Білім • 20 Ақпан, 2024

Оқушы ынтасын оятқан жоба

294 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ата-ана үшін баланың, мұғалім үшін оқушының бәрі бірдей. Кейбірі ауыл мұғалімдерінің дәрісін тыңдайды. Өзгелері үлкен шаһардағы мекептерде білім алады. Дегенмен оқушының бәрі де сапалы білім алуға, инновациялық жобаларды іске асыруға жол ашатын түрлі үйірмеге қатысуға, робот құрастыруға ниетті екені даусыз.

Оқушы ынтасын оятқан жоба

Осы орайда «Білім керуені» корпоративтік қорының бас директоры Зарина Биюмбаеваның айтуынша, былтырдан бері Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы №8 орта мектепте «Жылыой STEAM мекені» білім беруді дамыту жобасын жүзеге асыра бастады. Бұл жобаға осы аудандағы «Теңіз» кен орнынан «қара алтын» өндіретін «Теңізшевройл» ЖШС демеушілік көрсетті. Бұл зертхана шағын шаһардағы оқушылардың түрлі робот пен  гаджетті құрас­ты­руына жол ашып отыр. Атал­­ған жоба аясында білім орда­ларында инновациялық каби­нет­тер ұйымдастырылып, мұға­лімдер мен студенттерге арнал­ған оқу тренингтері, фести­вальдар, лагерьлер, хакатондар өткізіліп келеді. Мектеп мұғалім­дері балаларды оқытпас бұрын біліктілігін арттырды. Шетелдік лек­торлар шақырып жергілікті оқы­тушылар STEAM сертификаттау бағдарламасымен бір жыл­дық «Jana Talap» курсынан өтті.

«Біз Қазақстанда STEAM білім беруді дамытудың ұлттық жол картасымен жұмыс істейміз. Бұл жобаның басты мақсаты – мектеп жасындағы балалардың жаңа стандарттар бойынша сапалы білім алуына, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеруіне тең мүмкіндік беру. Қазір жобаға оқушылардың ынта танытушылар қатары көбейді. Оның ішінде Жылыой ауданындағы мектеп директорлары мен оқу ісінің меңгерушілері, мұғалімдер мен оқушылар бар. Оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнатып отырмыз», дейді Зарина Биюмбаева.

Оның пікіріне сүйенсек, «Жылыой STEAM мекені» жобасын іске қоспас бұрын мұнайлы өңірдегі STEAM деңгейіне зерттеу жүргізіліпті. Сараптама көрсеткендей, көптеген мектеп директорын білікті кадрлардың жетіспеушілігі алаңдатқан. Мұға­лімдерге арналған STEAM курс­тары, семинарлар және тренингтер көп өтпеді. Осыған байланыс­ты орта мектептердің басшылары мұғалімдер мен оқушыларға шеберлік сабақтарын өткізу үшін роботтехникамен айналысатын өзге оқытушыларды тартуға мәж­бүр болады.

Құлсары қаласындағы №8 орта мектептегі озық технология­лармен жабдықталған информатика кабинеті көрген жанның қызығушылығын оятады. Мұнда халықаралық FIRST бай­қауының стандарттары бойынша химия-биология және физика-мате­матика кешені, роботтехни­ка аймағы бар. Әмбебап STEAM зерт­ханасында балалар әртүр­лі ғылыми жобаларды оқиды. Роботтехника сыныбы LEGO SPIKE PRIME оқу жиынтығымен, Rev Robotics конструкторларымен, ClassVR виртуалды инно­вациялық жүйесімен, дрондар­мен, VegeBox смарт жылыжайы­мен және 3D принтерлер­мен жабдықталған. Мектеп оқушы­лары осының бәрін тәжі­рибелік мақсаттағы роботтехника сабақ­тарында пайдаланады.

Оқушылар информатика ка­бинетіне мұғалімнің дәрісін ғана емес, робот құрастыру үшін де келеді. Пән мұғалімі Мәдина Сағынғали оқушының бәріне көмектесуге уақыт табады. Ол бұрын роботтехникаға байланысты курстар мен тренингтерде біліктілігін жетілдірген.

«Инновациялық технологиялар заманында білім саласындағы мұндай жобалар өте қажет. Жы­лы­ой ауданындағы алғашқы заманауи STEM сыныбы біздің мектепте ашылды. Бұл оқушылар үшін тосынсый болды. Қазір роботтехника үйірмесіне 500-ден ас­там оқушы ерекше қызы­ғу­шылықпен қатысып жүр. Оқу­шы­лар цифрлық жабдықты пайдалануды, роботтарды жобалауды және бағдарлама жасауды үйренеді. Мектептен ақпарат­тық технологияларды меңгеріп шыққан оқушының болашағы жарқын болады», дейді Мәдина Сағынғали.

Мектепте STEM кабинеті қажетті құрал-жабдықпен қамты­лып, түрлі тақырыпқа сай бе­зендірілген. Балалар әр сабақта түрлі модификациядағы робот­ты құрастыру жинақтарын, соң­ғы үлгідегі планшеттерді пайдаланады. Роботтехника үйірмесі аптасына үш рет жұмыс істейді. Жас өнертапқыштар тек Атырау облысында ғана емес, республика көлеміндегі байқау­ларға да белсене қатысып жүр.

«Мәселен, өткен жылы ZHylyoy STEAM лагерінде мек­теп оқушылары арасында хакатон ұйымдастырылыпты. Бұл шараға №8 орта мектептің 7-сынып оқушылары қатысып, Астана қаласындағы PRO.NRG Fest ғылым, өнер және тех­нология фестиваліне жолдама­ны  жеңіп алған. Бұл – STEAM білім беру саласындағы ауқым­­ды ғылыми-көпшілік іс-ша­­ра. Фестиваль аясында Central Asia FIRST GLOBAL CHALLENGE халықаралық бай­­қауы өткізілген. Сол сайыс­та «E=mc2» коман­дасы арнайы сыйлықпен мара­патталған. Мұн­дай байқау оқушы­ларды шығар­машылығын одан әрі жетілдіруге шабыттандырды», дейді М.Сағынғали.

Ал жақында мектеп оқу­шы­лары «FIRST Robotics» халық­аралық байқауының облыстық іріктеу кезеңінде бақ сынады. Атырау қаласындағы Абай орта­лығындағы байқауда 52 коман­даның арасынан FIRST Lego League Challenge санатында «TECH ECLIPSE» командасы 3-орынға ие болды. Енді олар елордада өтетін чемпионаттың республикалық кезеңіне қаты­сады.

Жобаның бастамашылары облыстағы мұғалімдер мен оқу­шылар үшін арнайы зертхана ашты. Былтыр сәуір айында FIRST Robotics халықаралық байқауы аясында аймақтық интег­рацияланған роботтехника хакатоны өтті. Құлсары қала­сының командасы Орталық Азия FIRST Global Challenge ұлттық кезеңіне қатысты. Ко­манда 11 матч өткізіп, Judge award марапатына ие болды. Сон­­дай-ақ 7-11 сынып оқушыла­ры­на арналған STEAM білім беру бағ­дарламасы жүзеге асырыл­ды. Зертханаларға оқу-әдістеме­лік кешен, бақылау-өлшеу материалдары әзірленді. Жоба аясында облыстағы 23 мектеп мұғалімдерінің біліктілік арттыру курсы өтті. Жалпы, мұға­лімдердің кәсіби дағдысын жетіл­діру бағытындағы STEAM курсы ай сайын ұйымдастырылады.

 

Атырау облысы