Қоғам • 15 Ақпан, 2024

Еркіндіктің ерек ақыны

62 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ерік Асқаровтың есімі айтыскерлігімен шықты. Алайда ол елдің рухын көтерген айтыстың қайта жанданып, өнер додасына айналған 80-жылдардың ортасынан бұрын жазба ақын ретінде әдебиет әлеміне танылған талант иесі еді. Алғашқы өлеңдері Мағжан ауданындағы Дүйсеке аулы мектебінің 8-сыны­бында оқып жүрген кезінде облыстық «Ленин туы» газетінде жарияланған. Одан соң оқуын Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепте жалғастырған.

Еркіндіктің ерек ақыны

Еріктің 2009 жылы шыққан «Жүрекжарды» кітабына алғысөз жазған арқалы ақын Несіпбек Айтұлы оны мектеп бітіретін жылы «Соңғы сөз» деген өлеңін оқыған сәтінен білетінін айтады. «Мінберге ортадан жоғары, аққұба сұлу балаң жігіт көтерілді. Бұл кім дегендей зал тына қалды. «Соңғы сөз» деген өлеңін оқыды. Өлең оқылып болғанда демін ішіне тартып тыңдап отырған жұрт ду қол шапалақтады. Өлең жұртқа қатты әсер етті. Ол кезде жас ақын атанып жүрген біздер соңымыздан шыққан серпінді таланттың дүбіріне құлақ түріп сүйсінген едік. Сондағы мектеп оқушысы Еріктің өлеңі мынау еді:

«Шерлі заман келтірсе де толғағын,

Тәтті болмай, ащы болды тордағы үн.

Өтті шырқап, өтті бірақ айта алмай,

Талай Ақан, талай Мұхит соңғы әнін.

Бір халыққа тұлға болу оңай ма,

Сондай тағдыр бұйырыпты Абайға.

Барласа да арғы-бергі заманды,

Соңғы сөзін айта алған жоқ алайда».

Мектепті енді бітіргелі отырған бозбаланың балғын қаламынан туған бұл өлең қазақ жырының шалқар айдынына қосылған мөлдір тамшыдай еді. Қаламы жүйрік, қалыптасқан ақынның туындысы секілді, көркемдік кестесі нақышты, айтар ойы салмақты осы өлең Еріктің жыр әлеміндегі төлқұжаты болды. Сол жылдардан бастап Ерік әдеби ортаның ерке баласындай еркін басып жүрді».

Сөйтіп, әдеби ортаға соны үн, жаңа соқпақпен батыл басып енген Ерік Асқаров бүкіл Қазақ даласына танымал ерекше ақын болды. Оның айтыс додасына қатысқандағы ерекшелігі сонда – ол халық жүрегінің түбіндегі шырылдаған шындығын дөп басып, батыл айта алатын. Талай ақын бұғып қалған немесе ой-өрісі жетпеген сөздерді Ерік кестеленген жырымен көл-көсір қылып айта алды. Сондықтан ол айтыс ақындарының сол жылдардағы талассыз көшбасшыларының біріне айналды. Барлық ақын өздерінің сөз саптасында оған сілтеме жасап отыратын еді.

Ерік Асқаровтың ерекше қабі­леті туған топырағынан нәр алғандығы даусыз. Әкесі Хафиз Мағжан өлеңдерін талапты ұлының басына ерте күннен сіңірген. Сондықтан Еріктің көңіл көкжиегі ежелден әділетсіздікке төзбейтін күрескер болып қалыптасқан. Оның ой-санасының ерекше бола түсуіне Түркістан легионында болып, көп уақыт қуғын көрген ақын, атақты Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды жиһазкезін» авторы, жерлес ағасы Хамза Абдуллиннің әңгімелері де әсер еткені сөзсіз. Осындай олжалар таланты тасыған талапты жастың дарынын ұштай түскені анық.

Ерік Асқаров Алматы мем­лекеттік көркемөнер және театр­ институтын, М.Әуезов театры­ жанындағы актерлік студияны бітірген. Ол бірнеше жыр жинағының, драма­лық­ шығармалардың авторы, со­ның ішінде «Қызыл қала – Қызылжар», «Біржан салды» жазып, Л.Табукашвилидің «Арманымның ақ құсы» пьеса­сын аударды. Бұл пьесасын әйгілі Әзірбайжан Мәмбетов М.Әуезов атындағы академиялық театрдың кіші залында 10 жылға жуық репертуарынан түсірмей қойып жүрді. Ерекең О.Бөкей­дің «Қар қызы», С.Сейфуллин­­нің «Көкшетау» поэмасы бойынша бейне­фильмдер түсірді. Ол Жазушы­лар одағының М.Мақатаев атындағы, Қазақстан Жастар одағы сыйлықтарының лау­реаты.

Ерік Асқаров туған жерін­де болған үлкен әдеби, мәде­ни іс-шараларға жиі қаты­сып, оның белсенді ұйым­дас­­­­­ты­ру­шыларының бірі болып жүрді. 2003 жылы М.Жұма­баевтың 110 жылдығына ар­на­лған іс-шараға да қатысып, ақындар мүшәйрасында қазылар алқасының төрағасы болды. Сол күні кешке берілетін асқа қарамай, Астанаға өзінің машинасымен асығыс кеткенде жол апатына ұшырап, қайтыс болды. Өмірінің соңғы сағатына дейін ол туған елі мен жеріне қызмет етіп, өмірден 44 жасында өте шықты... Еріктің өлімін естігенде ақын ағамыз Мүтәллап Қанғожин «Қайда асықтың, ба­уырым?» деген өлең жазып еді...

Жуырда С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Ерік Асқаровтың туғанына 65 жыл толғанына арналған әдеби кеш болды. Онда М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры Ж.Қадыров «Е.Асқаров шығармашылығының әдебиет тарихындағы орны» деген тақырыпта баяндама жасады. Ал Ерік Асқаров атындағы айтыс ақындары мектебінің ұстазы, ақын Аманжол Зағыпар аталған мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып берді. Осы мектептің шәкірттері Әзиз Ақжарқын мен Елдана Біржан ақиық ағаларына арнаған өлеңдерін оқыды. Кешке қатыс­қан ақынның туыс­тары Зейнолла Олжабаев, туған апасы Алма Нұрышева мен жездесі Мұрат Нұрышев, баласы Бекзат Ере­кең­нің өмірінен естеліктер айтты. Ал мектеп оқушылары Алуа Нұрлан, Хавин Гулоева Ерік Асқаровтың өлеңдерін оқыды. Жас ақын Мөлдір Қыстаубаева ақынға өзінің өзекжарды өлеңін оқыды. Әдеби кеште белгілі әнші әрі әуесқой композитор Біржан Есжан Ерік Асқаровтың «Соңғы сөз» бен «Келтесорда ауылда» деген өлеңдеріне шығарған әндерін орындады.

 

ПЕТРОПАВЛ