Білім • 06 Ақпан, 2024

Оқуға несие бермек

97 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде студенттерге оқу ақысын төлеуге несие берілуі мүмкін. Қарыз алғандар берешекті ақша алынған айдан кейін өтейді. Өткен жылы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқу ақысын төлеуге бағыт­талған 2-3 пайыздық ұзақмерзімді әрі жеңілдетілген несие беру туралы айтқан еді. Жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту аясында заңнамалық деңгейде «Білім беру несиесі» ұғымы енгізілгенін де түсіндірді. Яғни студенттер оқу ақысын университетті аяқтағаннан кейін де төлей алады.

Оқуға несие бермек

Несиені іске қосу қолданыстағы заңнамада қажетті нормалар қа­был­данғаннан кейін осы жылы бастала­ды. Оған білім беру гранты бұйырма­ған талапкерлер үміткер бола алады. Осылайша, олар мемлекет кепілдігімен несие алып, оқу ақысын төлейді. Бұл бастама қаржы агентін тарта отырып, екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылады.

«Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бо­­­йын­ша ­білім алушыларға ұлттық бір­ың­ғай тес­ті­леу нәтижелерін, әлеумет­тік жағ­дайды, ­ғы­лыми (шығармашы­лық) же­тістік­терді ескере отырып, жоғары бі­лімге ­ақы төлеу үшін нысаналы ­ақша со­масы­ның белгілі бір үлесін алу­ды қам­тама­сыз ету мақсатында саралан­ған грант енгізу мәселесі пысықталып ­жатыр», деп хабарлаған еді Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Мемлекеттік білім беру несиесі туралы Нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланған құжатта жазылған. Қағидада несиені игеру кезеңі қарыз алушының университетте оқу мерзімі деп көрсетілген. Несиені алу үшін үміткер ел аумағындағы университеттерде не одан кейінгі жоғары білімнің білім беру бағдарламасы бо­йынша оқуы керек.

«Тұрақты табыс көзі бар, кемінде бір еңбекке қабілетті ел азаматы кепілдік беруі керек. Бұл өлшемшарт жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жататын қарыз алушыларға қолданылмайды. Білім беру жинақтау салымы туралы тіркелген шарты немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында оқудың бүкіл кезеңі үшін білім беру қызметтерінің жалпы құнының кемінде 10 пайызы мөлшерінде жиынтық жинақтары бар білім беру жинақтау сақтандыру шарты болуға тиіс», деп жазылған талқыға ұсынылған құжатта.

Бір ескерерлігі, студенттерге нысаналы несие есебінен қолма-қол ақша берілмейді. Егер студент ауырып қалса немесе мемлекеттік білім грантына ауысса, не оқуын мерзімінен бұрын тоқтататын болса, бұл туралы уәкілетті органдарға хабарлауы керек. Ол кезде несие шарттарына байла­нысты нысаналы несиені өтеу кестесі қайта құ­ры­лады. Ал қарыз алушы өзге себептерге байланысты оқуын үзсе, оқу­ды тоқтатқан күннен бастап, бір жыл ішінде оқу ақысына кеткен қаражатты қайтарады. «Егер студент қайтыс болса, онда мемлекеттік білім беру несие­сі бойынша талаптар тоқтатылады. Бұдан бөлек, несие алушылар мерзімді әскери қызметке шақырылған жағдайда мемлекеттік білім беру кредитін өтеу қызмет өткеру кезеңіне, бірақ 2 жылдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады», деп жазылған қағидада.

Білім беру несиесі дамыған елдерде жолға қойылған. АҚШ, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия, сондай-ақ Еуропа елдерінде университеттер мен колледж студенттерінің 60 пайызы оқу несиесін пайдаланады. Бір қызығы, ол жақта банктік несиені тек жоғары мектепте оқуға ғана емес, сонымен қатар қысқа және ұзақмерзімді курстарға, тағылымдамаларға да алуға болады. Тіпті тұру ақысын төлеуге немесе оқу кезеңіндегі басқа шығындарды несиелік қаражатпен жабуға болатын ілеспе білім беру несиесі де бар.

Осы тұста экономист Мақсат Халық министрліктің бастамасына қатысты пікір білдірді. Ол елімізде несие алуға кеңес бермейтінін, дәл қазір несиелердің пайызы өте жоғары екенін айтты. «Ел­дегі инфляция және Ұлттық банктің қойып отырған база­лық пайыздық мөл­шерлемесіне байланысты несие пайы­зы да өсіп отыра­ды. Сондықтан дәл қазір­гі уақытта білім несиесін ұсынатын болса, өте тиімсіз болады», деді экономист.

– Ал егер ақша-несие саясаты қа­лыпқа келіп, ертең базалық па­йыз­дық мөлшерлеме түсетін болса, тө­мен па­йызбен несие берілсе, мұндай нұс­қаларды қарастыруға болады. Тағы бір айтатын негізгі мәселе бар. Білім үшін берілген несие өзін-өзі ақтайды. Білім үшін алынған қарызды белгілі бір дәрежеде адами капиталға салынған инвестиция деп қарастыруға болады. Бір қызығы, берешекті өтеу оқу ор­нын аяқтаған соң емес, «қаражат түскен уақыттың келесі айынан бастала­ды» деп жазылған. Бұл қаншалықты дұ­­рыс? Шыны керек, келесі айдан бастап тө­леу керек болса, оны студент өзі төлей ме? Студент білімге күш салып, оқуы керек. Ал ол уақытта жұмыс істеймін, несиені төлеуім керек деп жүрсе, қан­дай қиындыққа душар болады. Қазіргі күннің өзінде көп студент оқу ақысын төлеймін деп даяшы болады, талмай жұмыс істейді. Оқу ақысын өзі төлеп жатқандар бар. Егер оларға сондай несие ретінде мүмкіндік берілсе, пайызы төмен болса, бәлкім оны да қарастырып көрген дұрыс шығар, – дейді сарапшы.

Бүгінде студенттердің 60 пайызға жуығы ақылы негізде оқиды. Ал 2021-2022 оқу жылындағы ресми статистикаға сәйкес қаржылық қиындықтарға байланысты 22,5 мың студент оқуын тастап кеткен. Сарапшылардың айтуынша, елімізде бұрын да білім несиесі бол­ған. Студент оқуды бітіргеннен кейін жұмысқа тұрғанда төлей алатын. Әрі бұл қадам жемісін береді де. Расында да, білім аламын дейтін студенттерге тиімді білім несиесі болғаны жақсы-ақ. Оқуын аяқтап, дипломын алып, жұмысқа тұрғаннан бастап қана несиесін төлесе, ілім іздеген қанша жанның жолы ашылар ма еді? Қаражаттың жетіспеуінен білім алмай қалған жалынды да талапты жастардың маңдайы жарқырар ма еді, кім білсін?