Экономика • 22 Ақпан, 2024

Қызылжарға қызығатын инвестор көп

59 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда Петропавл қала­сын­да халықаралық эко­но­­­микалық форум өтті. «Qyzyljar Investment Forum – 2024» аталған жиынға ұлттық компа­ния, қаржы институты, биз­нес қауым­дастық өкіл­дері, отандық және шетел­дік ком­пания басшылары қатысты. Форум­ның мақ­саты – «Qyzyljar» ар­найы эко­но­микалық ай­мағының (АЭА) жұмысын жандандыра түсу.

Қызылжарға қызығатын инвестор көп

Қонақтар алдымен Петро­павл­да жұмыс істеп, игілікті нәти­­же­лер­ге қол жеткізіп жүрген ком­па­ниялар өнімінің көрмесімен та­нысты. Жасыратыны жоқ, меймандар провинцияда қоныс тепкен фирмалардың өніміне іскерлік көзқараспен қызығушылық танытты.

Көрмеден кейін форум жұ­мы­сы жалпы отырыспен жал­ғас­ты. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхам­бе­тов өңір дамуының негізгі көр­сет­кіш­те­ріне тоқталды.

«2023 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісі 1,4 млрд доллар көлеміне жетті, оның 84 пайызы өңдеу өндірісіне тиесілі болды. Ал экономикаға құйылған барлық инвестицияның 40%-ы ауыл шаруашылығына бағыт­тал­ды. Соңғы үш жылда өңірімізге 2,2 млрд доллар көлемінде инвес­тиция тартылды. Былтыр тікелей шетел инвестициясының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2,6 есе өсіп, 282 млн долларға жетті. Бүгінде өңір экономикасының 15 пайызы өнеркәсіпке тиесілі. Былтыр өндіріс көлемі 1,4 млрд долларды құрады. Мұның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі басым. Бүгінде облысқа құйылған инвестицияның 40 пайызы ауыл шаруашылығына бағытталып отыр. Өңірде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру бо­йынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде еліміздегі әрбір екінші тауарлы-сүт фермасының біздің өңірден ашылғанын мақтан етеміз. Біздің алдымызда аграрлы экономикадан аграрлы-индустриалды экономикаға көшу міндеті тұр. Өңірдің инвесторлармен серіктестік әлеуеті жоғары. Сіздерді әр салада бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын», деді облыс әкімі.

Сонымен бірге ол өңірге кейінгі 3 жылда шетелдік 15 ком­­па­ния келіп, экономиканы дамы­туға инвестиция құйғанын айт­ты. Ал инвесторларға 2019 жылы құрылған «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының жеңіл­дік­тері мол екенін еске салды. «Qyzyljar» еліміздегі ең жас АЭА болса да, оның аумағында төрт бірдей аса ірі компания өнім шығарып жатыр. Атап айтқанда, ауылшаруашылығы техникаларын құрастыратын «Claas» концерні, «Казтехмаш» ауыл шаруашылығы құрылыс зауыты, тіркеме мен басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын «Reimann» фирмасы және Петропавлдың электртехникалық зауыты.

«Қазір 4 ірі компания өз жұмы­сын бастап кетті. Мұның үстіне 16 компания жалпы құны 632 млн доллар болатын жобаларды жүзеге асырып жатыр. Нәтижесінде, ай­мақта 3 мың жұмыс орны пайда бол­мақ. Кейінгі үш жылда құрылыс көлемі де артып, 70 пайызға өсті. Облыс орталығының жаңа бас жоспарының аясында жаңа нысандар бой көтеріп, ескі ғимараттар жөн­деліп жатыр», деді Ғауез Торсанұлы.

Әкімнен кейін сөз алған Ұлт­тық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов кейінгі жылдары Солтүстік Қазақстанда инвес­тиция тарту айтарлықтай өскенін атап өтті.

