Тағзым • 06 Ақпан, 2024

Жүнісов халқының жадында

487 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетінің 60-жылдардан бергі қайта өрлеу заманында ерекше қуатпен жарқ еткен жазушының бірі – Сәкен Жүнісов. Оның шығармашылығын дараландырған туындысы – «Жапандағы жалғыз үй» де ойланған жанға айрықша күй кешіреді. Жапан даласында сыпыра жат жұрттың ортасында жалғыз қалған қазақты Сәкең жағымсыз кейіпкер қылайын деп қаншама жамау жапсырса да, халықтың бар пейілі соны қолдап, соны аяйды.

Жүнісов халқының жадында

Мұндайды соцреализмге қыз­мет етіп, социализмнің сола­­қай сойылын соғып жүр­ген әсі­ре­сыншылар, тіпті салпаң­құлақ­тар­дың өзі көрмей қалған жоқ. Сон­дықтан да «Жапанның» соңы­на түсіп, жарыққа шыққан жылы-ақ Мемлекеттік сыйлыққа ұсы­нылған оның аяғынан шалды...

Тыңды әлі күнге үлкен жетістік деп бағалаймыз. Қазақтың ата­қонысының бәрін айырып, мал жайылымдарын, жылқысын жем­сіз-ақ сере қарыс шығатындай се­мірте алатын құнарлы шүйгін шөптерін, қалғыған қара орманын, жарқыраған көлдерін жоқ қылған тыңның қасіреті аз болған жоқ. Ол біздің ұлттық ділімізді бұзды, тілімізді қансыратты, діні­мізге де шоқпар ала жүгірді. Бірақ соның теріс екенін бірде бір адам аузын ашып айта алмады. Жалғыз Сәкен Жүнісов қана тура айтпаса да тұспалдап жеткізді.

Бойына суреткерлік, әншілік, ақындық, балуандық сияқты толып жатқан өнерді сіңірген інісіне Ғафу Қайырбеков: «Мергенсің, атқан оғы кетпес ғапыл, Бір өзің жеті сері, жеті батыр. Туған жер – Сарыарқаны сағынғанда, Мен сені бір иіскесем, жетіп жатыр» деп сүйсінетін Сәкенге сөз зергері Ғабит Мүсірепов «Сәкен сері» деп ат берген...

Жуырда С.Мұқанов атында­ғы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада Сәкен Жүнісовтің 90 жылдығына арналған әдеби кеш болып, онда жазушының көп қырына тоқталған әңгімелер айтылды. Республикаға белгілі журналист, жазушы Жарасбай Сүлейменов Сәкен Жүнісовтің өзі көрген қырлары туралы әңгі­меледі. Оның шешендігі, ба­тыл­дығы, шығармаларының көр­кем­дігі туралы көп әңгімелер айт­ты. Өкінішті жайлар да айтыл­май қалған жоқ. Соның ішін­де осыншалық атақты жазу­шы жерлесімізге Петропавл қала­сын­да әлі күнге бір көше атын бере ал­мағанымыз да қынжыла ауыз­ға алынды. Сәкен серіге ар­на­лып Бурабайда салынған үйдің де қараусыздықтан тоз-тозы шыққаны айтылмай қалмады.

Жергілікті әнші, термеші, өнер­­ге көп еңбек сіңіріп жүрген Дәс­тен Баймұқанов абзал аға ту­­ралы өз есіндегі естеліктерін айт­­ты. Бірде жазушыны ертіп Қожа­берген жыраудың басына апар­ғанда Боргөз деген не өс­пейтін, не өшпейтін бір ғаламат ағашты көрсеткенде жазушы­ның қатты тебіреніп, бұл туралы міндетті түрде жазу керек екен деп қойын дәптеріне түртіп алғанын жеткізді. Сонымен бірге өзінің аңшылықты жақсы көретінін естіген соң аң-құстардың түр-түрін сұрап, кейбірін жоғалып кетпеді ме деп анықтағанын, аяушылық білдіргенін еске алды.

Жазушының өмірі мен шы­ғар­­­машылығы туралы баян­да­­ма­ны М.Қозыбаев атын­дағы Сол­түстік Қазақстан универси­теті­нің оқытушысы Бота­гөз­ Тау­құді­ретова мен 2-курс студенті Ұл­данай Ниетбаева жасады. Жазу­шының «Ақан сері» атты ро­ман-диалогиясының көркемдігі, ұлт­тық сахнамыздың гүлі болған «Ажар мен ажал», «Тұтқындар», «Жа­ралы гүлдер», «Əр үйдің ер­кесі», «Қызым, саған айтам», «Кроссворд», «Өліара», «Қы­сылғаннан қыз болдық», «Қос анар», «Кемеңгерлер мен көлең­ке­лер» сияқты 17 пьесаны өмірге кел­тіргені айтылды. Кеш бары­сын­да жазушының «Аманай мен Зама­най» хикаяты бойынша түсірілген көркем фильмнен үзінді көрсетілді.

 

ҚЫЗЫЛЖАР