Қоғам • 13 Наурыз, 2024

Алимент төлемеген әке

43 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дәм-тұзы жараспаған ерлі-зайыптылардың екі жаққа ­кетуі – бейкүнә бала үшін ауыр соққы. Рухани тәрбиемен қатар, тұрмыстық игіліктерден де қағылған қан­шама жеткіншек әке қамқорлығына зәру. Бүгінде жағдайы бола тұра али­мент төлеуден жалтаратындар көбейген. Алматы қаласының жеке сот орын­­дау­шылары кәмелетке толмағандардың пайдасына алимент өндіріп алумен белсенді айналысып келеді.

Алимент төлемеген әке

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Алматы қаласы Жеке сот орын­­даушылары өңірлік пала­та­­сының басшысы Айдын Қай­да­ровтың айтуынша, қазіргі уақытта қалада алимент өндіріп алуға қатысты 18 мыңнан астам іс қаралып жатыр. Неғұрлым тиімді жұмыс істеуге кейбір али­мент міндеттемелерін орындауды ғана пысықтайтын 10 маман­дандырылған кеңсе құрылған. Айталық, шаһарда ең үлкен алимент бойынша берешек бүгінде 63 миллион теңгені құрайды.

«Өкініштісі, статистика али­мент төле­меудің көптеген жағ­да­йын көрсетеді. Мақсатымыз – мәселенің заңды жағын қам­та­ма­сыз ету ғана емес, сонымен қатар қоғамның назарын осы өзекті мәсе­леге аудару. Мәселені реттеу­де цифрлық бақылау жүйесі­нің көмегіне жүгініп, қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеп келеміз. Берешегі үш айдан асатын 1 мың проблемалық іс бар. Алимент төлемейтіндер көбіне өз әрекеттерін тұрақты жұмыстың жоқтығымен дәлелдейді, осыған байланысты ТЖК тарапынан қа­мауға алу және шектеулер түрінде мәж­бүрлеп орындау шараларына ұшы­райды», дейді А.Қайдаров.

Алматы қалалық Әді­лет де­пар­таменті сот орын­дау­шы­ла­ры­ның қызметін реттеу және бақылау бөлімінің басшысы Әнуар Жексеков борышкерлерден алимент өндіру барысында қиындық тудыратын бірнеше себепті атады.

«Күш-жігерімізге қара­мас­тан, алимент мәселесін шешу мем­ле­кеттік және жеке инсти­тут­тардың, сондай-ақ бүкіл қо­ғам­ның бірлескен күш-жігерін талап етеді. Бұл – отбасылық құндылықтар мен балалар әл-ауқатының негіздеріне қатысты мәселе. Елімізде тұрмысы төмен отбасылардың басым бөлігін алимент алмайтын шаңырақ құрап отыр. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 138-бабына сәйкес ата-аналар кәмелетке толмаған балаларын асырауға міндетті. Мазмұн беру тәртібін ата-аналар дербес айқындайды. Палата борышкерлер арасында Балаларды асырау және алимент төлеудің түрлі тәсілі туралы келісім жасасу мүм­кін­дігін түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізеді», дейді маман.

А.Қайдаров Алматыда борышкер жасаған медиативтік келісім аясында үш бөлмелі пәтерді алимент бойынша ірі берешекті өтеу есебіне беру де бұрын-соңды болмаған жағдай екенін атап өтті. Сондай-ақ тағы бір борышкер пәтердегі үлесінің жартысын алимент есебіне берген. Борышкерден мүлікті мәжбүрлеп алып қою мысалдары да көп кездеседі. Таяуда кезекті борышкердің бірінен «Лексус-570» автокөлігі тәркіленсе, жыл басынан бері алимент төлемеген 10 азаматтың көлігі айып тұрағына қойылған.

Ұзақ уақыттан бері өз бала-шағасына тиісті көмек көрсе­туден қалыс қалған азамат­тар­дың жүргізуші куәлігін тоқ­тата тұру тиімді нәтиже көр­сет­кен. Алматы қаласының жеке сот орындаушылар палатасы али­мент­терді өндіріп алу бойынша акциялар өткізеді. Соның ішінде брифингтер мен заңнамадағы өзгерістерді түсіндіру, жұмыссыз борышкерлердің тізімін жасау және еңбек биржалары, бос орындар жәрмеңкесі арқылы олардың жұмысқа орналасуы­на көмектесу мәселелері нақты қолға алынған. Мамандар алимент мәселесін оңтайлы шешу тек бірлескен күш-жігердің нәтижесінде жүзеге асатынын айтады.

 

АЛМАТЫ