Қоғам • 28 Ақпан, 2024

БАҚ өкілдерімен кездесті

43 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Солтүстік Қазақ­стан облысының әкімі Ғауез Нұр­мұ­хам­бетов облыстың БАҚ өкіл­де­рімен кездесті.

БАҚ өкілдерімен кездесті

Әкім журналистерге облыстың әлеу­меттік-экономикалық даму барысы, «Qyzyljar» АЭА қадамдары, әлеу­­меттік және басқа мәселелер жө­нінде толық ақпарат берді. Был­тыр тек ауыл шаруашылығы ғана бел­гіленген межені орындай алмаған, қал­ған саланың бәрі де жоспарды асыра орын­дап, экономиканың даму қар­қынын қамтамасыз еткен. Ал 2024 жылы 551,9 млрд теңгеге 11 инвес­ти­ция­лық жобаны іске асыру белгіленген.

Баяндамасын аяқта­ғаннан кейін Ғ.Нұрмұхамбетов журналистердің сұрақтарына жауап берді. Соның ішінде қарғын суға қамдану мәселесінде Пе­тропавл қаласы әкімдігінің сал­ғырттық танытып отырғанын айттық. Өйткені жекеменшік үйлердің көп аудандарында ауладан шығарылған қар таудай болып үйіліп, тасылып әкетілмей тұр. Қала әкімдігі осы жұмыстарды атқаруға тендерге жариялап, компания­ларды белгілегенімен, қар уақытында тасылмайды. Егер ертең күн күрт жылып кетсе, тау болып үйілген қардың суы үй­лерге кіріп кетпей ме деген алаңдау­шылық бар. Облыс әкімі бұл сұрақ­тың өте өзекті екенін мойындап, кездесуге өзімен бірге келген қала әкімі Серік Мұхамедиевке жолдады. Бірақ соңғының жауабы түсініксіз күйінде қал­ды, өйткені оның сөзі қар таситын ком­панияларды енді таптық дегенге саяды.

Жалпы, қала басшысының қар шы­ғару жұмыстарына жүрдім-бардым қа­райтыны көрініп жүр. Ша­һарда тек жаяу жүргіншілерге арналған «Қазақстан Консти­ту­циясы» көшесі биыл дұ­рыс тазаланбағандықтан көк мұз болып, жаяу­ларды кібіртіктетіп тастаған.

Сонымен бірге облыстың мәдениет ошақтарында, әсіресе С.Мұқанов атын­дағы облыстық ғылыми әмбебап, Ғ.Мүсірепов атын­дағы балалар және жасөс­пірімдер, И.Шухов атындағы қа­лалық кітапханаларда зиялы қауым өкілдері, оқытушылар мен мұғалімдер, курсанттар, студенттер мен оқушылар қатысуымен өткізілетін мәдени іс-ша­раларға жергілікті билік өкілдерінің, ішкі саясат, мәдениет басқармаларының өкілдері мүлде қатыспайтынын айт­тық. Сондықтан халықтың айтқан ұсыныс-пікірлері жергілікті биліктің құлағына жетпейді, мұндай іс-шараға қатысушылар үнемі наразылық білдіріп жататынын жеткіздік. Ғ.Нұрмұхамбетов бұл мәселені мүлде білмейтінін жа­сырған жоқ. Кездесуге қатысып отырған әкімдіктің аппарат жетек­шісі Руслан Әлішевке тапсырма беріп, өткі­зі­летін барлық іс-шараға билік өкіл­де­рінің қатысуын қам­тамасыз етуді тапсырды.

Біз көтерген үшінші мәселе – Тіл басқармасын қайта ашуға арналды. Елдің шетіндегі, желдің өтіндегі аймақта оны жауып тас­тау, мемлекеттік тілдің өрісін та­рылтумен барабар. Ауыл ша­руашылығы министрі­нің қызметіне ауысып кеткен бұрынғы әкім Айдарбек Сапа­ров бұл мәселені түзетпек бол­ған еді, алайда үлгере алмай кетті. Қазіргі әкім бұл мәсе­ленің оң шешілетініне уәде берді.

«Қазақстан дәуірі» газетінің облыс­тағы меншікті тілшісі Нұрсайын Шәріп ономастикалық мәселелердің оңалмай тұрғанын айта келіп, тым болмаса Абы­лайдың атына да Петропавл қала­сында бір көше әлі күнге берілмей тұрғанына қынжылыс білдірді. Әкім бұл мәселелерге де өзінің оң қарайтынын, алдағы уақытта қолға алынатынын мәлімдеді.

Журналистердің бәрі де өзекті мә­селелерді қозғады. Мектеп аулала­рының жөн­делуі, жаңа спорттық алаң­дар­дың түзілуі, қаланың көрік­тендірілуі, ауруханалардың назардан тыс қалып келе жатқаны және басқа да мә­селелер ор­таға салынды. Соның ішінде об­лыстың муниципалды телеарнасының директоры Евгений Сазонов қаланың кейбір көшелерінде тротуарлардың жоқ екеніне назар аударды. Біз де осыдан бірнеше жыл бұрын қаладағы ең көрікті көшелердің бірі – М.Жұ­ма­баев даңғылының жолын жөндегенде, жұмысшылардың жаяу соқпақ жасауды қалай «ұмы­тып» кеткеніне қайран қалып, жазғанбыз. Тіпті оның жоспарға енгізілмеуі мүмкін еместігін, алайда бөлінген қаражат біреулердің қалтасына түсіп кетуі мүмкін екенін де айтқанбыз. Облыс әкімі бұл мәселені сатылап жөндеу туралы қала әкіміне тапсырды.

Сөйтіп, БАҚ өкілдері облыс әкі­міне күрделі мәселелерге қатысты сұ­рақтарын қойып, жеңілдеп қалды. Ал Ғ.Нұр­мұхамбетов осы уақытқа дейін көңіл бөлмей келген біршама дүниені біліп, көптеген ақпарат алып, екі жақ та олжалы болды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы