Қоғам • 07 Ақпан, 2024

Президент 5 жылдан бері жөндеу жұмысы аяқталмаған жолдарды атады

99 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін белсенді жұмыс істеу қажет екенін айтты. Ол осы бағытта Үкіметке Қазақстанды Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық және транзиттік хабына айналдыруды тапсырды, деп жазады Egemen.kz.

Президент 5 жылдан бері жөндеу жұмысы аяқталмаған жолдарды атады

Фото: Gov.kz

«Осы міндетті іске асыру үшін Көлік министрлігі құрылды. Сондықтан, министрлік осы саладағы өзекті мәселелер бойынша шұғыл және тиімді шешімдер қабылдауы керек. Нақты нәтиже күтемін.

Биыл бірінші жартыжылдықта теміржол саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын қамтитын Бағдарламалық құжатты қабылдау қажет. Мәселе аз емес. Атап айтқанда, вагондарды жаңарту жұмысын тездету керек. Контейнерлердің тапшылығын жою қажет. Магистралды желілерді кеңейтуге қатысты барлық жобаларды жүзеге асыру қажет (2028 жылға қарай 1,3 мың шақырым). Жалпы, теміржол саласын қарқынды түрде цифрландыру керек. Бұл қадам оның тиімділігі мен өнімділігін едәуір арттыруға, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді», деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміздегі экономикалық өсімді қамту ісінде автожолдардың маңызды нысан екенін айтты. Сонымен бірге Қ.Тоқаев ел бойынша жөндеу жұмыстары созылып кеткен автожолдарды атап, істі биыл аяқтауды талап етті.

«Еліміз үшін айрықша маңызды «Астана-Балқаш-Алматы» тас жолы әлі күнге дейін жөнделіп біткен жоқ. Құрылыс 2017 жылдан бері жүріп жатыр. Республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Талдықорған-Өскемен» жолдарының жөнделіп жатқанына 5 жылдан асты. Биыл осы жұмыстар біржола аяқталуға тиіс. Бұл жерде бірнеше мәселені ескеру қажет. Қалыптасқан тәжірибеге қарасақ, республикалық маңызы бар жолдардың тендерін көп жағдайда тек шетел компаниялары ұтып алады. Мұндай жобаларға қолынан іс келетін, тиісті техникамен жабдықталған өз кәсіпорындарымызды тарту керек. Сонымен қатар жол құрылысына қажетті техниканы елімізде шығару тетіктерін дамытып, өзіміздің дайын өнімді пайдалану керек», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы жол салу мәселесінде оның қай аумақта салынып жатқанына қарамастан сапалы болып шығуын басты орынға қоюды тапсырды.