Әйел әлемі • 08 Наурыз, 2024

Кісілікке кішілікпен бойлаған

178 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Генерал және лампас – лауазым-шеннің биігінде жарқыраған алмас. Қазақстан тари­хында бұрын-соңды белдемше киген генерал болмаған. Алдаспан ердің со­йы­на ғана жарасқан генерал шенін қызмет сатысымен өрлегендердің ішінде ірілігі екшелген ілуде біреудің болмаса жаратылысы нәзік әйелдер қауымы ара­сынан жарып шығып, уысында ұстап, ұлықталғаны жоқ еді. Қақпасы тарс бекі­тулі, қойнауы жұмбақ бұл әлем әйелге келгенде ашылмайтын. Қоғамда қа­лып­­тасқан сірескен сең секілді түсінік, шамасы, он жыл бұрын шытынап түсіп, күл болды.

Кісілікке кішілікпен бойлаған

Прокуратура саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен білікті офицер, Сенаттың экс-депутаты, бұрнағы жылдары балалар құқығын белсене қорғаған гүлдей нәзік уәкіл Сәуле Айтпаеваның есімі Қазақстандағы тұңғыш генерал әйел ретінде мақтанышпен атала бастады. Тұңғыштың тұғыры қашан да биік, алғашқылардың есімі ардақты болатыны – заңдылық. Сәуле Мұханбедианқызы – Қазақстандағы «тұңғыш» әрі «жалғыз» әйел генерал болса, күллі Орта Азиядағы осы атақты иеленген үш әйелдің бірі. Үшеудің бірі – Тәжікстанның милиция генерал-майоры Барно Саидвализода болса, бірі – Моңғолияның генералы Болор Ганболд, ал бұл екеуінен де бұрын генерал шеніне қол жеткізген қазақ қызы Сәуле Айтпаева болатын.

«Генерал әйел» дегенді естісе, көз алдына әйелдің нәзіктігінен ада, білек күші білем-білем болып күш құрылымында немесе қорғаныс саласында қызмет етіп жүрген ерге ұқсас әйелдер елестейтіні де өтірік емес. Ал Сәуле Мұханбедианқызы Свердловск қаласындағы Р.Руденко атындағы Заң институтын бітіргеннен кейін прокуратура саласының барлық баспалдағын басып өтіп, ең жауапты жұмыстарды атқарып, осы абыройды иеленді.

Бұрынғы Торғай облысы Жақсы кен­тін­де дүниеге келген Сәуле Айтпае­­в­а­­ның кәсіби қызмет жолы қазақ әйелінің ең биік мақсатты бағындыра алатынын, білім мен еңбекқорлықтың та­бысқа жетудің басты шарты болаты­нын дәлелдейді. Целиноград қаласы Ленин аудандық прокуратурасынан басталған еңбек жолы кейін Қазақстан Респуб­ликасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығында жалғасты. 2003 жылдан бастап Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу бойынша Комитет төрағасы болып тағайындалды. Кейіннен Парламент Сенатының депутаты болды, II дәрежелі «Даңқ» орденінің кавалері, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау академиясының профессоры атанды.

Жаңа қаланған мемлекет тәуел­сіз­дік алған тұста өткен тарихтың құн­ды­лықтары қайта таразыға түскені бел­гілі. Дәл осы құндылықтар алмасқан алма­ғайып кезеңдегі мемлекет құры­­лы­сындағы өзгеріс қоғамның бар­лық саласына жаңа леп әкелді. Осы лек­тің алдыңғы қатарында Сәуле Мұхан­бе­дианқызы да жүрді. Дербес елдің саяси-құқықтық жүйесіндегі жауапты міндетті арқалай жүріп, барлық құндылықтан мемлекеттік мүддені жоғары қоятын ұстанымын қорғау жолында жаңашыл батыл қадамдарымен, еңбекқорлығымен көзге түсіп, беделге ие болды.

«Әйелдерді әрдайым жауапкершілік сезімі өзгелерден ерекшелендіріп тұрады. Ол әуелден бейбітшілікті, қауіпсіздікті, тыныштықты жақсы көреді. Сондықтан құқық қорғау органдарындағы қызмет шынында да конституциялық құқықтың қорғалуы үшін жұмыс істеуге жігерлендіреді», деген еді Сәуле Айтпаева генерал шенін алған кешінде. Лауазымдардың биігін бағындырып жүріп, өзін ешқашан астам ұстап көрмеген генерал бойындағы осы кішіпейіл мінез жас курсанттарға көркем үлгі болып көрінді. Кісілікке кішілік арқылы бойлағанын осылай көрсетті.

Отанға сүйіспеншілік, бала құқығы, тәлім мен тәрбие, отбасындағы зорлық-зомбылық, ана мейірімі сияқты түрлі тақырыпта әңгіме өрбітті. Генерал тал бойына нәзіктік жарасқан арулардың да сын сағатында атой салып алға ұмтыла алатынын, қайсарлық үлгісін көрсетуде үнемі алғы шептен көріне білгенін, олар­дың ерлігі ұмытылмайтынын тебірене оты­рып әңгімеледі. Абайды пір тұта­­ты­нын аңғартып өтті. Ой алыбының «Қара сөздері» қашан да қолынан табы­ла­ды. Ақынның «Адамның баласы – бауы­рың» деген үш ауыз сөзі жүрегіне құн­­дақ­таған өмірлік қағидасына айнал­ған.

Биік қарым-қатынас жасау мәде­ние­тімен ерекшеленетін, кәсіби қыры жетілген С.Айтпаева отаншыл болуға үндеген ойымен бірге қызмет бабында кездескен өзге ақпараттармен де бөлісті. Мысалы, оның айтуынша, «генерал» шеніне қол жеткізу ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін иеленумен тікелей байланысты екен. Генералға үміткер болған басқа да лауазым иелерінің ішінде бұл орден тек Сәуле Айтпаевада ғана болып, асығы алшысынан түскенін жасырмады.

Академия тыңдаушыларының: «Шәкірт тәрбиелей алдыңыз ба? Қанша түлек ұшырдыңыз?» деген сұрағына Сәуле Мұханбедианқызы жылы шыраймен жауап берді. Өзінен кіші сіңлілеріне бағыт-бағдар беру, оларға көмек қолын созу кәсіби міндеті ғана емес, азаматтық парызы екенін, Ж.Жаманбаева, С.Мама­това, А.Ташмағанбетова, Ж.Ілияс, А.Қыдырова, К.Рахимова, В.Шеру­баева, Л.Веригина, О.Лагутина, Л.Сүлей­менова, М.Карибаева сынды шәкірт­те­рінің үмітін ақтағанын, олардың жетіс­ті­­­гімен мақтанатынын айтты.

Әйел адамның құзырлы орындарда мансап иеленуіне, қызмет сатысы бойынша жоғарылап өсуіне үйіндегі арқасүйер аза­матының дем беріп, қолдауы ауадай қажет екенін айтты. Генерал: «Бар байлығым – отбасым. Отбасында мен генерал емес – сүйікті жар, аяулы анамын. Азаматым – арқасүйерім, қолдаушым, қорғаным. Себебі жан жарым болмаса, ол түсіністік танытып, маған үнемі қол­дау танытпаса, менің генерал болуым­ екі­талай еді. Әйел деген гүл сияқты, оған сүйсініп, оны аялап, баптамаса, әдемілігін көрсете алмайды. Осы орайда мені гүл сияқты аялаған жолдасыма ризамын» деген мысалымен сөзін қоры­тын­дылады.

 

АЛМАТЫ