Сұхбат • 28 Наурыз, 2024

Марат ПАШИМОВ: МӘМС арқылы зергерлік операция жасалады

75 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгін елемесең, түбі қайғылы жағдайға душар­ етуі мүмкін кесел­дердің алғы шебінде жү­рек­ қан-тамырлары аурулары да тұр. Ал ма­­ман­дар жүректі сақтауды ескерту­дей ескерт­ке­ні­­мен, дерті әбден меңдеген науқастар кардио­­хи­рург­тердің алдынан бір-ақ шығып жа­тады. Алайда кар­дио­хирургиядағы озық тех­но­логия­лар­дың септігімен жасалатын жүрек пен қан­-тамырларына зақымы барынша аз опе­ра­­­циялар дәтке қуат. Әлбетте, зергерлік дәл­дік­­ті та­лап ететін мұндай күрделі опера­ция­­­лар­дың артында білік­ті мамандардан құ­­рал­­­ған тұтас команда тұр. Ендеше, осы ба­­ғыт­­тағы жұмыстар жөнінде Алматы­­дағы Кар­диология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының бас­қарма төрағасы Марат Пашимовтан біраз мағлұмат алдық.

Марат ПАШИМОВ: МӘМС арқылы зергерлік операция жасалады

– Отандық кардиохи­рур­гия­­ның жетістіктері Кардио­ло­гия және ішкі аурулар ҒЗИ-ын айналып өтпейтіні аян. Озық технологияларды тоғыстырған орталықта күн сайын жоспарлы, күрделі операциялар жаса­лып жатады. Осыны өзіңіз нақ­ты­лай түссеңіз?

– Біздің институтты Қазақ­стан­ның кардиология, кардиохирургия, терапия салаларының көшбасшысы деуге толық негіз бар. Хирургтеріміз ауыр дертке шалдыққан алматылықтарды ғана емес, еліміздің әр шалғайынан келген азаматтарды емдейді. Кейінгі жыл­дары консультативтік-диаг­нос­тикалық қызметтен бастап, хирургиялық операциялар мен реабилитациялық көмекке деген сұраныс өте жоғары болып тұр. Бұған қоса біздің институт операцияны кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) және міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру (МӘМС) пакеттері арқылы да жасап жатыр. Былтыр орталық дәрігерлері 4 071 операция жасаса, оның 1 940 – ТМККК, 2 131 операция МӘМС пакетіне тиесілі. Ал бұл – осыншама адамның өмірі мен тағдыры, жақындарының қуанышы.

– Кардиохирургия сала­сын­да қол­да­­­нысқа енген инно­ва­ция­лық технологиялар туралы білгіміз келеді...

– Кейінгі 30 жылда жүрек кеселдерін емдеуде серпінді өзге­ріс бар. 90-жылдардың басында жүрек операцияларының дені кеудені тіліп, ашық әдіспен жасалатын. Қазір операциялардың басым бөлігі – үлкен тіліксіз, наркозсыз жасалатын эндоваскулярлық операциялар. Қарапайым тілмен айтқанда, мұндай операциялар кезінде күретамыр немесе көк­тамырдың бірі бірнеше жерден ғана тесілетіндіктен, науқастың өз өзіне келу үдерісі бірнеше күннен аспайды.

Сол сияқты ашық жүрекке криоаблация, аорта қақпақшасын транскатетерлік әдіспен ауыс­тырып, LVAD және тағы да басқа аралас операциялар жасаймыз. 3D визуализациясы бар торакоскопиялық қондырғы жү­рек қақ­пақшаларын ауыстыру, жүрекке шунт қою сынды операцияларды кеудені кеспей, зақымы аз әдіспен жасауға мүмкіндік береді. Осы орайда өткен жылдың табысы деп мынадай әдістерді ерекше атап өтер едім:

Біріншісі – биологиялық протез. Біз Сауд Аравия профессоры Мұхамед Саллах Алреш­хиданмен бірлесіп екі бір­дей пациенттің жүрек қақпақша­ларын био­ло­гия­лық протезбен ал­мас­тыр­дық. Мұн­дай операция ТМД ау­мағында бұрын-соңды жасалмаған. Бұл клапан сапа көрсеткіштері жағынан теңдесі жоқ, көпке шыдайды, қолдану да оңай. Оның үстіне мұндай протез орнатылған пациент өмір бойы қан сұйылтатын антикоагулянттарды ішу маша­қа­тынан құтылады.

