Форум • 01 Ақпан, 2024

GPT чатының отандық баламасын құруға дайындық басталды

84 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда өтіп жатқан Digital Almaty 2024 форумына қатысқан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан азаматтарының GPT чат форматындағы байланыс арқылы мемлекеттік қызметтерді ала алуға мүмкіндік туатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

GPT чатының отандық баламасын құруға дайындық басталды

Фото: gov.kz

Министрдің айтуынша, БҰҰ рейтингі бойынша біздің ел онлайн қызметтерді көрсету бойынша әлемде 8-ші орында тұрса, жалпы электронды үкіметті дамыту бойынша 28-орынды місе тұтты. Көліктерді үйде отырып-ақ 5 минуттан аз уақыт ішінде тіркеуден қолма-қол ақшасыз төлемдерді енгізуге дейін цифрлық инфрақұрылымды дамыту шеңберінде табысқа қол жеткізілді.

«Мемлекеттік қызметтердің 93 пайызға жуығы электронды түрде көрсетіледі, 50 миллион анықтама толығымен алынып тасталды, өйткені бізде интеграцияланған ақпараттық жүйелер бар және мемлекеттік органдар мен ұйымдардан анықтама талап етуге тыйым салынған», деп атап өтті Бағдат Мусин.

Министр 2024 жылдан бастап  e-Gov бағдарламаларына жасанды интеллект енгізуге дайындық басталғанын, жақын арада GPT чат форматындағы байланыс арқылы мемлекеттік қызметтерге де қол жеткізуге болатынын айтты.

«Біз қазақ тілінде LLM құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз», деді ол.

Айта кетейік, Алматыда Digital Almaty 2024 цифрлық форумы өтіп жатыр. Форумда 200-ден астам спикер сөз сөйлеп, экономика мен инновацияның нақты секторында жаңа технологияларды қолданудағы сәтті істермен бөліседі. Үш күнге созылатын цифрлық іс-шараға 30 мыңнан астам адам қатысады.