Елорда • 29 Наурыз, 2024

Астанада апатты үйлерден 4 200 адам көшіріледі

36 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл елордадағы 60 апатты үйдің тұрғындары 1400 пәтерге көшеді. Осылайша шамамен 4200 адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада апатты үйлерден 4 200 адам көшіріледі

Фото: Depositphotos

2013 жылдан бастап Астанада 286 апатты үйдің тұрғындары қоныс аударды. Осылайша 4500-ден астам отбасы жаңа абаттандырылған пәтерлерге ие болды.

Жалпы, 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту жобасы аясында 206 апатты үйдің тұрғындары 4 710 пәтерге көшеді деп жоспарланып отыр.

«Тұрғын үй қорын жаңарту тұрғын үйді және үй орналасқан жер учаскесін реквизициялау тәртібімен авариялық (ескірген) тұрғын үйді бұзу және одан азаматтарды көшіру жолымен қаланың «ескі» кварталдарын кешенді реконструкциялауды көздейді. Жобаның шарттары бойынша авариялық үйлердің тұрғындарына құқық белгілейтін құжаттарға сәйкес бөлмелер санына және адам санына қарамастан, ауданы бойынша бірдей мөлшерде (яғни «шаршы метр»), бірақ кемінде бір бөлмелі жаңа пәтерлер беріледі», делінген әкімдік хабарламасында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін ТК жөндеу, лифтерді ауыстыру, жеңілдетілген әлеуметтік тұрғын үй салу, ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталған бағыт бойынша жұмыстар әлі де жалғасады.