Инновация • 14 Наурыз, 2024

Жаңа инновациялық хаб

32 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Эр-Рияд қаласында Қазақстан мен Сауд Арабия арасында бірлескен инновациялық хаб ашылды. Бұл жаңа хаб әлемдік нарықта өңірлік IТ-шешімдер мен стартаптарды халықаралық деңгейде ілгерілетуге оң әсерін тигізеді.

Жаңа инновациялық хаб

Халықаралық хабқа әлемнің екінші ұстазы атанған, ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілді. Хабтың тұжырымдамасы Қазақстаннан Сауд Арабиясына іскер кәсіпкерлер мен инновациялық стартаптарды, «Tumar» венчурлік қорынан бастапқы инвестицияны, инкубация және акселерация бағдарламасын тартуға негізделген. Сондай-ақ сапалы салалық білім мен желілік өзара іс-қимыл үшін мүмкіндіктер ұсыну арқылы олардың осы өңірге көшуі мен дамуын қолдайды.

«Біздің стартаптар әзірлеуде айтар­лықтай тәжірибеміз бар. Мысалы, осыдан бес жыл бұрын Орталық Азия аймағын­да­ғы жетекші технопарктердің біріне айнал­ған «Astana Hub» жұмысын бастады. Сондай-ақ біз бұл салаға «Google», «DraperUniversity», «StartX», «Microsoft» және Дүниежүзілік банк секілді әлемге танымал серіктестерді тартып, ең озық шешімдерге жол аштық. Инновациялық хабтың ашылуы қос ел арасындағы байланысты нығайтуға және экономикалық дамуға сапалы үлес қосады деп сенемін», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

пао

Бұл хабтың 5 жыл ішіндегі негізгі қызмет көрсеткіші, кем дегенде 3 жаңа стартапты дамыту, стартаптарға кемінде 300$ миллион тарту және осы стартаптар ұсынатын 1$ миллиардтан астам қызметті экспорттау.

«Халықаралық хаб Орталық Азия мен Кавказдан келген стартаптарға ТШСА нарығына кеңейту мүмкіндігін бере отырып, Қазақстанның венчурлық индустриясының инфрақұрылымын толықтырады. Бұл дегеніміз 493 млн-ға жуық адам. Бізге көрсеткен қолдауы үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне риза­шылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар «Astana Hub» пен Сауд Арабиясын­дағы серіктестерімізге де айтар алғысы­мыз зор», деді «Al-Farabi Innovation Hub» бас директоры Аслан Сұлтанов.

Айта кетейік, былтыр Калифорнияның Пало Альто қаласында Орталық Азия елдері өкілдеріне арналған «Silkroad Innovation Lab» ашылды. Аталған хаб Орталық Еуразиядан келген стартаптар мен кәсіпкерлерді сол елдің нарығында өз кәсіпорынын құруға немесе кеңейтуге қолдау көрсетеді. Сондай-ақ оған «Google», «DraperUniversity», «StartX», «Microsoft» және Дүниежүзілік банк сияқты әлемдік серіктестер тартылып, азаматтарға ең озық шешімге қол жеткізу қамтамасыз етілді.