Театр • 03 Наурыз, 2024

«Домалақ ана» операсы – Түркістан сахнасында

49 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қалалық опера және балет театры «Түркістан – Ұлы дала мекені» атты іссапар аясында Тасқын Жармұқаметтің «Домалақ ана» операсын алғаш рет Түркістан муызкалық драма театрында сахналады.

«Домалақ ана» операсы – Түркістан сахнасында

Жалпы 50-рет сахналанып отыр­ған қойылымның идея авторы – Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, Мем­ле­­­кет­тік сыйлықтың лауреаты Майра Мұ­ха­­медқызы, композиторы – Мәде­ниет саласының үздігі, халықаралық бай­қау­­лардың лауреаты, Тасқын Жармұ­қа­мет. Либреттосын жазған – Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, қоюшы-режиссер – Михаил Панджавидзе, қоюшы-дирижер – Мәди Өмірзақов, қоюшы-суретші – Бақыт Күзембаев. Театр директоры Майра Мұхамедқызының айтуынша, қойы­­лым­ды киелі қала көрермендеріне ұсы­ну­дағы бір мақсат – өңірімізге жан-жақ­­тан келген туристерге дәстүрлі тарихи мә­де­ниетімізді таныстыру.

«Домалақ ана» операсын сахналау еге­мен еліміз үшін тарихи оқиға, жаңа белес болып отыр. Қазақ тари­хындағы аты аңыз­ға айналған абыз ана­ла­рымыздың ішін­де қасиетті «Дома­лақ ана» туралы оқи­ға тарихи шын­ды­ғының молдығымен да­ра­ланып тұра­тын шығармалардың бірі екендігі сөз­сіз. Аналарымызды ұлық­тамай, ұлы­ларды дәріптемей ұлы өнер­ді жаса­дық деу артық», дейді Майра Мұхамедқызы.

Қазақ халқының өзіне тән қасиетті ана бейнесі «Домалақ ана» операсында тереңдікпен жеткізілген. Жас қыз Нұриланың ана атанып, өсиет пен рухани құндылықтарға және мейірімге толы ғұмыры арқылы ана махаббатының қуаты шынайы көрсетіліп, суреттеледі. Опера тек аналық қайсар жүрек пен қалың елге тараған кеңпейілділікті айшықтап қана қоймай, қазақ халқының тари­хында маңызды оқиғалардың қозғаушысы болған Бәйдібек батырдың өз халқы­на деген сүйіспеншілігімен бір арнаға тоғысып, қазақ елінің мәдени көркем­­дігін кеңінен қамтиды. Қойылым соңын­да көрермен өнер ұжымына зор қош­емет көрсетіп, ризашылығын білдірді.

Айта кетелік, Түркістан музыкалық драма театры наурыз айында өнерсүйер қауымға «Фариза» драмасын, «Келіндер көтерілісі» комедиясын және «Бөрте» тарихи драмасын ұсынады.

 

ТҮРКІСТАН