Аймақтар • 03 Сәуір, 2024

Толассыз күрес жүріп жатыр

75 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазгидрометтің» соңғы мәліметіне қарағанда, 1-5 сәуір аралығында ауаның жылымық жағдайында қар аралас жаңбыр жауады. Бұл қалған қардың тез еруіне соқтырып, қарғын судың ағынын арттырып жібереді.

Толассыз күрес жүріп жатыр

Қазір көп үйлердің аулаларында әлі де қар үйінділері, мұздақтар жа­тыр. Жылымық жаңбыр соның бәрін жылдам ерітеді, ал топырақ­тың бойында ылғалдың көп болуынан су жерге сіңе алмайды. Сондықтан жертөлелерге су то­лып, үйлерге су кіруі мүмкін. Осы­ған байланысты Төтенше жағ­дайлар департаменті тұр­ғын­дардан аулаларын қар мен мұз­­дақтардан жедел тазар­ту­ды талап етіп жатыр. Аула­ның ішіндегі, сыртындағы суа­ғар­ларды, арық­тар­ды тазартып, судың жолын ашу керек. Қызылжар қаласының ылдидағы аудандарындағы жеке­мен­шік үйлерге әлден су кіріп жатыр. Қалалық әкімдік пен ТЖ қызметкерлерінің техникалары шақырған үйлердің бәріне барып, қарғын суды помпалармен далаға айдап жатыр. Қаланың 109 бен 112 құтқару қызметі нөмірлерінде осы күн­дері тыным жоқ.

Облыстың оңтүстік аймақ­тарында да бұл күндері тыныш емес. Тайынша ауданының аума­ғы­нан өтетін Шағалалы өзені­нің суы көтеріліп, Тайын­ша қала­сы­ның шеткергі аудандарына қауіп төндіріп тұр. Ең шеткі «Күн­шы­ғыс» көшесінің шамамен 60 түтін болатын тұрғындары мен малдарын қаланың ортасына эвакуациялау шаралары ұйымдастырылып, №5 мектеп пен агробизнес колледжінің жатақханалары боса­ты­лып жа­тыр. Тұрғындарды тасуға 4 тех­­ника сапта тұр, ал малдарды орта­лыққа қарай айдау үшін жастар атқа қонған.

Жалпы, Шағалалы өзенінің осы маңдағы 6 шақырымдық жа­ға­­лауына инертті материал­­­дар­­дан биіктігі бір метр су бөген тұр­­ғызылған. Қосымша 600 қап инерт­ті материалдар да­йын тұр.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхам­бе­тов тік­ұшақпен Ғ.Мү­сі­ре­пов, Шал ақын, Айыр­тау және Тимирязев аудан­дарының қауіпті ай­мақ­тарын аралап шықты. Бұл аймақтарда қардың еруі әлі күрт емес, тек күн қыздырған аймақ­тар­дың жұқа қарлары ғана кетіп жатыр. Алайда өзендердің қаупі зор.

«Бұл аудандарда шағын өзен­дер­дегі сеңнің тіресіп, тұрып қа­луы­нан су тасуы мүм­кін. Әсіресе Ақжар, Тайын­ша және Уәлиханов аудан­дарындағы қауіп зор. Астана мен Ақмола су қойма­ларынан бұл аймақтарға тасқын су келеді. Қазір бұл аудандарда бар­лық құтқару күштері сап­қа қойылды. Техникалар дайын. Ағысты тежемеу үшін өзендердегі қалың мұздар жарылды. Эвакуациялық бекеттер іске қосылды. Инертті материалдар толтырылған қап­тар мен ЖЖМ және жүзетін құралдарды дайындап қойдық. Барлық жағдайды жеке өзімнің бақылауыма алдым», деп облыс әкімі Теlegram-дағы парақ­шасында жазды.

Дайындық қанша жақсы болға­ны­мен автожолдардың үстіне су шығып кеткен ай­мақтар бар. Бұл жағдай, әсі­ресе, Уәлиханов ауданында көбі­рек болып тұр. Тайынша ауда­нында да республикалық жол­дар­дың екі жерінен су өтіп кетті. «Көкшетау-Омбы» республикалық трас­сасының 85-213 шақырым ара­лығы су жүріп кеткендіктен жабылды. Уәлиханов және Ақжар аудан­­дарында да екі облыстық маңыз­­дағы жолдар су қаупінен уа­қытша жабылды.

ТЖД баспасөзбен байла­ныс қызметінің өкілі Евгений Журавлевтің айтуы­на қара­ған­да, қар­ғын суға қар­сы шаралар күндіз-түні жүр­гі­зіліп жатыр. Бүгінге дейін барлық елді мекендерден 1,9 млн текше метр қар далаға тасылды. 2 460 суағар құбыр­лары мен 242 арықтар тазаланған. Су сіңу үшін 1 064 гектар жер­дің қары сыры­­лып, жер қарай­тылған. Жыл басынан бері инертті материалдар тол­тырылған 28 мың қап дайын­­далған. Бұл жұмыстар Ғ.Мүсірепов ауданындағы Новоишим, Рузаев, Чистополь, Бірлік, Тахтаброд ауыл­дарында жіті жүргізілген, өйт­кені бұл жақ­тарда су басу қау­пі зор.

Ақжар ауданындағы Қарасу өзе­нінің Қулыкөл ауылының түбін­де кептеліс болмас үшін мұздар арнаулы жарылғыш заттармен жарылған. Жарыл­ған мұздың жалпы көлемі – 800 шаршы метр. Бұған 100 кг жарылғыш заттар пайда­ла­нылған. Осындай жұмыстар Шарық, Ақан Бұрлық және Есіл өзендерінде де жүргізілген еді. Сонымен қатар бүгінге дейін елді мекендердің аулаларынан 25 мың текше метр су айдалған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы