Оқиға • 03 Сәуір, 2024

Шымкентте әйелді ұрып-соққан ер адам «бұзақылық» бабымен бір жылға сотталды

65 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының көшесінде ер адам әйелді себепсіз тепкілеп, бетінен жұдырығымен ұрған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте әйелді ұрып-соққан ер адам «бұзақылық» бабымен бір жылға сотталды

фото: видеодан скриншот

Оқиға бейне жазбаға түсіп қалған. 

Жәбірленушінің айтуынша, ол 2024 жылдың 13 ақпанында досының туған күніне бара жатқан. Ол гүл дүкеніне кіріп, гүл сатып алған. Кейін такси шақыру үшін дүкеннің сыртына шығып тұрған. Кенеттен белгісіз біреу оны артынан аяқпен тепкенін сезген.

«Артыма қарасам, аяғында әрең тұрған ер адамды көрдім. Неге екені белгісіз, бір орында қатып қалдым, үн де қата алмадым, маған байқаусызда тиіп кетті деп ойладым. Бірақ ол маған жақындап басымнан қатты ұрды. Көзілдірігімнің қалай ұшып кеткенін де байқамай қалдым», деп есіне алды әйел.

Жәбірленушінің айтуынша, ол көшеде өтіп бара жатқан адамдардан көмек сұраған, алайда оған ешкім көмектеспеген. 

«Сол кезде дүкенге кіріп кеттім. «Полиция, көмектесіңдер!» деп айқайлай бастадым. Адамдар қасымнан мені көрмегендей өте берді. Мен жылап жібердім, есеңгіреп қалдым. Ересек әйелдер «Оған не айттың?» деген сияқты сұрақтарды қойды. Учаскелік полиция қызметкерлері де сол сұрақты қойды, неге екені белгісіз, тергеуші мен криминолог та кінә менен деп ойлады. Маған шабуыл жасаған адам да полицияның көзінше мені тауып алып, өлтіремін деп айғайлады», деді ол.

Әйелге шабуыл жасаған адамның жасы 50-де екені белгілі болды. Бойжеткеннің айтуынша, ол басынан алған соққының салдарынан миы шайқалып, белі ауырып, терең психологиялық жарақат алған.

Шымкент қалалық соты хабарлағандай, 50 жастағы ер адам «бұзақылық жасағаны үшін» қамауға алынды.

«Сотталушы О. 13 ақпан 2024 жылы сағат 18:00 шамасында Шымкент қаласы Нұрсәт тұрғын алабының №1 ғимаратының жанында орналасқан «Нұрсәт-2» дүкенінің алдында мас күйінде жәбірленушіні ұрып-соққан. Ол жәбірленушіні арқасынан себепсіз теуіп, одан кейін «бет тұсынан жұдырықпен ұрып, денсаулығына зиян келтірген. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, заттай дәлелдемелерімен, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен, және іс бойынша жиналған басқа да дәлелдермен келтірілді», деп хабарлады Шымкент соты.

Сот үкімімен ер адам бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан айырылды.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.