Кино • 10 Наурыз, 2024

Шекарасыз махаббат

65 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркістан облысы, Түлкібас ауданының азаматы Сәкен мен Оңтүстік Корея елінің қызы Суджиннің отау құрғанынан былтыр бүкіл ел хабардар болған-ды. Екі жас шаңырақ көтерген кез­де еліміздің ақпарат құралдары жазып, телеарналар жаңа­лық­­­тарынан көрсеткен де болатын. Ал «Turkistan» телеарнасы ақпа­рат беріп қана қоймай, толықметрлі фильм түсіріпті.

Шекарасыз махаббат

Фильм «Кәріс келін» деп аталады. Құрылғанына 3 жыл толған «Тurkistan» арнасының бұл тырнақалды төлтуындысы екенін де айта кетелік. Комедиялық мелодрама жанрындағы фильм шынайы оқиғаларға негізделген. Кореяда 5 жылға жуық жұмыс істеген Сәкен 2023 жылы елге өзімен бірге сүйіктісі Суджин Лиді алып келіп, қарашаңырағына келін етіп түсірген. Бүгінде жас отбасы тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Фильм Суджин Лидің Қазақстанға келген алғашқы күндердегі басынан өткізген қызықты оқиғаларынан бастау алады. Онда екі жастың махаббаты ғана емес, отбасы құндылықтары, қазақ халқының салт-дәстүрлері насихатталады. Мысалы, бір әулеттің жалғыз ұлы кәріс қызына үйленіп, ертең елден кетіп қалып, шаңырақтың оты сөніп қала ма деген Сәкеннің жақындарының уайымы, шекара асып келген қызды бетін ашпай үйіне кіргізіп алған отбасына ауыл ақсақалдарының жиналып келіп, ақылдарын айтуы сынды қазақы танымдар мен мұндалайды. Фильмнің идея авторы – «Turkistan Media Holding» ЖШС бас директоры Жанахмет Ағыбаев. Режиссері – Сардор Расулов, сценарийін теле­арна қызметкерлері бірлесе жазып шыққан. Рөлдерді Түркіс­тан облысы мен Шымкент қала­сының кәсіби актерлері сом­даған. Ал басты кейіпкер Сәкен мен Суджиннің және Розаның рөліне корей тілін жетік мең­гер­ген актерлерді кастинг арқылы Алматыдан шақыруға тура келген. Сәкеннің рөлін – Аслан Қайыпжан, Суджинді – Жұлдыз Мұрат, ал Розаны Ая Исабаева сомдаған. Үшеуінің де актерлік жолындағы бұл алғашқы фильм болғандықтан кемшін тұстарына кешіріммен қарауға болатын секілді. Суджинді сомдаған Жұлдыз Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде корей-ағылшын тілдерінің аудармашысы маман­дығын меңгеріп жүр. Түсірілім барысында Суджинмен кездесіп, әңгіме-дүкен құрған Жұлдыз қиындық болғанын жасырмайды. Корей тілінде сөйлеу оған аса қиындық келтіре қоймаған. Ал Кореядан Қазақстанға махаббаты үшін келген қыздың ішкі сезімін бұлжытпай беру үшін көбірек еңбектенуіне тура келіпті. Қиындықтармен қатар қызықты сәттер де болған. Мәселен, Жұл­дыз түсірілім барысында сиыр сауу есте қалған ең қызықты сәттердің бірі болғанын айтады. Сәкен мен Суджин де түсірілім бары­сында болған екен. Ал Сәкен­­нің әкесі Ерланды сомдаған бел­гілі әнші, актер, көпшілікке «Түркіс­та­ным тұраным» әнімен де танымал – Марат Оразметов бірталай фильм­ге түскен, өзіндік келбеті бар, зор дауыс пен талант иесі еді. Фильмдегі Ерлан – Марат Ораз­ме­товтің кино әлемін­дегі ең соңғы рөлі бол­ды. Туын­ды­ның түсірілімі қара­ша айында аяқ­тал­ған. Ал актер жел­тоқ­сан­ның 7-сі күні жарық дүниемен қош айтыс­ты.

Бүгінде шынайы оқиға желісі­мен түсірілген «Кәріс келін» фильмі Түркістан, Шымкент қала­ларының кинотеатрларында көр­се­тіліп жатыр. Тұсаукесерге келген көрерменнің қарасы қалың. Көр­се­тілімнен соң фильм­ге жоғары баға бергендер де, өз пікі­рін білдірушілер де болды.­ «Оңтүстік десе, ойымызға алды­мен әзіл-оспақ туын­дылары келе қалатыны рас. Бұл фильмнің де коме­диялық сахналары жетер­лік. Одан бөлек танымал әзіл­кеш­тердің фильм­де ойнауы сон­шалықты сәтті болды деп айта алмаймын. Фильмнің ұтқан тұсы­ның бірі – Түркістан өңірінің күздік кей­пін, сұлулығын әдемі бере алған. Таби­ға­тына қарап отырып көз суарасың. Қалай болғанда да, телеарнаның алғашқы жұ­мысы – жап-жақсы фильм. Ең бастысы, ара­да тау жатыр, мұхит жатыр, салт жатыр, сана жатыр демей, бірін-бірі тапқан, махаб­баты бәрін жеңген ғашықтардың шы­найы оқиғасына ескерткіш қаланды деп ойлаймын», дейді көрермендердің бірі, жас ақын Сезім Мергенбай.

Иә, жаңа туындының өз айтары бар. Түлкібас ауданының бір ауылында жас отбасы адал махаббатын аялап отыр. Сондай-ақ өзгені де өз баласындай көретін қазақ жұртының тәлім-тәрбиесінің мықтылығы, қонақжайлылығы фильмде байқалады. Әр күлкілі сәттің астарынан тәрбиелік мәнді аңғарған көрермен қауым жоғары баға беріп жатыр. Түркістан қаласы мен Төлеби ауданында бар болғаны 9 күнде түсірілген фильм көрермендері күн санап көбейе түскенін де айта кетелік.

 

Түркістан облысы