Екіншісі – жасанды жүрек LVAD. Былтыр біздің кардиохирургтер екінші рет LVAD операциясын жасады. Операцияға дейін пациент жансақтау бөліміне үш рет түскен, ұзақ уақыт бойы ста­­цио­нарда жатып емделген еді. Бірақ мұның бірі де нәтиже бер­меп­ті. Халі аса ауыр мұндай па­циент­тер бұрын ағзаның резерві біт­­кенше ғана өмір сүретін. Қазір осы операция арқылы мұндай пациенттер қалыпты өмірге орала алады. LVAD – өте қымбат тұратын операцияның бірі. Елі­мізде бұл МӘМС қаржысы есебінен тегін жасалады. Кез келген мемлекет халқына осындай мүмкіндік сыйлап отыр деп айта алмаймын. Ал біз осындай операциялар жасап жүрміз және оны мақтан тұтамыз.

Үшіншісі – «қатып қалған» тамыр­лар­ға операция жасау. 2023 жылдың шіл­де айында біздің рентгенхирургтер Румынияның жетекші дәрігерімен бірлесіп ротаблация жасады. Бұл әдіс жылдамдығы жоғары роторлық бұрғылау қондырғысының көме­гімен тарылған коронар­лық артерияларды тазартуға мүм­кін­дік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, дәрігерлер каль­ций түзінділері салдарынан «тас болып қатып қалған» тамырларды бұрғылап тазартады. Ротаблациясыз жүректегі қан тамырларын толық тазарту мүм­кін емес. Бірақ мұнда опера­циядан кейін асқыну қаупі өте жоғары. Сондықтан оны білік­ті­лігі аса жоғары клиникаларда тә­жірибелі дәрігерлер жасағаны дұрыс.

Төртіншісі – құны 5 млн тең­ге­ден асатын дефибриляторлар. Біздің клиникада жүрегі аяқ-астынан тоқтап қалу қаупі бар пациенттерге кардиовертер-дефибриллятор, электрокардиостимулятор, окклюдер орнатылады, жүрекке ресинхрондау терапия­сы (CRT-D) жасалады. Жүрек қағысы бұзылған ауыр халдегі науқастарға радиожиілікті аблация, криоаблация сынды тағы да басқа аса күрделі операциялар жасалады.

Былтыр қазан айында клиникада жүрек жеткіліксіздігімен ауыратын пациенттерге заманауи дефибрилляторлар орна­тылды. Бұл операцияны да Алма­тыда алғаш рет біздің дәрігерлер жасады. Құрылғының бір артық­шылығы – қашықтан монитор арқылы бақылауға мүм­кіндік беретіндігінде. Мұндай техноло­гиялар арқылы науқастың ахуалын қашықтан бақылауға, қажет болса реттеп отыруға, тіпті па­циент­­тің телефонына арнайы қосымша орнатуға болады.

– Сөз арасында қымбат қыз­мет­тер­дің көбі МӘМС арқылы жаса­латынын айттыңыз. Деген­мен осы жүйе­ге қатысты нара­зы­лық та жоқ емес. Сіздіңше, денсаулық сақтау саласына осы реформа енгізілгелі бері не өзгерді?

