Энергетика • 31 Қаңтар, 2024

Желі жаңарту – жеңіл жұмыс емес

44 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Былтырғы қаңтардың ал­ғашқы күні жауындатып, қоян жылы қарбаласпен басталып еді. Облыс орта­лығының кейбір ауданы мен бірқатар ауылдық елді мекенде жарық өшіп, жы­лу, ауыз сумен қамту қыз­меттері де кідіріске ұшы­раған. Жалпы, кейінгі жыл­дары сәл жел тұрса, жа­рық­тың жалп ете қалуы жиілеп кетті. Жазғы ап­тап­тың кезінде де кенет сөніп, елді әбігерге түсіріп қоятыны тағы бар. Электр энергиясын таратушы ком­пания өкілдері де мұны жоққа шығармайды.

Желі жаңарту – жеңіл жұмыс емес

Түйткіл түбі – тариф

«Қызылорда электр торабын тарату компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Батыржан Қаракөзовтің айтуынша, мәселе отыз жылдан бері айтарлықтай көтерілмеген тарифке барып тіреледі. Анығын айтсақ, Табиғи бәсекелестікті реттеу агенттігі баға құнын көтеруге рұқсат бер­меген. Елдің әлеуметтік жағ­дайын ескерген бұл ұстаным тұтынушыға жайлы болғанмен бар табысы тарифке байланысты саланы сансыратып кетті. Қазір облыстағы әртүрлі кернеудегі 10 мың шақырымнан асатын электр желісі мен 2 мыңға жуық қосалқы стансаның тозу деңгейі 66 пайыз болып тұр. Былтыр осы көрсеткіш бұдан да жоғары еді. Жыл ішіндегі жұмыстар нәтижесінде 2 пайызға түсті.

– Кейінгі 1-2 жылдықта біз­дің проблемаға көзқарас өзгеріп, жағдайды түзетуге мүмкіндік алдық. Бұл ретте Мемлекет бас­­шысының бастамасымен жү­­­зеге асып жатқан «Тарифті ин­­вес­тицияға айырбастау» бағ­­дарламасының көп көмегі тигенін айта кетуіміз керек. Жер­гілікті атқарушы орган да біз­дің мәселемізге бейжай қарап отыр­ған жоқ. Былтыр 3 млрд теңгеге қаржылық негіздеме әзірленіп, соған облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді. Тозу деңгейі облыс орталығында өте жоғары болғандықтан, бұл қаржыға қа­ладағы 35 қосалқы станса жаңа­ланып, 27-сіне күрделі жөн­деу жүргізілді. Ұзындығы 31 ша­қырым электр желісі жаңар­ды. Бөлінген қаржыны үнемдеу үшін бұл жұмыстың бәрін компания мамандары атқарып шықты, – дейді басқарма төрағасы.

Ұзақ жыл назардан сырттап қалған саланың өз ішінде проб­лемалар пайда болған. Білікті кадрлар көп тұрақтамай табыс­ты жұмыс іздеп, өндіріске ауысып кетіп жатты. Мысалы, 2021-2022 жылдарға жасаған мониторинг кадрлар ағымы 19-20 пайыз болғанын көрсетті. Былтырғы дерек бойынша, бұл 8-9 пайызға түсті. Екінші мәселе – саланың техникалық жағдайы. Әбден көнерген арнаулы көліктердің жүруінен тұруы көп. Тозығы жеткен техниканы ілдалдалап жүргізіп жүрген маманға «апат кезінде тез келе қоймадың» деп айып тағу да орынсыз-ау. Был­тыр жергілікті әкімдік қосымша 700 млн теңге бөліп, ол қаржыға арнаулы көліктер алынды.

Әңгімеміз тарифтен басталып еді ғой. 2022 жылы тариф құны 4,8 теңге болған. Былтыр ол 5,6 теңгеге көтерілді. Осының өзі саланы бір серпілтіп, мәселе сәл болса да жеңілдеді.

Мамандар дерегінше, былтыр 264 мәрте жарық өшірілген. Оның 70 пайызы жыл басында болыпты. Мәселені түбірлей зерттеген энергетиктер есебінше 66 пайыздық тозу деңгейін нор­малық көрсеткіш саналатын 30 пайызға түсіру үшін 153 млрд теңге керек. Әрине, мұн­дай қар­жыны ешкім бірден бере қой­масы анық. Сондықтан да жы­лына көрсеткішті 15-20 пайыз­дан азайтып отыру үшін тағы жо­ба жасалды. Оған қажетті қар­­жы 73 млрд теңге болып отыр.

Облыстық энергетика және тұрғын-үй комму­нал­­дық ша­руашылық басқар­ма­сы­ның басшысы Медет Усаин биыл қолға алынатын 10 жоба аймақтағы электр желі­лерінің тозу деңгейін төмен­д­ете түсетінін айтады. Респуб­ликалық бюджеттен – 4,2 млрд, жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, 418 ша­қырым электр желісі мен 73 дана қосалқы стансаны жаңғырту көзделіп отыр.

– Сонымен қатар қосымша 20 млрд теңгелік 4 жобаның жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл бойынша қала мен бірнеше елді мекеннің электр бағаналары мен желілері қайта жөнделеді. Былтыр электр желілерімен қамтудың 6 жобасы жүзеге асып, 4,7 млрд теңгеге 232 шақырым электр желісі мен 95 дана қосалқы станса қай­та жаңартылды. Облыс орта­лығында «220-35-10» деген жо­ба жасап жатырмыз, – дейді бас­қарма басшысы.