«Өткен жылы «Qyzyljar» АЭА-да негізгі капиталға құйыл­ған қаржы көлемі 17 пайызға өсті. Ин­вес­торлар үшін мұнда қолай­лы жағдайлар жасалған, са­лықтық жеңіл­діктер мен әріп­тес­тік­тің оң­тай­лы жолдары қарас­ты­рыл­ған», деді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бер­далин министрлік тарапынан атал­ған саланы қолдау шаралары жайлы баяндама жасады. Биыл па­йыз­дық мөлшерлемені суб­си­дия­­лауға республика бойынша бар­лығы 85 млрд теңге бөлінсе, соның 10 млрд теңгесі Солтүстік Қазақ­стан облысының шаруаларына бағыт­тал­ған.

«Басым бағыттар бойынша салынған қаржының бір бөлігін өтеу де көзделген. Ел Үкіметімен ірі жобалар бойынша келісімге келген стратегиялық инвесторлар жер, табыс, қосымша құн салығынан босатылады. Өткен жылы елдің ауыл шаруашылығына тартылған қаржының 17 пайызы Қызылжар өңіріне бағытталып, 200 млрд теңгеге жеткен. Өңірдегі жобаларға жеңілдетілген несие беру тәжірибесі ел бойынша қолданысқа енгізіліп жатыр. Былтыр өңірде тауарлы-сүт фермаларын салуға 100 млрд теңге бөлінсе, биыл да осынша көлемде қаражат қарастырылып отыр», деді Аманғали Бердалин.

Мінбеге көтерілген италиялық «Prosol» компаниясының өкілі Сырым Абылғазиев өңірде ашылатын өндіріс орнының жоспарын таныстырды.

«Prosol» компаниясы био­техно­логиялық өнімдерді терең өңдеу­мен айналысады. Зауыт солтүстік Италиядағы Милан қа­ла­­­сының маңында орналасқан. Қазір Қытай және Америка на­рығына шығуды жоспарлап отырмыз. Өндірісті кеңейту үшін «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында зауыт құрылысын салуды қолға алдық. Онда бел­сенді жем-азықтық ашытқы өнді­рі­леді. Солтүстік Қазақстан – ло­гис­тикалық жағынан өте тиімді аймақ. Әлемде биотехнология арқылы мал азығының қоспаларын шығаратын 4 зауыт қана бар. Өзім осы саланың маманы болған­дық­тан, келешекте мұндағы зауытты да бұл қатарға қосқым келеді», деді Сырым Абылғазиев.

Кейінгі жылдары Ресейден келіп жатқан өндіріс орындары да көп. Солардың бірі – «Бейкертон» серіктестігі. Компанияның көрші елде түрлі тағам өнімдерін шыға­ратын үш зауыты бар. Қызыл­жар­ өңірінде салынатын зауытта ұзақ сақ­талатын нан өнімдері мен до­наттар (пончик) өндіріледі. Сол сияқты «Уралкран» компаниясы да арнайы экономикалық аймақта өндіріс орнын ашқалы жатыр. Онда жүк көтеру крандары құрастырылып, сервистік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейтін болады.

Форумның екінші бөлігінде жергілікті және шетелдік құрылыс саласының өкілдері жобаларын таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті. Жиын соңында облыс әкімі бүгінгі форумға келген елор­далық әріптестерге, барша инвес­торларға, Қытай, Ресей, Ита­лия компанияларының өкілдеріне алғы­сын білдірді.

«Біз инвесторларға қолдау көрсетіп, жаңа идеялар мен тың жобалардың жүзеге асуына жәр­дем­десуге дайынбыз. Өңірдің логистикалық орналасуы да бизнес үшін тиімді. Ал өңірдің ең бас­ты байлығы – адам капиталы», деді жиынды қорытындылаған өңір басшысы.

Форум барысында қала әкім­дігі «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпорациясы, «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы өкілдері мен инвесторлар арасында құны 128 млрд теңгені құраған 14 меморандумға қол қойылды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы