Тұлға • 31 Қаңтар, 2024

Жүрекке дем берген дәрігер

181 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бұрын елімізде кардиологиялық орталық тек Алматыда ғана болды. Тәуелсіздік жылдарында оған Астана қосылды. Облыс тұрғындардың көбінің қолы осы екі қаладағы емдеу орындарына жете бермеді, өйткені сырқаттар саны көп, кезек үлкен. Біздің облыстың тұрғындары жүрек-қан тамырлары кеселінен емделуге көбінесе Ресейдің көршілес қалаларына сабылатын.

Жүрекке дем берген дәрігер

Осындай қиыншылықтан облыс тұрғындарын Петропавл қаласында 2009 жылы ашылған кардиологиялық орталық құт­қарып, мыңдаған жанды ажалдан арашалап келеді. Аталған орталық – қазір шеберлігі шың­далған, атағы алысқа жайылған, мақтанышпен айтатын емдеу орны. Ал оны алғашқы күннен ұйымдастырып, басқарып келе жатқан – Азамат Белгібайұлы Мағзұмов.

Жаңадан ұйымдасқан ор­талықтың шаруасы көп. Түн ұй­қыны төрт бөлетін проблема да жеткілікті. Қордаланған мәселе жүйкеге салмақ түсі­ріп, қажытуы да мүмкін. Бірақ Әзе­­кең қиындыққа қажы­ған емес. Петропавлдың екін­ші ауруханасының базасында ұйым­дастырылған кардиологиялық орталықты ол алғашқы күннен 13 жыл бойы басқарды. Былтыр ғана «қан айналымы аурулары бойынша үйлестіруші» қыз­метіне ауысқан. «Егер жүрек тамырларын тексеру, яғни коронарография 2009 жылы 542 рет жүргізілсе, өткен жылы оның санын 3001-ге жеткіздік, ангиография, аортография 2009 жылы 58, ал 2023 жылы 304 рет жүргізілді. Коронарлық артерияға стент қою, яғни жүрек тамырларының бітеліп қалуына 2009 жылы 17 рет ота жасалса, өткен жылы оның саны 1102-ге жетті. Бұрын осындай дерттен аурулардың 90 пайызы көз жұматын. Аорто-коронарлы ұштастыруды 2009 жылы 43 адамға жасасақ, 2014 жылы оның санын 200-ге дейін жеткіздік. Одан кейін бұл сырқаттың саны азая бастады, өйткені біз стент қойып, дер кезінде тексеріп, емдеп отырамыз. Тамыр хирургиясы бойынша 2010 жылы 235 ота жасалса, 2023 жылы оны 448 рет сәтті жасадық. Осының бәрі – өте ауыр, хирургиялық білікті терең меңгеруді қажет ететін күрделі операциялар. Біз жүрек құлақшаларының жүре пайда болған ақауларына да операция жасауды 2011 жылдан бастап игердік. Ол үшін дәрігерлерімізді шетелдерге жіберіп оқытып, үйреттік. Астанадағы, Абай Байгенжин ағамыз басқаратын кардио-хирургиялық орталыққа да мамандарымызды жіберіп, шеберліктерін шыңдап, тәжі­рибеден өткіздік. Ондағы мамандар, соның ішінде Юрий Пяның өзі бізге көп нәрсені үйретіп, кө­мектескенін айта кетуіміз керек. Соның арқасында жүре пай­да болған жүрек ақауына 2011 жылдары 20 ота жасасақ, қазір олардың санын 80-90-ға жеткіздік.

Бізге көршілес облыстардан, сондай-ақ Ресейдің өңірлерінен, тіпті Астанадан келіп операция жасататындар көп. Мұндай табысқа қол жеткізу үшін алдымен білікті маман, жоғары технологиялы құрал-жабдықтар керек. Ал маманға барлық жақсы жағдайды жасау да маңызды. Сонымен бірге орталықта қызмет ететін барлық медициналық қызметкерлеріміздің үйлескен еңбегі, сырқат жандарға жана­шыр­лығы, аялы алақаны қажет. Біз осы талаптардың бә­рін мүл­тіксіз орындауға ұмты­лып келеміз», дейді Азамат Белгі­байұлы.