 

Көне желі көгертпейді

«Қызылорда электр торабын тарату компаниясы» АҚ ин­вестициялық бағдарлама шең­берінде жыл сайын қаржы бөліп келеді. Былтыр 743 млн теңге қаралып, апаттың алдын алу жұ­мыстарына жұмсалды. Бірақ мұның үлесі – теңізге құйған тамшыдай ғана. Мамандардың айтуынша, жылына орта есеппен 3 млрд теңге жұмсалғанда ғана тереңдеп кеткен пробле­ма бірте-бірте шешіле бастай­ды. Мысалы, Қызылорда қала­сындағы жедел жәрдем станса­сының маңындағы қосалқы стан­са 1952 жылы салыныпты. Былтырғы жаңарту кезінде сол алдымен ауыстырылды. Арал ауданындағы 2 мың шақырымға жуық электр желісінің дені өт­кен ғасырдың 70-80 жылда­ры пай­далануға берілген. Қазалы ауда­нында мың жарым ша­қырымнан аса желі және 183 трансформатор жағдайын са­рап­таған мамандар олардың тозу деңгейін 75 пайыз деп ба­ға­­­лап отыр. Қармақшы ауда­нын­­­дағы электр желілерінің тар­­тылғанына да кемі жарты ғасыр­дан асып тұр.

Жалағашта жағдай біршама тәуір. Кейінгі үш жылда об­лыс­­тық бюджет қаржысына «Қы­­зыл­орда электр тарату то­­рап­тары компаниясы» АҚ аудан­­ның 6 ауылындағы электр же­лілерін алмастырды. Осының арқасында тозу деңгейі 75-тен 45,2 пайызға төмендеген. Сыр­дария ауданында да елу жылдан бері ауыстырылмаған электр желілерін жаңғыртуға қаржы қаралды.

Былтыр осы аудандардың бә­рінде желілер жаңарып, қосал­қы стансалар ауыстырыл­ды. Әсіресе электр желісі түгел­ге дер­лік тозып тұрған Жаңақор­ған­да көп жұмыстың шеті қайы­рылды.

«Қызылорда электр торабын тарату компаниясы» АҚ электр қуатын сырттан алып отыр. Мы­салы, 1 млн кВт-ның кернеу ауыстыру, тасымалдау кезінде 14,5 пайызы шығын болады. Бұл акционерлік қоғам есебінен өтеледі. Осы күні Энергетика министрлігі әзірлеп жатқан жоба нақтыланғаннан кейін маңызды саланың алдында тұрған міндет пен меже айқындала түспек.

Қызылордада қуаты 240 ме­гаватқа жететін жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталғаны да энергетиктердің ертеңге деген үмітін оятып отыр. Бұлар үшін шетелдік инвесторлардың қаржысына іске асырылатын ең ауқымды жобаның тиімділігі – өнімді жақыннан алатыны. «Алыстан арбалағаннан, жақыннан дорба­лағанның» дұрыс тұсы – өнім сапалы болады, техникалық жоғалту азаяды.

Электр энергиясы төлемін делдалдар арқылы жинаудың тиімсіздігін айтатындар көп. Кейін­гі кездері бұл мәселені депу­таттар да көтере бастады. Екі мыңын­шы жылдар басына дейін «ҚЭТТК» АҚ төлемақыны арнайы мекеме арқылы өздері жинаған. Энергетика саласына салынатын инвестициялардың өтемділігін тарифтерді ұлғайту есебінен қамтамасыз етуде та­риф құны еселене түсуі мүм­кін. Сондықтан да делдалдар қызметіне тосқауыл қоюдың тетіктері ойластырылуы керек.

 

«Жасыл энергияға» жол ашық

Қазіргі көмір бен газ генерациясына негізделген қуат көзіне балама «жасыл энергияға» жол ашқан мемлекеттің бірі – Германия. 2015 жылы бұл елде табиғи жолмен энергия өндіру үлесі 33% болған. Қазір одан біршама өсті. Бірақ оның табиғи құбылыстар салдарынан «жасыл энергияны» жолға қойған көп елдің кейде жарықсыз қалып, сырттан энергия сатып алатын жағдайлары да кездесіп қалады.

Қызылорданың география­лық орналасуы мен климаттық жағдайы – күн энер­гиясын өндірудің үлкен мүм­кіндігі. Аймақтағы күн сәуле­сінің ұзақтығы жылына 2-3 мың сағатты құрайды. Бұл ар­тық­шылықты ескере отырып, өңірде аталған энергия көзін пайдалануға айрықша көңіл бө­лініп жатыр. Осы күні облыс­та қуаты 89 МВт құрайтын 9 жаңар­тылған энергия көздері орна­ласқан. Ең ірісі саналатын «Baikonyr solar» қазақ-бри­таниялық компанияға тиесілі қуаты 50 МВт күн электр стан­са­сы Шиелі ауданында орналас­қан. Ал Жалағашта франциялық «Total Eren» компаниясына тиесілі қуаты 28 МВт күн электр стансасы, «Hevel» компаниясына тиесілі қуаты 10 МВт электр стансасы бар. Келер жылы Арал ауданында 10 МВт энергия өндіретін күн электр стансасын салу жоспарланып отыр. Бұл өңірдің солтүстік аудандарын электр тоғымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

 

Қызылорда