Айтыс • 08 Ақпан, 2024

Қанышты жырға қосты

80 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Теміртаудағы мәдениет сарайын­да Қаныш Сәтбаевтың 125 жыл­дық мерейтойына арналған ай­мақтық жас ақындар айтысы өтті. Жыр дода тақырыбы – «Тұ­ғы­ры биік Теміртау».

Қанышты жырға қосты

Жыр бәйгесіне облыстың аудан, қалаларынан, Көкшетау мен Астанадан, Ұлытаудан, Жаңарқадан, Баянауылдан 14 ақын қатысты. Түс ауа басталған айтыс түнге дейін созылды. Жауыртау жұрты жырға әбден шөлдеген екен. Айтыс тәмамдалғанша тырп етпеді. Айтысты белгілі ақын Айтбай Жұмағұл тізгіндеді.

– Төл өнеріміз айтысқа деген ел­дің сағынышы соншалық, түнгі он бір жарымға дейін тапжылмай куә болды. Осындай жыр жәрмеңкесін ұйымдастырған қала әкімі Ораз Қай­саұлына, мәдениет және тілдерді да­мыту бөлімінің басшысы Айжан Қой­шыбайқызына халықтың да, ақын­дардың да алғысы шексіз. Алдағы уа­қытта бұл айтыс дәстүрлі түрде өтетін болады. Бұдан бөлек, алдағы жылы Бұқар жырау мен Базар жыраудың мұрасын насихаттауға арналған жыршы-жырау­лар сайысы, көрнекті ақын Өмірзақ Қожамұратовтың шығармашылығына арналған мүшәйра өткізу жоспарланған. Енді Теміртаудың қазанында өлең, жыр қайнайды, – дейді А.Ботпайұлы.

Айтыстың ақтаңгері, профессор Қойлыбай Асанов қазылар алқасын басқарса, Мақсат Ақанов, Дидар Қа­миев, қалалық мәслихат депутаты Нұрхан Нұрмаханов, Руза Алдашева сынды ел азаматтары әділ төрелік етті.

– Қаныш – қазақпен егіз ұғымға айналған тұлға. Қазақ десе Қаныш, Қаныш десе қазақ еске түседі. Ақын­дарымыз академиктің өмірін жырға қосып, ел білмейтін, естімеген бей­нелерін жарыққа шығаруға тиіс бол­ған-ды. Барлығы өз деңгейлерінде орын­дап шықты. «Арбамен жеткен ар­манға» деп жырлаған Сырымның бәсі басқа­лардан биік түсті. Сондықтан бас жүл­деге лайық көрдік, – дейді қазылар алқа­сының төрағасы Қ.Асанов.

Ақындар ақиқатты айтудан тартынып қалмады. Елдің ең өзекті мә­селелерін, Теміртаудың тұрғындарын алаңдатқан дүниелерді де жырға қосты. Қаланың орнын айшықтап, сонау Ертістен су тартқызған Қанышқа әлі күнге бір естелік белгі, көше атауы берілмегені де айтылып өтті.

«Білмейтін жұрт әлі күнге дейін «Теміртау орыстанған қала» деп жүр. Иә, бір кездері солай болғаны да шын. Бірақ қазір қаламыз қазақыланып келе жатыр. Қаладан төрт бірдей айтыс ақынының шығып отырғанының өзі қазақы рухтың лебі есе бастағанын аң­ғартса керек. Бұйыртса, алдағы уақытта Қаныштай тұлғаға орталық көшелердің бірін береміз. Оған дейін ғалымның қазақ еліне, Теміртауға сіңір­ген еңбегін ел біле жүрсін», дейді қазылар алқасының мүшесі, қала­лық мәслихат депутаты Нұрхан Нұрмаханов.

Қала әкімінің орынбасары Самат Зияшев айтыстың келер жылы Темір­тау қаласының 80 жылдығына орай рес­публикалық деңгейде ұйымдас­тырылатынын да жеткізді.

Қазылар алқасының шешімімен айтыстың бас жүлдесі жаңарқалық Сырым Нығызбаевқа бұйырды. Сырым ақын қаладағы жалғыз қазақ газетін ашқан Нұрлыхан Қалқаманұлының еңбегін елеп, атап өткені рух сыйлады көрерменге. I орынды Жанарыс Тілеубек, II орынды Әлихан Ерғалиев мен Әлихан Нығметолла, III орынды Самат Думан, Байсүгір Нұрмұхаммед, Төкенов Нұрлыбек иеленді. Мұнымен қоса айтысқа қатысқан барлық ақынға 100 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйлықтары берілді.

 

Қарағанды облысы,

Теміртау қаласы