Рас, мамандардың жоғары біліктілігіне қол жеткізу оңай емес. Әсіресе орталық ашылған алғашқы жылдары оларды алыс-жақын шетелдерге жі­беріп, ақыларын төлеп оқыту оңай шаруа болмаған. Азамат Белгібайұлы осындай шаруаның бәрін сәтімен шешіп, бүгінде жұрттың бәрі ықыласпен айтатын іргелі орталыққа айналдырды. Мұнда тіпті елімізде ең алғашқылардың бірі болып жүректің аорталық құлақшасына транскатетерлік имплантация да жасайды. Бұл – тамырды тес­пей, ауру құлақшаны ауыс­тыру деген сөз. Қазір Қызыл­жардың кардиоорталығы білікті дәрігерлер В.Ким, В.Малахов, М.Құдіретуллаев, т.б. қолымен осындай күрделі оталарды жасай береді. Қазір орталық Тайынша ауданында филиалын да ашқалы отыр. Оған жас кардиохирург Мақсат Құдіретуллаев басшылық етіп, Петропавлға қашық, сол маңдағы Ақжар, Уәлиханов, Айыр­тау аудандарының тұр­ғындары қаралатын болады.

Азамат Белгібайұлы – қа­сиетті Торғай өңірінің тумасы, Ақаң-Жақаңдардың кіндік қаны тамған Қызбелдің перзенті. Әкесі Белгібай ақсақал кеңшар­дың бас зоотехнигі болып, қызмет бабымен сол маңдағы «Ақ­шығанақ», «Еңбек», «Қы­зыләскер» кең­шар­ларына қоныс аударып, ең­бек еткен. Алайда 1971 жылы демікпе сырқатына шалдығады. Азаматтың мектеп бітіріп жат­қан жылы ғой. Ол ойланбастан «әкеме бір пайдамды тигізетін дә­рігер болайын» деген оймен Қарағандының меди­циналық институтына оқуға түседі.

Оқып жүріп болашақ жары Назкен Мизамбаева деген қыз­бен көңіл қосып, үйленеді. Наз­кеннің шыққан тегі де осал емес, Евней Бөкетовтің жақын қарындасы. Жас отбасы атақты академик Евней ағаның үйіне баруға батылы бармай, оның інісі Қамзабайдың үйіне барып жүреді. Бірде академик жастарды үйіне қонаққа шақырады. Институтты тәмамдағалы отыр­ған күйеу баласына осын­дағы институттың бір кафедрасына қалуына көмек бере алатынын айтады. Бар мақсаты науқас әкесінің ауыр халын же­ңілдетуді ойлаған Азамат мұндай ұсыныстан бас тартады. Сөйтіп, оқуын бітірген соң Арқалық қаласындағы облыстық ауруханаға терапевт-дәрігер болып орналасады.

«Дәрігер мамандығын игеруіме, оның қыр-сырын тануыма осындағы Асқар Байжұманов, Шайхесләм Әбдірахманов, Еркін Алпысов, Салықбек Мусин, Жа­расбай Жүнісов, Мырзабек Қапанов, Жәмилә Мүшкенова, Шымберген Әбдіғалиев сияқты тәжірибелі, әріптес аға-апаларым көп көмек көрсетті. Олардың айтқан ақылдары мен көрсеткен тәлім-тәрбиелерін ұмытпай, әлі күнге еске алып, ішімнен алғысымды айтып жүремін», дейді Әзекең.

Бір өкініштісі сол, дәл осы 1978 жылы дәрігер баласынан көп үміт күткен әке науқасы асқынып, қайтыс болады. Ана­лары жұмыс істемейді, төрт інісі мен екі қарындасы жетілдіру міндеті жас отбасының басына түседі. Олар бұл міндетті абыроймен атқарып, қолдан келген көмектерін жасап, бәрін де аяқтандырады. Әзекең осы істе сыр бермей, қайнылары мен қайын сіңлілерін туғандарындай көріп, қабақ шытпай, өзіне тірек болған жарына үнемі риза­шылығын білдіреді.

