен бірге жеке кәсіпкерлік төлқұжатының негі­зінде тапқан табы­сына қарай мем­лекетке са­лық төлеп тұрады.

«Алғашқыда іштей жүрексіну болғаны рас. Бастаған кәсібіміз болмай қалса не істейміз деп қорқа беретінмін. Істің көзін тап­­­қан соң, қорқынышым сейілді. Түсін­генім, кәсіпкерлік саласында тәуекел мен батылдық керек екен. Қазір жемшөп қымбат. Сол үшін көп адам бұл кәсіпке бара бер­мейді. Сиыр сауып пайда та­уып кет­кенім, мүмкін, бала-шағаның несібесіне қарай болған шығар. Оның үстіне мал бағу төзімділік пен еңбекқорлықты да қажет етеді. Өзім ауылдық жердің қызы болғандықтан кішкентайымыздан малға қарап өстік. Сондықтан атакәсіпті жал­ғастыру мен үшін аса қиындық туғыз­бады. Әрине, айран-сүт сатып шекеміз шылқып кетпесе де, үстінен қалған пайда бала-шағаның тамағына жетіп, онша-мұнша шығындарды жауып отыр. Күйеуімнің ризашылығымен бас­таған кәсібімді тастамай, әрі қарай дамытып, бизнесімді ке­ңейте түссем деп армандаймын», дейді Әсем.

Жуырда қаладағы «Көрме орталығында» грант қаражатына бір кәсіпті қолға алған азамат­тар­­дың өнімдерін насихаттау, таныс­тыру үшін арнайы көрме ұйымдастырылды. Сол іс-ша­раға Әсем де қатысты. Үл­кен па­вильонға қаз-қатар жай­ғасқан шағын кәсіпкерлер өз өнімдерін келу­шілер назарына ұсынды. Со­лардың ішінде кәсіпкер келін­­шек­тің тәтті айран-сүті мен құртын «Дони» компаниясының басшысы ерекше ұнатып, өзінің балмұздақ шығаратын зауытына қалаған мөл­шер­де шикізат алып тұру үшін Әсеммен арнайы меморандумға отырды. Осылайша, қайсар кә­сіпкер кәсібіңе адал болсаң, еңбек­қорлық танытсаң, түбінде әй­теуір мақ­­­сатыңа жетесің деген қағи­да­ны көпшілікке тағы бір мәрте дәлел­­деді.

 

ШЫМКЕНТ