Байқау • 03 Сәуір, 2024

Жеңімпаздар марапатталды

73 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығында «Ауыл нақыштары» республикалық фотобайқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Былтыр 1 қыркүйектен бастап жарияланған байқаудың басты мақсаты – шынайы көрініс пен әсем табиғаты арқылы ұлт бесігі ауылға, оның тұрмыс-тіршілігіне көпшілік назарын аудару, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру.

Жеңімпаздар марапатталды

Ұйымдастырушылар әуесқой фотографтарға да, өз ісінің кәсі­би мамандарына да бірдей шарт қойған. Әр қатысушының 3 фотодан ұсыну мүмкіндігі болды. Ал сайыс қорытындысына дейін онлайн форматта, елдің барлық өңірінен 500-ге жуық жұмыс келіпті. Құрамына партия басшылығы мен тәжірибелі фотографтар енген қазылар алқа­сы туындыларды тақырыпқа сәй­кес­тігі, жұмысты бере білудегі жаңашылдығы, көңіл күй және басқа да талаптар негі­зінде ірік­те­ген. Сонымен қатар қазылар «Әлеуметтік желі­дегі жүлдегер» сияқты ар­найы сыйлық та­ғайын­дау жөнінде шешім қа­был­дап, іріктеу партияның Telegram каналында ашық дауыс беру арқылы жүргізіліпті. Мұнан өзге еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру мақсатында тағайындалған «Ауыл еңбек­­ке­рінің бейнесі» арнайы сыйлығының иесі де келген фотолар арасынан таңдап алынды.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Астана қаласы Мәдениет басқармасының бас­­­­шылығы, дипломатиялық мис­­сия өкілдері, жоғары оқу орын­дарының профессорлық-оқытушылық құра­­­мы, шығар­ма­шыл зиялы қауым мен жастар қатысты.

«Фотосурет арқылы біз әдет­тегі дүниелерді жаңа призма арқы­лы көру мүмкіндігін алдық. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін ауыл тұрғындарының тіршілігін сол қалпында көр­сете білген әр қатысушыға алғыс білдіреміз. Жыл санап байқауға қатысушылар саны артып келеді. Биыл 122 адам қатысып, байқауға 500-ге тарта туынды ұсынылды. Бұл өз кезегінде фотография өнерінің әуесқойлары мен кәсіпқойлары арасында аталған конкурстың маңыздылығын көрсетеді», деді салтанатты шараны ашқан «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков.

Байқау қорытындысында сөз алған халықаралық «National Geografic» журналының жауапты редакторы Айбын Шағалақ пейзаж, репортаждық түсірілім, деректі фотография, портретис­тикамен айналысатын фотографтар үшін ауыл тақырыбының қызықты екенін айтып, осы өнер­ге шын берілген адамдарды қол­дағаны үшін «Ауыл» партиясына алғыс білдірді.

Байқау нәтижесінде І орынды Серік Майемеров (Маң­ғыс­тау облысы) жеңіп алса, ІІ орынды Нұрболат Нұржаубай (Қызылорда облысы), ІІІ орынды Береке Сейтжаппар (Шымкент қаласы) иеленді. «Ауыл еңбек­ке­рінің бейнесі» сыйлығы «Egemen Qazaqstan» газетінің фототілшісі Ерлан Омаровқа (Астана қаласы), «Әлеуметтік желідегі жүлдегер» сыйлығы Жазира Қарымсақоваға (Абай облысы) табысталды.

«Барлық берекенiң бастауы – ауыл. Сондықтан ауыл на­қыш­та­рын дəрiптейтiн мұндай бастамаларды ерекше қолдаймын. Бiрге атсалысуға тырысамыз. Аулымыз кɵркейе берсiн», дейді жүлдегер Нұрболат Нұржаубай.

Марапаттау рәсімінен соң, сауда ойын-сауық орталығы фойесінде «Ауыл нақыштары» фотокөрмесі ашылды. Мұнда ауыл бейнесін бедерлеген 50 фотоны Астана тұрғындары мен қонақтары тамашалады.