– Шындап келгенде МӘМС пакетінің көлемі жыл сайын кеңейіп келеді. Бұл халыққа көрсетілетін көмектің қол­жетімділігін арттырып отыр­ғаны сөзсіз. Бұған дейін атап өткенімдей, біз МӘМС қаражаты есебінен жоғары технологиялық көмек көрсетеміз. Жалпы, бұл операциялар жоғары технологияларды, көп ресурсты және емдеу мен диагностиканың бірегей әдістерін қажет етеді. Мұның бәріне көп қаражат керек. Біздің жағдайымызда осы қажеттіліктерді МӘМС өтеп жатыр дер едім.

– Былтыр жазда Алматыда тұң­ғыш­ рет жүрек алмастыру опе­рациясы жасалғанын біз де жаздық. Алдағы күндердің еншісінде елімізде тағы қандай күрделі операциялар жасалуы мүмкін?

– Иә, клиникамызда Аста­на­дағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығымен бірлесіп, науқастың кеудесіне донор жүрегін салдық. Операцияға дарынды кардиохирург Юрий Пя жетекшілік етті. Жалпы, біздің елде кардиохирургия мен кардиореанимация жақсы дамыған. Ол жүрек алмастыру операцияларының сәтті болуына толық мүмкіндік береді. Оған кадрлық мүмкіндігіміз де, материалдық-техникалық әлеуетіміз де жеткілікті. Жоспар­лы мақсаттарымыз бар.

– Дегенмен жүрек алмастыру дегеніңіз – күнде жасалатын операция емес. Осы бағыттың дамуы қалай болмақ?

– Жалпы алғанда, донорлық ағза тап­шы­лығы – әлемдік проблема. Өкініштісі, науқастардың басым бөлігі жүрек алмастыру операциясына жете алмай көз жұмады. Себебі жүрек тапшы, алмастыратын орган, тін аз. Ал онсыз адамның ұзақ өмір сүруі екіталай. Әсіресе ауыр жүрек дертіне шалдыққан пациенттерге шұғыл операция жасамаса  болмайды. Сондықтан алдымен донорлықты дамыту қажет деп ойлаймын.

– Таяуда аритмологтеріңіз бес күн бойы 30 шақты «зер­гер­лік» опера­ция жасады. Осы орайда шетелдік кар­дио­­ло­гия­лық орталықтармен байла­ныс­тарыңыз туралы да білгіміз келеді.

– Биыл 11–15 наурыз ара­лы­­ғында біздің маман­дар РҒА ака­демигі, ІТМ ФЗО дирек­то­ры­ның ғылыми-клиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары Сергей Артеменконың жетек­ші­лігімен жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің күрделі бұзы­лыс­тарын емдеу үшін ауыр операция­лар­ды сәтімен атқарды. Сергей Николаевич жүрекше фибрилляциясы бар емделушілерде радио­жиілікті катетерлік абляция про­цедурасының тиімділігін арт­тыруға мүмкіндік беретін әдіс­на­ма­лық тәсілдерді әзірлеген біре­гей маман екенін атап өткен жөн.

Бұл операциялар – өте күр­де­лі және жүрек ырғағының бұ­зылуын емдеудің ең тиімді әдісі. Радиожиілік катетерлік абля­ция жүрекке үшөлшемді нави­гациялық картаға түсірудің озық жүйелерін пайдалана отырып жүргізіледі. Осылайша, нау­қас­тар­ды өмірге қайтарады. Бұл жүйе Алматыда тек КІА ҒЗИ-да ғана бар.

Одан кейін де жүрекшелер фибрил­ляциясы және басқа да күрделі экто­пи­калық ошақтары бар науқастарға операциялар жалғасты. Мәселе мынада, арит­мия­ның патологиялық ошақ­тары жүректің өткізгіш жүйесіне қауіп­ті жақындықта орналасады. Ал 3D технологиялары аритмиян көзін – жүректің басқа тін­деріне зақым келтірместен пато­ло­гиялық ошақты 1 миллиметр­ге дейін табуға көмектеседі. Науқас толы­ғы­мен қалпына келе­ді, нәтижесі операция кезінде-ақ көрінеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