Салық • 19 Ақпан, 2024

Қосымша құн салығы көтерілмейді: Қазынаны қалай толтырамыз?

194 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Экономикалық өсім динамикасын, дизайнын және құрылымын жақсарту қажеттігі толғағы пісіп жетілсе де, орындалуы кейінге шегеріле берген мәселе еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, салық жүйесін жедел жаңарту қажет. Президент салықты жай көбейтуге болмайтынын, оларды жинау жүйесін жетілдіру және көлеңкелі экономиканы азайту үшін жұмыс істеу керектігін атап өтті.

Қосымша құн салығы көтерілмейді: Қазынаны қалай толтырамыз?

Мемлекет ҚҚС-ның көтерілмеуін жақтады

Салық преференцияларын 20 пайызға қысқарту туралы бұйрықтың орындалмағанын және мәселені шешудің тәсілдері де әзірленбегенін еске салып, әкімшілік қысымды азайтуды алға тартты. Қосымша құн салығының (ҚҚС) ұлғаюы инфляция деңгейін және көлеңкелі экономика үлесін көбейтіп, түрлі жеңілдіктердің жемсауында кеткен салықтардың жылдық көлемі орташа есеп­­пен ­7 триллион теңгеге жеткені тұң­ғыш рет Ақордада айтылды.

Пайда мен мүлікке салық салудың жаңа жүйесін енгізбей, тапқан табысты кәсіпкерлікті дамытуға қайта инвестициялауға ынталандыру мүмкін емес. Бұл осыған дейін талай айтылды. Экономика неғұрлым күшті болса, салық түсімдері соғұрлым көп болады деген қағиданы нарық заңы да құп көреді. Былтыр ҚҚС мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру ұсынылды. Ұлттық экономика министрлігі мөлшерлеменің көтерілуі бюджетке 2-2,4 трлн теңге көлемінде қосымша түсім әкеледі деді, бірақ салықтың қандай көздерден түсетінін, 12 пайыздың өзін көтере алмай, арқасы жауыр болған кәсіпкерлердің қосылған 4 пайызға қаншалықты шыдас беретінін жауапсыз қал­дыр­ды. Тиісінше, кәсіпкер қауым ұсынысты сынға алды. «Жаңа мөлшерлеме, ең алдымен, азаматтардың сатып алу қабілетіне кері әсер етеді» деген жанайқай Үкіметтен өтіп, Ақордаға жетті. Мемлекет басшысы ҚҚС көтеру мәселесінде бизнесті жақтады.

Премьер-министр Олжас Бек­тенов Президент тапсырмасы­ бойынша­ Қазақ­­станда ҚҚС көтеру жоспарын тоқтатты. Енді қосымша құн салы­ғының мөлшерлемесі көтерілмейді. Ұлт­тық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігіне респуб­ли­калық бюджеттің шығыс бөлі­гін де, кіріс бөлігін де сапалы жос­пар­лауды қамтамасыз ету міндеті тап­сырылды. Бұл ретте, ең алдымен, цифрландыру арқылы салық және кедендік әкімшілендіруді же­тіл­діру бойынша тиімді шаралар қабыл­даудың маңыздылығы ескеріледі.

 

Халыққа түсінікті Салық кодексі керек

Экономикалық сарапшы Максим Барышев атап өткендей, қарапайым азаматтар Салық кодексін түсіне алмайды және кодекстің өзі де жиі өзгереді. Кәсіпкерлер кем дегенде үш жыл өзгер­мейтін қарапайым әрі түсінікті салық заң­на­масының жазылуын сұрайды. Айтуынша, кәсіпкерлер күтіп жүрген үш игілік бар:

  • Салық пен бюджетке­ төле­нетін басқа да міндетті төлем­дер санының қысқаруы;
  • Есептеудің жеңілдетілуі;
  • Салық жүйесінің болжам­ды­лығы.

