Суицид • 01 Ақпан, 2024

Жасөспірім неге өмірін қияды?

481 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырау облысында кәмелетке толмағандар құқығын қорғайтын 11 комиссия бар. Былтыр бұл комиссияларда 1 624 мәселе қаралған. Облыстық білім басқармасының басшысы Ерлан Сламбековтің айтуын­ша,­ жасөспірімдердің сабақтан тыс кезде құқық бұзушылық жасайтыны анықталып отыр.

Жасөспірім неге өмірін қияды?

Фото: rus.azattyq.org

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің пікіріне сүйен­сек, былтыр өзіне-өзі қол жұмсауға бейім жасөспірімдер саны артқан. Көрсеткіш бұрнағы жылмен салыстырғанда екі есе өскен. Нақтылай айтқанда, 38 бала өз-өзіне қол жұмсамақ бол­ған. Өкінішке қарай, 9 жасөспірімге жақындары тарапынан дер кезін­де көмек берілмеген. Мәселен, ата-анасына ренжіген 14 жасар қыз бен 15 жасар ұл биіктен секіріп кетті. Бірі көпқабатты үйден, екіншісі көпірден құлаған.

Суицид – қазақ қоғамын алаңдатып отырған әлеуметтік кесел. Әсіресе – жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауға ұмтылатыны алаң­датады. Ал оның себебі неде?

«Талдау көрсеткендей, көз жұмған балалардың басым көп­ші­­лігі толық әрі ауқатты отбасынан шығып отыр. Алайда жүр­гізілген зерттеулерге сәйкес, мұндай әрекетке ата-анасымен, кейде достарымен келіспей қалған балалар бейім екен. Сон­дық­тан ата-аналар балаларымен мейлінше ашық сөйлескені жөн. Олар­мен көбірек уақыт өткізіп, сырласына айналуы керек», дейді Ж.Бисем­биев.

Биыл Жылыой ауданында кәмелетке толмағандар арасында бір суицид пен 2 құқық бұзушылық тіркелді. Осыған байланысты білім басқармасы мамандарының аталған аудандағы № 8, 9 және 18 орта мектептегі тәрбие жұмысын зерделеуі кезінде бірқатар кемшілік анықталды.

«Білім ордаларында нормативтік-құқықтық құжаттамалар талап­қа сай жасақталмаған. Сынып жетекшілерінің, психологтер мен әлеуметтік педагогтердің, тәлімгерлердің кәмелетке толма­ғандардың құқығын қорғауға байланысты бірде-бір отырысы жоспарланбаған. Жасөспірімдердің құқығын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының мониторингісі шыға­рылмаған. Өткен екі оқу тоқсанында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірде-бір сынып сағаты өтпеген», дейді Е.Слам­беков.

Бұл мәселе облыстық полиция департаментінің басшыларын да алаңдатып отыр. Дегенмен департамент бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиевтің мәліметінше, жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыс саны 6,4 пайызға төмендеген. Қылмыстың басым бөлігін 18 жасқа толмаған жасөспірімдер жасаған.

«Полиция бөлімдеріне 6 427 жасөспірім жеткізіліп, кәмелетке толмаған 6 355 баланың заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер органдарының есебіне 204 жасөспірім, 69 жайсыз отбасы алынды. Бала тәрбиесімен айналыспағаны үшін 5 жайсыз отбасы ата-аналық құқығынан айырылды. Ал 10 от­ба­­­сының ата-аналық құқығы шектелді», деді Ә.Сейдуалиев.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, жасөспірімдер жасаған қылмысқа ата-анамен бірге білім ордаларының басшылары да жауап беруі қажет. Мектептердегі ювеналды полицияның жұмысын жүйелеп, оқушылармен жұмыс істейтін психологтің санын көбейткен жөн. Ал аудандарда кәмелетке толмағандармен бейімдеу орталығын ашу керек.

«Жасөспірімдер қылмысының 75 пайызы Атырау қаласында тіркеліп отыр. Бірақ қалада жасөспірімдер жасауы мүмкін құқық бұзу­шылыққа қарсы барлық мүмкіндік болса да, қылмыстың алдын алу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Кейінгі уақытта жасөс­пі­рім­дердің қатысуымен бірнеше резонанстық құқық бұзу дерегі тір­келді. Оның әрқайсысына жүйелі талдау жасау керек. Бұл жұ­мыстарға мектеп, колледж директорлары тартылуға тиіс. Ювеналды полицияның жұмысын күшейтудің маңызы зор. Қылмыс жасаған баланың санасында қандай да бір кемшілік болуы мүмкін. Жасөспірімнің қылмысты нендей себептен жаса­ға­нын білуіміз қажет. Мұндай оқушылармен психологтер тығыз жұ­мыс істеуі керек. Бала тәрбиесіне ата-аналар тікелей жауапты екенін ұмытпағаны жөн. Егер кезекті ескертуден кейін ата-ана қоры­тынды шығармаса, құқығынан айыру керек. Жасөспірімдер қыл­мысының алдын алуға әкімдік тарапынан барлық көмек көр­сетіледі», деді Серік Шәпкенов.

 

Атырау облысы