Аймақтар • 31 Қаңтар, 2024

Қараусыз дүние қауіпті

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Петропавлдың жылу жүйесі атақты «СевКазЭнерго» АҚ-тың бір бұтағы «Петропавлдың жылу жүйелері» (ПЖЖ) ЖШС толығымен басқаның басқаруына берілген. Басқаша айтқанда, бәрі жекеменшікте. Атышулы 2-ЖЭО да солардың иелігінде. Дүние жекеменшіктікі болған соң жергілікті әкімдік олардың жұмысына араласпайды, тек апат болып, жылу берілмегенде ғана халықтың қалауымен дауыс көтерген болады.

Қараусыз дүние қауіпті

Көзбен көрген дүниені ғана айтсақ, желтоқсанның ортасында болған 40 градустық аязда С.Мұқанов көшесіндегі «Мұхаммед мешіті» мен «Облыстық балалар ауруханасының» арасындағы жылу құбыры жарылып, ПЖЖ жұмысшылары сақылдаған сары аязда соны жөндеп жатты. Үйі­міз жақын болған соң кешке барып көрсек, жұмысшылар құбырды ауыс­тырғанымен, оны көмбей, жалаңаш тастап кеткен. Шамасы үлгермеген болуы керек, ертесіне сыртын қаптайтын шығар деп ойлағанбыз. Алайда сол құбыр, міне, бір айдан асты, әлі күнге қапталмай, даланы «жылытып», буы бұрқырап сол күйі жатыр. Әлеу­меттік желілерге суретін көрсетіп, бірне­ше рет салдық, тіпті қалалық әкім­дік білмеген шығар деп оларға да хабарладық. Селт еткен жан болған жоқ. Ал жылудың ауаға кеткен артық шығынын жекеменшік компания тұрғындардан өндірері сөзсіз.

Осындай жағдайдан кейін қала­лық әкімдіктің елге, халыққа, мемлекетке қаншалықты жаны ашиты­нын көре беріңіз. Серік Мұхамедиев­тің Ғ.Мүсірепов ауданы әкімі болып жүрген жерінен қалаға ауыстырыл­ғанына бір жылға жуықтады. Бірақ бір белсенді қызметін көрген емеспіз, аман-есен зейнетке шығуды ғана ойлай­тын сияқты. Обалы не керек, бұрын­ғы әкім Болат Жұмабековті қа­ла­ны аралап, ұңғыл-шұңғылға назар аударып, жаяу жүргенін жиі көретін едік. Жұмыс істегеннің нәтижесі де болады ғой, оның кезінде қоқыс та шығарылатын, қар да төгілетін, құбыр да өте сирек жарылатын. Ал С.Мұхамедиев келгелі тұрғындар қоқыстың тасылмайтынына, қардың шығарылмайтынына жиі шағым айтады. Тікелей болмаса да, әкім­нің жіті бақылауы болмаған соң құ­бырлар да жиі жарылады. Күні кеше Назарбаев көшесі 154-үй­дің тұсындағы ыстық судың құбыры жарылып, бұрқыраған бу аспан­ға атты. Соның кесірінен ПЖЖ Жұма­баев көшесіндегі – 4, Назарбаев көшесіндегі – 6, «Казахстанская правда» көшесіндегі – 1, Абай көшесіндегі – 11, Бостандық көшесіндегі – 3, Интер­национал көшесіндегі – 4, Пионер көшесіндегі – 6, Совет көшесіндегі – 2, Пушкин көшесіндегі 1 көпқабатты үйлерге құбыр жөнделгенше жылу берілмейтінін хабарлады. Ұзын саны 28 көпқабатты үй, бір балабақша, бір­неше жекеменшік үй жылусыз қалды. Әйтеуір осы күндері қатты аяз жоқ, әйтпесе тұрғындардың, әсіресе жас баласы мен кәрісі бар үйлердің көрген күні қараң.

ПЖЖ 200 мм құбырдың зақымдал­ғанын айтып, кешкі сағат 20.00-ге дейін жөнделетінін хабарлады. Бірақ күні бойы аңыраған үйде отыру оңай емес.

Ескі құбырлардың жарылуы таби­ғи құбылыс болсын-ақ, бірақ жергі­лікті биліктің оларды қадағалауы, мүм­кіндігінше жекеменшіктен жұмыс­тың жітілігін талап ету керек қой. С.Мұ­қанов көшесіндегі жоғарыда айтылған құбырдың қапталмауына ПЖЖ ғана емес, әкімдіктің де кінәлі екендігі сөзсіз. Егер құбырлар технологияға сай кү­тіліп отырса, жарылыс та аз болар еді.

 

ПЕТРОПАВЛ