Үлкендер кісі таниды ғой, Азамат Мағзұмовтың ісіне тыңғылықты, жұмысына адал, оның үстіне табанды әрі әділетті екенін байқаған облыстық ауру­хананың бас дәрігері Дайыр Асылбеков оны өзіне орынбасар болуға шақырады. Тәжі­рибесінің аз екендігін айтып, бас тартқанына қарамай, жас жігітке басқарушылықтың ұлан-ғайыр жұмысын үйіп бе­реді. Міне, осы жылдардан бас­тап Азамат Мағзұмовтың денсаулық сақтау саласындағы тынымсыз ұйымдастырушылық, басқарушылық қызметі басталып, әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Ол ұжымды ұйыстыра білу – жақсы нәтиженің кепілі еке­нін айтады. «Дәрігерлеріміз, орта буынды медициналық қызметкерлеріміз, тіпті төменгі буындағы қызметкерлеріміз көңілді жүрсе, сырқаттармен сыпайы сөйлесе білсе, жұмысқа ынталы болса – соғұрлым ұжым да жоғары табысқа қол жеткізеді», дейді Азамат Белгібайұлы. Сондықтан оның басқарған ұжым­дары Наурыз тойына, Тәуел­сіздік мерекесіне, Жаңа жылға ұжым болып дайындалып, әрқайсысы белсенділік танытып, бір-бірімен жұмыс бабы бойынша ғана емес, жұмыстан тыс уақытта да көңілді қарым-қатынаста болады. 1990-1994 жылдары А.Мағзұмов Арқалық қаласы орталық ауруханасының бас дәрігері еңбек етеді. Осы жұ­мыста жүргенде Наурыз мере­кесін өткізген алаңға «Емшілер ауылын» тігіп, бас бәйгеге «Нива» автокөлігін ұтып алғаны да бар.

Азамат Белгібайұлы Торғай облысы таратылғанша облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Одан 1999 жылы Қызылжар өңі­ріне, облыстық денсаулық сақ­тау департаментіне бірінші орын­басар болып ауысады. Кар­диологиялық орталық ашыл­ғанда, жоғарыда айтқанымыздай, оған бас дәрігер болып та­ғайындалады. 13 жыл бойы Азамат Мағзұмов басқарған кардиологиялық орталықтың арқасында облыста жүрек-қан тамырларынан болатын өлім-жітім 3,5 есеге, инфаркт 2,4 есеге, ал одан болатын өлім 3,7 есе азайған. Осының өзі – үлкен табыс екені сөзсіз.

Әрине, бәрі де таудан аққан бұлақтай кедергісіз болып жат­қан жоқ. Соңғы жылдары об­лыстық денсаулық сақтау департаменті кардиологиялық орталықты облыстық ауруха­наның бағыныштылығына беріп, перинаталдық орталықты, тері науқастары, онкологиялық ауру­­хананы – бәрін біріктіріп тас­тады. Бұл – кардиоорталықтың тапқан қаражаты есебінен бас­қаларды асырауды көздеген қар­жылық мүдде үшін ғана жасалған, ауруханалардың терең мамандануына кедергі келтіретін қисынсыз шешім. Кешегі күні кез келген жоғары технологиялы жабдықтарды алу, дәрігерлерді қаржылық тұрғыдан ынталандыруды қалағанша жасап отырған орталық одағай шешімнің ке­сірінен еркін қимылдай алмай отыр. Барлық қаржылық шығыстың тетігі облыстық ауру­хана басшыларының қо­лында. Өз еңбектерімен тапқан табысына өздері ие бола алмай, қазір ұжым біреуге кіріптар болып отыр... Бәлки, бұл шешім бо­лашақта өзгерер деген үміт бар.

Денсаулық сақтау саласының шебер ұйымдастырушысы Азамат Белгібайұлы «Құрмет» орденімен, «Шапағат» медалімен, салалық, мерейтойлық медальдармен марапатталған. Алдағы уақытта да еңбегі жемісті болып, екі ұл, бір қыздан тараған немере-шөберелерінің қызығын жеңгемізбен бірге көре берсін дегіміз келеді.

 

ПЕТРОПАВЛ