Табиғат • 13 Ақпан, 2024

Бурабай алқабы ұлғаяды

62 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық та­биғи паркінде биыл 520 мың түп тал егу жос­парланып отыр. Осылайша, орман алқабы жас көшеттердің есебінен 65 гектарға ұлғаюға тиіс.

Бурабай алқабы ұлғаяды

Ұлттық парк қызметкерлері былтыр да 500 мыңнан аса қарағай мен қайың өскінін отырғызғанын айта кетейік. Көшеттер парктің 1960 жылы ашылған тәлімбағында өсіріледі. Қайың мен қарағайдан бөлек, мұнда қарақат, алма, таңқурай, үйеңкі және бөріқарақат сынды ағаштар егіледі.

– Жыл сайын инспекторлар қараша айынан қаңтарға дейін орманнан қарағайдың бүршігін тереді. Бұл жұмыс биыл да уақ­тылы жүргізілді. Жиналып, бірнеше күн кеп­тірілген тұқым қазір тәлімбақтағы тем­пе­ра­турасы мен дымқыл деңгейі реттелетін жабық орында, арнаулы камераларда сақ­таулы тұр. Көктемге салым бүр жара бас­таған бүршіктерді топыраққа сеуіп, ты­ңайт­қыш салу, арамшөбін тазалау сынды агро­техникалық жұмыс жүргізіп, екі жыл бап­таймыз. Содан кейін ғана тамыр жая бас­таған, сабағы бірнеше сантиметрге жеткен өскінді жабайы табиғат аясында өсіруге болады, – дейді Ұлттық парктің орман мен өсімдіктер әлемін қорғау және жандандыру бөлімінің бастығы Александр Ковалев.

Оның айтуынша, әдетте көшет сәуір айының соңына қарай егіледі. Нәзік өскін жаңа топырақты жерсінуі үшін тәлімбақтан тамырындағы микрофлорасымен бірге әкеліп отырғызады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде 5 жылда 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы кешенді жоспар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Президент Іс басқармасына қарасты мекеме де мұны жүзеге асыруға үлес қосып келеді.