Аймақтар • 12 Ақпан, 2024

Қар астынан науқас құтқарылды

86 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыстың барлық аумағына биыл қар көп жауды, ал шет аумақтағы Ғ.Мүсірепов ауданында тіптен қар қалың. Бұл жақтың ормандары аз болғандықтан бораған қар көбінесе жолдарға үйіледі. Сондықтан мұнда тек қуатты техникалармен ғана жол аршылады. Ұйытқыған бораннан тұрып қалған жеңіл машиналардың үстінен қар жүріп кеткен жағдайлар да жиі кездесіп тұрады.

Қар астынан науқас құтқарылды

Жуырда осы ауданның тұр­ғыны Арай Жаңатуғанова жеңіл машинасымен жалпы 6 адам болып келе жатып қалың қарға тұрып қалып, қатты қиындық көреді. Олардың ішінде сегіз айлық бөбек те болған. Содан жолда қалған машинаның пеші де істен шығады. Әйелдің айтуына қарағанда, оларға кө­мек­­ке поли­ция қызметкерлері келіп қана ажалдан құтқарған. Қиын жағдайда қалған адам­дар­дың хабары жеткен бойын­да патрульдік полиция батальо­ны­­ның қызметкерлері Сайран Сма­ғұлов, Ризабек Ерсайынов, Қайрат Оразбеков және Дамир Әбді­рахманов жол пайдалану учас­кесі және «Нежинка-Ерке» ЖШС техникаларының күшімен адам­дарды ажалдан құтқарып, алғыс алды.

Ал мына оқиға кеше ғана болды. Аудан орталығы Ново­и­шим­ка селосындағы №16 өрт-құтқарушылар бөліміне аудан­ның алыс ауылдарының бірі Тахтабродтың әкімі хабарласып, 67 жастағы бір адамның қатты қысылып, өлім аузында жатқанын жеткізеді. Оны дереу аудан орталығындағы ауру­ханаға жеткізбесе, жан тап­сыратыны белгілі болады. Тах­таброд пен Новоишимканың арасы – 150 шақырымдай жер. Жолды боран жауып тастаған. Науқасты ауылдан алып шыққан жедел жәрдем машинасын сағатына 40-50 шақырымдық қана жылдамдығы бар Виктор Чере­в­иктің К-701 тракторы ауданға жеткізгенше кемінде үш сағат өтпекші. Осыны ескерген аудандық ТЖ бөлімінің бас­тығы, азаматтық қорғау под­пол­ко­­внигі Санат Мұқашев трак­­­тордың алдынан жол талға­май­­тын «ТРЭКОЛ» көлігін жі­­­бе­­реді. Жүргізуші Елдар Құр­ма­нов­тың қасына өзі және Е.Төре­гелдинов отырып, адамды ажал­дан құтқару үшін алып тех­ника Тахтабродтың жолына түседі.

«Жолға тұрып қалған қар қатты әрі қалың екен, жел тақы­­р­лап тастаған кейбір ашық жерлер көктайғақ, оның үстіне бүйірден қатты дауыл ұрып тұрды. Соған қара­май мүмкіндігі болған бар­лық жылдамдықты қосып, Тах­та­бродтан шыққанына 20 шақы­рымдай болған трактормен кез­десіп, науқасты мінгізіп алып, таңғы сағат 05.50-де ауру­хана­ға жеткіздік», дейді Санат Мұқашев.

Ауру адамға бірден операция жасалып, ажалдан қалыпты.

Осының алдында ғана, бір күн бұрын көршілес Тимирязев ауданында да қарға батып, оның үстіне бензині бітіп, тұрып қалған «Газель» көлігінің де жүргізушісі құтқарылған еді. Автокөлік Москворецк ауылынан Тимирязев селосына шығып, 7 км жүрген соң тұрып қалған екен. Тісі-тісіне тимей жаураған жас жігітті аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жігіттері «Нива-Бронтомен» сүйреген бойы аудандық қонақүйдің алдына бір-ақ жеткізді.

Міне, Солтүстікте де қоян­ның қысы осылай әлек салуын қоймай тұр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы