Дәстүр • 29 Наурыз, 2024

Тұсаукесер рекорды

53 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл көктем бұрынғы көктемнен өзгеше өрбіді. Бұған дәлел – Талдықорғанда тұңғыш рет бір сәтте 50 сәбидің тұсауы кесіліп, рекорд орнатылды.

Тұсаукесер рекорды

Суретті түсірген – Дмитрий Ерофеев

Облыс орталығында бір сәтте 50 сәбидің тұсауы бірдей кесілді. Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сәбилердің тұсауын өңірдегі ардагерлер, мәдениет, өнер, әдебиет және журналис­тика саласының қайраткерлері, атақты спортшылар, білікті дәрігерлер мен ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер, т.б көпке танымал беделді азаматтар кескен. Бұл ауқымды жиын елімізде алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді. Тұсау кесу рәсіміне облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, тәй-тәй басқан бүлдіршіндердің қадамына құт тіледі.

Рухани іс-шара шымылдығы бүл­дір­шіндерге бата беру салтанаты­мен түрілді. Осы рәсімге арнайы келген «КИнЭС» Рекордтарды тіркеу департаментінің директоры Бақытжан Тастүлеков таңданысын жасырмады.

«Елімізде осындай ауқымдағы тұсау­кесер алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл күн – еліміз үшін айшықты сәттің бірі. Сондықтан 50 баланың бір мезетте бірдей тұсаукесері өткізілгені жайлы фактінің Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілгенін растайтын сертификат табыстаймын. Балалардың жолы ашық, әр қадамы ізгілікке толсын», деді Б.Тастүлеков.

Тұсаукесер рәсімінен кейін аталған депар­тамент басшысы облыстық қо­ғам­дық даму басқармасына арнайы сертификат табыстады. Сонымен қатар Қазақстанның рекордтар кітабының соң­ғы шығарылымын сыйға тартты. Осы күні алғашқы тәй-тәй қадамын жасаған бала­лар­дың ішінде талдықорғандық ұстаздар отбасы Нұржан Қамиев пен Гүлнұр Дәуренбекованың да кенжелері бар.

«Бір жасар баламызды осы айтулы іс-шараға арнайы алып келдік. Екі қыздан кейін дүниеге келген ұлы­мызға Мұрагер деп ат қойғанбыз. Мұра­геріміз Талдықорған қаласындағы №14 бала­бақшаның «Балапан» тобына барып жүр. Наурыздың онкүндігі ая­сында осы үлкен ауқымдағы тұсау­кесерде сәбиіміздің өмірге алғаш қа­дам жасағанын жақсы ырымға балаймыз. Ұлымыздың алдағы жолы ашық, болашағы жарқын болады деп сене­міз. Наурызды осылай он күн бойы ұлттық мазмұнда атап өту бастамасын қолдаймыз», деді қуаныштан толқыған ата-ана.

 

Жетісу облысы