Мысалы, осыған дейін дивиденд бо­йынша жеке табыс салығы мөл­шерлемесін 10 пайызға қыс­қар­ту елде жұмыс істеп жүрген және Қазақстанға инвестиция салуды жоспарлаған шетелдік инвесторлармен келіссөз үдерісін тоқтатып тастады. Салық мөлшері бизнесті жүргізудің қаржылық көрсеткішіне әсер ететіні белгілі. Шағын бизнес кәсіпкерлері дивиденд салығының жойылуын және ҚҚС лимитін 30 000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін қайтаруды күтіп отыр. Қазіргі уақытта бұл шектеу 20 000 АЕК-ке дейін төмендетілді.

«100 миллион теңгеден астам таза пайда алған кезде кәсіпкер мемлекетке салықтың 42 пайыздан астамын төлейді (корпоративті табыс салығы – 20 пайыз, жеке табыс салығы – 10 пайыз, ҚҚС – 12 пайыз). Бұл тіпті әлемдік стандарт бо­йынша да көп. Сондықтан кәсіпкерлер көлеңкелі бизнеске басымдық беріп кетті», дейді сарапшы.

Біз сөйлесіп үлгерген бизнес өкілдері бюджет кірістерін ұлғайту бойынша шаралар қабылдау қажеттігін, салық сегменті сол шаралардың негізгі бағыты екенін түсінетінін ашып айтып отыр. Фискалдық құралдардың жеңілдетілетіндей құры­лым­далуы отандық өнім­дерді өндіруге, экспорттауды дамытуға, экспорттық бағытты әртараптандыруға ықпал етеді. Біздің елде бұл бағытта оң өзгерістер бар. Барышевтың айтуынша, бірінші кезекте қаперге алуымыз тиісті мәселелер әлі көп.

«Осы ретте жалақыдан 20 пайыздық мөлшерлеме бойынша бір реттік төлем жүйесін енгізуді ұсынамыз. Бірыңғай төлем мөлшерлемесі корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесінен жоғары болмауы керек. Бірыңғай төлем бюджетке және бюджеттен тыс қорларға төленетін барлық төлемді бір жүйеге біріктіруі керек. Сонда жұмыс берушілер бюджетке бір ғана төлем жасайды. Одан кейін төлем тиісті қорлар арасында бөлінеді. Салық төлеушілердің жеңілдікті санаттары үшін атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) ұқсас жеке банктік карта­ларға төлемдер бюджеттен жүзеге асырылатын болады. Жеңілдікті санаттар бойынша төлем жұмыс берушілер нақты төлеген сомадан жүзеге асырылады», дейді сарапшы.

 

Олигархтардың жеңілдігін азайтсақ, қазынаға түсер салық көбейеді

Өндірістік қуаты мен қар­жылық көр­сет­кіші тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын шағын бизнес пен ірі бизнеске бірдей салық салу қисынсыз дейді мамандар.

«Бізде шағын бизнеске салынатын салық мөлшері ірі бизнеске салынатын көрсеткіштен жоғары екені тәуелсіз сарапшылар тарапынан талай рет айтылған. Смайылов Үкіметі де мәселенің түйінін салықты көтеру керек деген тұжырыммен байла­ныстыра берді. Нәтижесінде, ШОБ-тың біразы су түбіне шөгіп кетті. Дамы­­ған мемлекеттерде жер қойнауын пайдаланушыларға жоғарылатылған мөлшерлемелер қолданылады. Содан кейін оли­гарх­тарға арналған жеңілдік преференциялардан бас тартатын кез келді. Бізде жер қойнауын пайда­ланушыларға салынатын салық ауыртпашылығы пайда­ның басым бөлігін алып қоятындай емес. Егер жер қойнауын пайдала­натын бизнес иелері салықты жоғары мөл­шер­лемемен төлесе, шағын және орта бизнес­ке салы­натын салық эволюциялық жолмен төмен­дейтін еді. Сарапшылар Салық кодексіне енгізілетін өзгерістерді да­йын­дайтын жұмыс тобы осы мәселеге көңіл бөлу керектігін ескертіп жатыр», дейді ол.

Қазақстандық кәсіпкерлер үшін арнайы салық режімі – өтпелі режімнің қажет­тігі осыған дейін ара-тұра айтылып қалатын.

