Жастар • 08 Наурыз, 2024

«Бата алсам, бақытқа бөленемін»

49 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жиырма екі жастағы бойжеткен Вера Плетнева мақал-мәтелдеп сөйлегенде сөздің майын тамызады. Еңбекшіқазақ ауданының Ақжал ауылында дүниеге келген орыс қызы Құрөзек орталау мектебіне 1-сыныпқа барып, алғашқы әліппені қазақ тілінде таниды. Алғыр қыз алдына айқын мақсат қойып, мектептен соң Қонаев қаласындағы Қапшағай көпсалалық колледжінің «модельер дизайнер» мамандығына оқуға түседі.

«Бата алсам, бақытқа бөленемін»

Мемлекеттік тілде еркін сөй­леп,­ қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұр­­пына құрметпен қарайтын Вера Влади­мир­қызын білетіндер оны қазақ қызынан кем көрмейді. Мектеп жасынан іс-шаралардың көшбасынан көріне білген Вера қай істе де белсенділігімен танылған. Халық билерін билеп, көрермен ықыласына бөленген кездері аз емес. Кітапқұмарлығы да айналасына көзіқарақты достар жиюына ықпал еткен. Қазіргі кезде қаржы, экономика, психологиялық кітаптарды оқып, ойын жетілдірумен, білімін-білігін ұштаумен айналысып келеді. Бос уақытында ағылшын тілін игеруге де ден қоя бастаған жастың ойы ұшқыр, талабы таудай. Биыл қаңтар айынан бастап Алматы облысының ішкі сая­сат басқармасы «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ-де жұмыс істейді.

«Үйімізде туған тілімізде сөй­лес­сек те, көпшілік орындарда, кө­шеде ел-жұртпен қазақ тілінде сөйлесу әдетке айналған. Бұл – менің қасиетті топырағында дүние­ге келіп, тіршілік етіп отыр­ған пейілі даладай қазақ елі мен жеріне құрметім», деген Вера бала кезден Наурыз мерекесін асыға күтетінін айтады.

«Наурыз – менің сүйікті мере­­ке­лерімнің бірі. Наурыз көже жеті түрлі дәннің қоспасынан әзір­ле­нетінін әлі естен шығарған жоқ­пын. Наурыз мерекесі келгенде шаңырағымызда міндетті түр­де Наурызкөже жасалады. Ресейде тұратын жақын туыс­қа­ны­мыз бар. Солар осыдан жеті жыл бұрын бізге наурыз мерекесі қар­саңында қонаққа келген болатын. Сол кезде анам нау­р­ызкөже жасаған еді, оларға нау­рыз көже қатты ұнады, тіпті ана­мнан ертесіне көбірек жасап беруді өтінді», деп ағынан жарыл­ған Вера ауылдастары мен ұстаз­да­рына айрықша лебізін білдірді.

– Қазақтың тілін, салт-дәс­тү­рін үйренуіме үлес қосқандары үшін ұстаздарым мен жаным­дағы жақсы адамдарға мың алғыс айтамын. Кең байтақ елде туып-өскенімді мақтан етемін, қонақжай қасиетін құрметтеймін. «Көп­пен көрген – ұлы той» демекші, ауылда өскенімнің арқасында көппен ортақ тіл табы­са білдім. «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деп бекер айтпаған. Бата алсам, бақытқа бөленгендей боламын. Адал еңбек етіп, бата алып жүрген адамның жолы ашық, мерейі үстем болады. Бұл менің – басты қағидам, – дейді Вера. – Болашаққа жол бастап, жөн сілтейтін бүгінгі – жастар. Сон­дық­тан еліміздің әрбір тұр­ғы­ны келешегіміздің жарқын бо­луын ойлап, әрі қарай да бір ша­ңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, тәуелсіз елімізді нығайтуға үлес қоса беруіміз керек.

Алматы облысында бү­гін­де 105 этнос өкілі тұрады. Өңір­де 26 этномәдени орталық жұ­мыс істей­ді. Сонымен қатар Алматы об­лыс­тық Қазақстан халқы Ас­сам­­блеясы жанында ғылыми-сарап­­тамалық топ, ақсақалдар алқа­сы, аналар кеңесі, медиация кеңе­сі, жетекші журналистер тобы, кәсіпкерлер қауымдастығы және «Ассамблея жастары» РҚБ өкіл­дігі жұмыс атқарады. Әрбір құ­рылым қоғамдық келісімді қам­тамасыз етуге, Қазақстан хал­қы Ассамблеясы­ның саяси және аза­маттық институт ретіндегі қоғамның бір­лігін, толеранттылықты ны­ғай­тудағы, этнос­ара­лық келісімді сақтаудағы рө­лін күшейтуге өз үлестерін қосады.

 

Алматы облысы