Тағзым • 30 Қаңтар, 2024

Батыр Баян ерлігі халқына аян

924 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шоқан Уәлиханов өзінің атасы Абылай хан батырларының арасында Бәсентиін Малайсары мен Уақ Баян батырды бәрінен жоғары қоятынын айтқанын жазып кеткен. Сол Баян батыр 1714 жылы Солтүстік Қазақстанда өмірге келген, биыл оның туғанына 310 жыл толып отыр. Батырдың өз кіндігінен тараған ұрпақтары негізінен қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданында, Қызылжар қаласында тұрады. Сонымен бірге Қостанай, Павлодар және басқа облыстарға да тараған.

Батыр Баян ерлігі халқына аян

Батыр Баянның есімін Тәтіқара, Үм­бетай жыраулар жырлағанымен, бүгінгі қа­заққа кеңінен таныстырған – Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы. Эпи­калық қуаты жоғары, көркемдігі орасан бұл поэмада батырдың махаббат отына шарпылған жан дүниесінің жомарт­тығы, жүрегінің пәктігі көрінеді. «Ағалап» тұрған сұлу қызды көзі қимай, ғашық жүректің жанған отына зорға шыдап, тұтқыны болса да қолын тигізбей жүргенде туған інісі мен қыздың опасыздығына күйіп кетіп, ет қызуымен оларды өлтіріп тастайды да өзі соған қапаланып, не істе­рін білмейді. Ақыры жарлығын екі қылып көрмеген сүйікті ханы Абылайды да тыңдамай қалың жауға аз қолымен шауып, мерт болады...

«Жүрегім мен зарлымын жаралыға Сұм өмір абақты ғой саналыға Қызыл тіл, қолым емес кісендеулі, Сондықтан жаным күйіп жанады да...» деген күйікті ақын Мағжан қызылдардың тепкісіне алғаш ұшырай бастаған жылдары Ташкент­тегі Алаш арыстары құрған алғашқы институтқа барып, оқытушылыққа тұрып, Мұхтар Әуезовпен бір үйді жалдап тұрғанда осы поэманы бір түнде жазып шыққаны белгілі. Батыр Баянның зар күйі оның өз күйімен үйлескен секілді. Поэманың алғашқы жолдарының өзі өкі­нішті жолдармен басталуы сондықтан екені көрініп тұр.

Жуырда Баян батырдың 310 жылдығы Қызылжардағы Сәбит Мұқанов атын­да­ғы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана­да аталып өтті. Онда батырдың исі қазақ жерін қорғаған ерлігі, ел бірлігін сақта­ған билігі, бір ханның айналасына елді шоғырландыра білген ұйымшылдығы ту­ралы баяндамалар жасалып, әңгімелер айтылды. Баян батырдың ерлігі Шоқан Уәлихановпен қатар Мәшһүр Жүсіп Кө­пеев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Мағауин, Зар­қын Тайшыбай, т.б ғалымдар­дың ең­бектерінде жазылған. Баяндама жаса­ған М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақ­стан университетінің профессоры Зы­лиха Бимақанова аталған еңбектерге тоқ­талып, Баян батырдың өмірі мен ерлігі, ел­дік істері туралы кеңінен толғады. Ал осы университеттің аға оқытушысы Жа­зира Көкбас батыр Баянның көркем әде­биет­тегі бейнесіне тоқталды.

Жиынға батырдың алтыншы ұрпа­ғы, бүгінгі таңда 96 жасқа келіп отырған Зейнолла Олжабаев ақсақал, жетінші ұр­пақтары әнші-термеші Кәмилә Әлібаева мен экономист Аманжол Баймұратов, т.б. қатысты. Олжабай ағамыз батыр бабасының есімі жойылмай, халық жадында сақталуына көп еңбек сіңірген адам. Ол қаланың бұрынғы Пархоменко көшесінің аудан орталығындағы бір мектептің батыр Баян есімімен аталуына, оның алдына ескерткішінің орнатылуына көп күш салды. Бұл іске кезінде Қуаныш Сұлтанов пен Әбіш Кекілбай ағаларымыздың араласуына да ықпал еткен, табанды, қайтпас, қайсар адам. Бірақ «Булаев» қаласының өзін «Батыр Баян» деп атауға көп кедергі болып, өткізе алмай қалды. Осы кеште ағамыз «Батыр Баян» поэмасының шын кейіпкерлері басқа екенін айтты. Мысалы, әдеби шығармадағы Ноян болып жүрген Баян батырдың ағасы Сарының баласы Қыстаубай екен. Баян батыр қуып жетсе де оны өлтірмей, Кіші жүздегі наға­шы­ларына қоя беріпті. Сол жақта ол қал­мақ қызы Лағдамен ұрпақ жайып, өсіп-өнген екен. Туған жеріне кейін ғана келеді.

Облысқа белгілі әнші-термеші, ақын Кәмилә Әлібаева батыр бабасына арнаған өлеңін оқыды. Онда мынадай жолдар бар:

«Жетінші ұрпағымын, мақтанамын,

Батыр атам болған деп шаттанамын.

Атамның ерліктері еске алынса

Аспанға айға ұшуға шақ қаламын», – дей келіп, ол қазақтың Қабанбай, Бөген­бай сияқты бабасымен қанаттас батыр­ларының мерейтойлары кеңінен аталып жатқанда батыр Баянның тойлары жетім қыздың тойындай болып жүргеніне қын­жылыс білдірді...

Кеш қорытындысында жинал­ғандар облыс әкімдігіне Булаев қаласы­ның ата­уын Батыр Баян деп атауды сұра­ған хат жа­зу туралы шешім қабылдады. «Жақ­сының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осы...

 

ПЕТРОПАВЛ