Өндіріс • 06 Наурыз, 2024

Шағын кәсіптің берекесі

162 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан тоғыз жыл бұрын өндіріс ашу идеясы Махамбет Асабаевтың ойына кездейсоқ келген жоқ. Бірнеше жыл бойы мұнай-газ, тау-кен және құрылыс кәсіпорындары үшін импорттық жұмыс киімдерін, аяқкиімдерін және жеке қорғаныс құралдарын жеткізумен айналысты. Негізі, алып-сату бағыты. Нарықты егжей-тегжей зерттеген кәсіпкер жұмысшы қолғабына сұраныс артқанмен, өндірісіміз жолға қойылмағанын түсінді.

Шағын кәсіптің берекесі

Жыл сайын республикада Қытай мен Ресейде өн­ді­ріл­­­ген бұл өнімдердің 1 мил­­­лион­ға жуық жұбы сатып алынады. Сондықтан сатып алу-сату саласында тәжірибесі бар ша­ғын компанияны бас­қарып отыр­ған кәсіпкер үшін бұл бағыт тыңнан түрен салғандай қабыл­дан­ды.

Бұқаралық ақпарат құрал­дарынан кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларымен танысқан Махамбет толыққанды кеңес алу үшін «Даму» қорына жүгінді. Сарап­шылар оған Назарбаев универ­­си­тетінің Жоғары бизнес мек­тебінде оқуға кеңес берген. М.Асабаев мемлекет есебінен төленетін қысқа­мерзімді оқу курс­тарынан кейін Алматы қала­сының Кәсіпкерлерге қыз­мет көрсету орталығы мамандарымен ақылдаса отырып, нақты бизнес-жоспар түзді. Кредиторлар сенім білдіру үшін бизнес-идеяны сауатты ұсыну, бизнесті ең аз шығынмен табысқа жететіндей етіп ұйымдастыру қажет.

Дегенмен жобаны жүзеге асыруға әлі де қаржы жеткіліксіз еді. Бұл ретте «Бизнестің жол картасы-2020» бағдар­ла­масы бойынша мемлекеттік тегін грант байқауына қатысуы кәсіпорын үшін маңызды болды. 2015 жылы 20 тоқыма станогімен жұмыс істеген шағын кәсіпорында қазір 35 станок бар. Күніне 5000 жұп поливинилхлорид, (ПВХ), гельмен қапталған қолғап шығарады. Негізінен ішкі нарықтағы мұнай, құрылыс компаниялары тапсырыс береді.

пар

Кәсіпкер ішкі нарықтағы үлес үшін күрес «тар жол, тайғақ кешумен» бір­дей екенін айтады. Тауарға пайдаланатын ши­кізаттың 40 пайызы елде шыға­рылса ғана отандық тауар болып саналады. Махамбеттің биз­­нестегі серіктес­терімен бірге шы­­ғарып жатқан құры­лыс қол­ға­бы­ның 42 пайызы отандық өнім­дер­ден дайындалған.

«Біздің тауар құрылымының 58 пайы­зы – импортқа тәуелді. Кейбір тауарларды көрші елдерден алдырамыз. Бізде бұл көрсеткіштің деңгейін 60-70 пайызға дейін көтеруге мүм­кіндік бар. ПВХ, гельге қол­данылатын шикізат өнім­дерін өзімізде шығарсақ, тауар құнына әсер етеді. Өкінішке қарай, Қазақ­станда құрылыс материал­дары жа­салатын шикізат өн­дірілмейді. Жіп­терді Қы­тайдан, қолғаптың жұмыс бетіне қолданылатын ПВХ қа­батын Ресейден әкелу керек. Қажетті шикізат пен қо­салқы тауарларды, бояуды, желімді өз елімізде шығаруға мүмкіндік бар. Ол үшін Қазақстан даму банкі сияқты қаржы институттары бизнеске пайызы төмен несие беруді ұйымдастырса жақсы болар еді. Сонда күндік айналымы 5 мың қолғаптан аспайтын өндіріс орындары тек құрылыс қолғабы емес, аяқкиім, бас­киім­ге дейін шы­ға­ра­тын логис­ти­калық тізбектегі алып кә­сіп­орын­ға айналады. Бұл фактор ша­ғын және орта бизнес өкілдері арасынан бизнес-акулаларының шығуына тос­қауыл болып отыр», дейді М. Асабаев.

ро

М.Асабаев осы ретте шикі­зат­ты шетелге экспорт­та­ған­дар немесе шетелден тауар әкеліп сататындар ішкі нарықты жабайы базарға айналдырып жіберді дейді.

«Бизнеске «тез байып кетудің төте жолы» деп қарайтындар бизнесінің бола­ша­ғын өз қолы­мен тұншықтырып тастай­тынын түсінбейді. Бизнесте эво­­­лю­­циялық үйлесім сақталса ғана оның ғұмыры ұзақ болмақ. Дәл қазір кә­­сіп­­пен айналысып жүр­ген азамат­тар­­дың қаншасы алып­сатарлыққа ден қойған, қаншасы та­уар шығаруға ба­сым­дық берген, оның аражігін ашу қиын. Кәсібімді перзентімдей көремін. Жабылып қала жаздаған қиын сәттерді де бастан кешірдік. Алматының қара базар­ла­рындағы жарамдылығы бір күннен аспайтын шетелдік құрылыс қол­ғаптары талай рет тынысымызды тарылт­ты. Алай­да қашанда сапалы өнімге басымдық беретін шетел ком­па­ния­лары біздің өнім­­дерге қызығу­шы­­лық танытты. Елде тір­келген француз ком­панияларының тап­сырыс беруі жоба­мыз­дың екінші тыны­сын ашқандай болды», дейді кәсіпкер.

Осыдан кейін ақ тапсырыс берген компаниялардың геогра­фия­лық шекарасы кеңейіп жүре берген. Сәйкесінше, басқа компаниялардан да тапсырыс түсе бастапты.

«Былтыр кәсіпорнымызды Тараз қаласына көшірдік. Онда жұмыс күші арзан, содан кейін жалға беру орны да қолжетімді. Бұл қаржы көзін үнемдеп, қосым­ша станоктар сатып алуға мүмкін­дік берді», дейді М.Асабаев.

Биік таудың басында ештеңе өспейді, бірақ төбесіне шықса, көп нәр­сені көруге болады. Сол секілді, күнделікті тынымсыз тіршілік елеу­сіз нәрсе сияқты сезі­ле­ді. Алайда те­геу­рінді талап пен ұлы ізденістің нә­ти­жесінде бағындырған биіктік ғала­мат өзгерістерге жол ашатыны ақи­қат дүние. Тынымсыз еңбек, кәсіби біліктілік және жауапкершілік – ме­жеге жетудің кепілі. Қазақстанда әзір­ге құ­рылыс қолғабы индустриясының көш­басшысы атанған кәсіпкердің табыс формуласының кілті осы.

 

АЛМАТЫ