Спорт • 02 Сәуір, 2024

Антальяда да – Әбиба

27 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркияның Антальясында дзюдо­шылардың Grand Slam турнирі өз мәресіне жетті. Ерлер мен әйел­дер арасындағы жарыста Қа­зақ елі намысын 20 балуан қорға­ғанымен, солардың біреуі ғана жеңіс тұғырына көтерілді. Оның иегері – Әбиба Әбужақынова.

Антальяда да – Әбиба

Бастапқы бәсекелерде португалиялық Ракель Брито мен ресейлік Кристина Ду­динадан басым түскен Әбиба Әбу­жақынова ширек финалда әлем біріншілігі мен Пана­мерика ойындарының қола жүлдегері, құрлық чемпионы америкалық Мари Селия Лабордені сүріндірді. Жартылай финалда жерлесіміздің жолы жапониялық Нацуми Цунодамен қиысты. Соңғы үш әлемдік додада қарсылас шақ келтірмей, екі бірдей Азиадада алдына жан салмаған әккі балуанға Әбибаның әлі жетпеді. Содан кейін Еуропа біріншілігінде екі рет үздік үштікті түйіндеген Ресейдің сақа спортшысы Сабина Гилязованы сан соқтырған Әбужақынова қола медальды иеленді. Ра­сында да, қандай жарысқа қатысса да, үнемі жүлдегерлер санатынан көрініп жүрген қазақтың қаршадай қызына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әзірге бар үмітіміз – Әбиба ғана. Өкінішке қарай, өзге дзюдошылардың жанкүйерлерді қуантып жүрген кездері сирек. Жастарды айтпағанда, сақа спортшылардың өзі халықаралық додаларда ала-құла өнер көрсетіп жүр. Олардың жеңіске деген жігері мен құлшынысы кеміп бара жатқандай. Ал Олимпия ойындарының алауы тұтануға аз ғана уақыт қалды. Төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосатын ғаламдық дода қарсаңында орын алған осы жағдай жанкүйерлерді алаңдатып отыр.

Таяуда ғана Тбилисидегі турнирде топ жарып, әлемдік рейтингте бірден алты сатыға жоғарылаған Нұрқанат Серікбаев (60 кг) Анадолы еліндегі жарыстың тұсаукесер кездесуінде моңғолиялық Цогт-Очир Бям­баджавпен белдесуі керек еді. Бірақ ол бел­гісіз себептерге байланысты татамиге шықпады. Әйтпегенде Нұрқанаттың өз сал­мағындағы ТОП-10 дзюдошының қатарына қосылуына тамаша мүмкіндігі болған еді. Бірақ бұл жолы қандасымызға ондай бақ бұйырмады.

Ал Диана Буркеева (48 кг), Толғанай Әбеуова (52 кг), Бақыт Құсақбаева (57 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Данияр Шамшаев (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Самалай Ерғалиева мен Гүлнұр Баханова (63 кг), Екатерина Токарева (70 кг), Маргарита Гриценко мен Аруна Жангелдина (78 кг), Ақерке Рамазанова мен Мәдина Парагульгова (+78 кг) Ермахан Әнуарбеков (90 кг), Нұрлыхан Шархан мен Әділет Сапарғалиев (100 кг) және Ғалымжан Қырықбай мен Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) алғашқы айналымдарда сүрінді.