Спорт • 13 Ақпан, 2024

Қарсыластарын қамырша иледі

364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстікқазақстандық полиция қызметкері, аға лейтенант Нұрсұлтан Жақыпов кикбоксингтен Үндістан астанасы Делиде өткен халықаралық үлкен турнирде алтын медаль алып, елімізге олжа салды. Турнирдің жартылай финалында ол Непал­дық қарсыласын уақытынан бұрын тізе бүктірсе, финал­дағы қарсыласы Иран палуанын айқын басымдықпен жеңді.

Қарсыластарын қамырша иледі

Полиция қызметкері Нұр­сұлтан Жақыпов екі жылдан бері кикбоксингтен Қазақстан құ­рама командасының мүшесі болып келеді. Мағжан Жұмабаев ауданының тумасы Нұрсұлтан Жақыпов кикбоксингпен алты жа­сынан бері айналысқан. Кейінгі жылдарда ол шеберлігін Петропавл қаласында Әділ Нұр­жа­уы­повтың жетекшілігімен жалғастырып, қазір еліміздің құрама командасында жаттығады. Қапсағай бойлы қара жігіт рингте баяғының батырларынша ой­қастайды. Оның дәл тигізген соқ­қыларынан ұшып кетіп жатқан қарсыластарын көргенде айызың қанып отырады. Былтыр ол Қазақстан құрама командасының са­пында Тайландта өткен Азия бірін­шілігінде чемпион болды. Банг­кокте болған осы чем­пионатқа 22 елдің спортшылары қатысқан. Соның ішінде Нұрсұл­тан үш жекпе-жек өткізіп, қар­сыластарының бәрін тізе бүктірді.

Финалға шыққан қарсыласы ирандық кикбоксшыны Нұр­сұлтан алғашқы раундтың өзін­де екі рет нокдаунға жіберіп, екінші раундта нокаутқа түсірді. Қазақстан құрамасы барлығы 21 медаль алып, Азияда бірінші орынды еншіледі.

Сол жолғы сапардан жеңіспен оралған оны Солтүстік Қазақстан полиция департаментінің бастығы Айдын Қабұлдинов қабылдап, сый-құрмет көрсеткен. Бірақ біздің Солтүстікте атақты спортшыларды қолдау еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда үнемі кем­шін болып келеді. 30-ға келген Нұр­сұлтан Жақыповтың әлі күнге аға лейтенант қана болып жүргені де соның айғағы. Елі­міздің атын айдай әлемге танытып жүрген үздік спортшыларға тартыншақтамай, жақсы қолдау жасау керек қой.

Жалпы, Қазақстан құрамасы кикбоксингтен әлемнің үздік командаларының біріне жатады. Былтыр біздің құрама Порту­галияның Албуфейре қаласында 70 елден 573 спортшы қатысқан Әлем біріншілігінде 22 марапат алған еді. Оның бесеуі – алтын, бе­сеуі – күміс және 12-сі – қола медаль.

 

Солтүстік Қазақстан облысы