Бокс • 28 Наурыз, 2024

Каунастан қоржын қомақты келді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Каунаста Лит­ваның даңқты бокс­шысы, КСРО-ның еңбек сі­ңірген спорт шебері, ұлт мақта­нышы Аль­гирдас Шоци­кас­ты еске алу­ға ар­нал­ған халық­аралық тур­нир аяқталды.

Каунастан қоржын қомақты келді

Көзіқарақты жанкүйер­лер бұл есімді жақсы біледі. ХХ ғасырдың бел ортасында аса ауыр салмақ дәрежесінде атой салған Бал­тық жағалауының алыбы Еу­ропа чемпионатының екі және КСРО біріншілігінің алты дүр­кін чемпионы атанды. КСРО халықтары Спартакиадасында бас жүлдені олжалап, басқа да аса ірі додаларда дараланды. Сол кездері оның жолы қа­зақтың даңқты боксшысы Әб­дісалан Нұрмахановпен бірнеше мәрте қиысты. Бірде ол жеңді, бірде Әбекеңнің асығы алшы­сынан түсті. Былғары қол­ғабын шегеге ілгеннен кейін Шоцикас Литва боксшыларын жаттықтырды, Одақ құра­ма­сының бас бапкерінің кө­мекшісі болды. 2012 жылдың күзінде Альгирдас Шоцикас 85 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысты.

Каунастағы турнирде Қа­зақ­станның тоғыз былғары қолғап шебері финалға шығып, солардың арасынан алтауы алтын тұғырға көтерілді. Ақтық сайыста Асылжан Серікбай (57 кг) мен Фарух Тоқтасынов (71 кг) украиналық Денис Роз­дольски мен Максимом Молоданды, Елнұр Сүйінбай (67 кг) мен Азамат Бектас (75 кг) польшалық Кирилл Глобенко мен Михал Ярлинскиді және Тұрсынбай Құлахмет (80 кг) ұлыбританиялық Рамтин Мұсаны ұтты. Жандос Қыдыралиевтің (63,5 кг) қарсыласы ирландиялық Джон Пол Хэйл жекпе-жекке шығудан бас тартты. Ал Нұр­сұлтан Алтынбек (54 кг), Алмат Әбдуәли (60 кг) және Абзал Құт­тыбеков (86 кг) шешуші тұста сүрініп, күміс медальды қанағат тұтса, Даниял Сәбит (48 кг) пен Аманат Сабырғали (+92 кг) қолаға қол созды.