Кәсіпкер Тоғжан Қожалының айтуын­ша, салық жүйесі тұтастай алғанда икем­ді болу керек, сонымен бір мезгілде фис­кал­дық режімдер санын азайтатын кез келді.

«Үлкен бизнес пен ШОБ салық жүктемесінің айырмашылығы білінетін өтпелі режімді енгізу – халықаралық тәжірибеде бар үрдіс. Мұндай бастама ШОБ мәртебесіне әсер етеді, олардың арасынан ірі бизнес өкілдерінің іріктеліп шығуына мүмкіндік береді. Бұл мемлекетке де, бизнеске де тиімді. Салық жеңілдіктерінің жаңа деңгейі бизнестің инвестициялық сипатына әсер етеді, бірақ преференциялар жүйесінің тиімді болуына да назар аудару керек. Себебі халықаралық тәжірибеде қолайлы өтпелі салық режімдері әкімшілік жүктемені азайтуға және банк алдындағы несиесін де бизнесіне салмақ салмай өтеуге мүм­кіндік береді. Жалпы, бизнеске салық ауыртпалығының айтарлықтай өсуі оның жағдайын нашарлатады. Экономикалық тұрғыдан алғанда, салық мөлшерін бірден түсіруге де, көтеріп жіберуге де болмайды. Алдымен бизнес­тің табиғатын сол өзгерістерге бейімдеу керек», дейді.

Тоғжан Қожалы айтқан келесі мәсе­ле – ҚҚС-ны реформалау барысын­да алыс-жақын көршілеріміздің салық заңдарын ескеру. Себебі бізде импортқа тәуелділік деңгейі өте жоғары. Ал тауарларды тасымалдау үдері­сіне бірнеше мемлекеттің өкілі қатысады. Бұл тұста қай елдің Салық кодексінде айқындылық басым болса, заң солардың сөзін сөйлейді.

«ҚҚС бойынша салықтық әкім­ші­лендіру жүйесін жетілдіргенде фис­кал­дық органдардың ыңғай­лылығына емес, олардың тиім­ділігіне басымдық беру керек. Себебі ҚҚС бойынша барынша автоматтандырылған бақылау экспорттаушыларға оны бюджеттен жылдам қайтаруға мүмкіндік береді. ҚҚС экономикаға және тұтыну сегментіне қалай әсер етеді деген сауалдың жүз түрлі жауабы бар», дейді Т.Қожалы.

 

Бәлкім, ҚҚС-дан босатамыз?..

Расул Рысмамбетовтің ай­туын­ша, мемлекеттік шығыс­тар­дың өсуі салық салу­да реактивті тәсілдерді қолдануға мәжбүр етті. Басқаша айтқанда, шығын­дар­дың өсуі қазынаны жедел толтыруға, төлеу­шілерден аванстық төлем­дерді талап етуге мәж­бүрледі, уақыттың тығыздығы өзге ­мүм­­к­індіктің көзін табуға ерік бер­ме­ді.

«Көптеген ел өмір сүру құнын негізсіз қымбаттатуға жол бермеу үшін негізгі азық-түлік өнімдерін ҚҚС-дан боса­тады. Медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін рецепт бойынша берілетін дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге, білімге қол жеткізуді ынталандыру үшін көптеген білім беру бас­тамалары мен ілеспе тауарларды шығаратын мекемелерге, кітап, газет, мерзімді басылымдарға ҚҚС салынбайды. Сондай-ақ кей елдерде отбасының қаржылық жүктемесін азайту үшін балалар киімін дайындайтын кәсіпорындар ҚҚС-дан босатылған. Дегенмен қатып қалған қағида жоқ. Ерекшеліктер ел жағдайына қарап бейім­деліп отырады. Кей ел тауарлардың белгілі бір санаты үшін толық босатудың орнына төмендетілген мөлшерлемелерді қол­дануды таңдайды. Бұл жеңілдіктер­дің логикасы көбінесе қажетті тауарлар мен қызметтерге салық жүктемесін азай­туға, сол арқылы табысы төмен үй шаруа­шы­лықтарын қолдауға және әлеуметтік басым­дықтарды шешуге ұмтылу болып саналады», дейді Расул Рысмамбетов.