Аймақтар • 30 Қаңтар, 2024

Қар кетердегі қауіпке дайындық

178 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қыстың қамын жаз ойла, жаз­дың қамын қыс ойла» дегендей, қыстың толық екі айдан ар­тық уақыты болса да Солтүстік Қазақ­стан облыстық әкімдігінде көк­­темгі тасқын мәселесі қа­рал­­ды. Баяндама жасаған «Қазгидрометтің» облыстық фи­лиа­­лының директоры Қымбат Мер­­ғалымова көктемгі тасқынның қаупін бірінші болып жеткізді.

Қар кетердегі қауіпке дайындық

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Облыс аумағындағы Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысақты өзендері және олар­дың Ақанбұрлық, Бабықбұрлық, Шарық, Жембарақ, Иманбұрлық салаларының көктемде арнасынан асып, тасу қаупі бар. Облыста гидрологиялық мониторингтер жасайтын барлығы 19 бекет жұмыс істейді. Осылар өзендер мен оның салаларындағы өзгерістерді бақылап отырады. Қ.Мерғалымованың айтуы­на қарағанда, тасқынның барысын анықтау үшін қыс түсер алдындағы топы­рақтың ылғал қорын, қыс аяқта­лардағы қар суының молдығын, жер қыр­тысының қату қалыңдығын, көк­тем жылымығының барысын, су қоймаларының толуын, Ақмола об­лысындағы тасқынның жағдайын біліп отыру керек. Осылардың бәрін анық­тағанда ғана тасқынға болжам айтуға болады. Қазір Есілдің Петропавл қаласы маңындағы суының деңгейі – 236 см. Бұл – кейінгі бес жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Мұздың қалыңдығы – 9 бен 64 см аралығында. Былтыр ең қалың мұз 75 см болған.

Су мен мұздың көлемі қалыптағы жағдайда болғанымен биыл қар өте көп. Қыс бойы түскен қардың қалыңдығы – 52-155 мм аралығында, бұл – кей жерлерде 1,5-2 есе артық қар түсті деген сөз. Қар жауу әлі де жалғасатын сияқ­ты. Ал қардың түсу нормасы – облыс бо­­йынша 29-58 мм аралығында. Жер қыр­тысының қатуы бүгінге дейін 123 см-ге жетіп отыр. Міне, осы қардың еруі облыс аумағында тасқын қаупін ту­дырады. Сондықтан ақпан, наурыз айларында да көбейетін қардың бас бермей кетуіне жол бермеу керек. Ол үшін қар массиві арнаулы төгілетін жерлерге, егіс алқаптарына тасылып тұрғаны жөн.

«Қазгидромет» өкілі алдағы айдың ауа райына синоптиктер болжамын да жариялады. Ақпан айындағы ауа райын­да қаңтардікінен көп айырмашылық бола қоймайды. Бұл айда да қар мол жауып, кей жерлерде қатты боран болуы мүмкін. Айдың алғашқы және соңғы онкүндіктерінде қатты жел тұ­рып, борандар үзілмейді. Ауаның тем­­пературасы қалыптағыдан 1-2 градус жоғарылылықты көрсетіп, 13-14 градустың төңірегінде болмақ. Болжам бойынша қардың күрт еруі наурыздың соңғы күндерінде басталмақ.

Тасқынға қарсы дайындық жөнін­де облыстық төтенше жағдайлар депар­таментінің бастығы Ерік Сарыбаев баян­дады. Алдымен ол өткен жылдардағы тасқындардың сипатына тоқталды.

«Егер тасқын 2016 жылғыдай болса, онда Айыртау, Ақжар, Аққайың, Есіл сияқты он ауданда су басып қалу қау­пін күту керек. Ол үшін жағаларды бе­кітіп, егістік алқаптарын тазартқан жөн. Ал егер тасқын 2017 жылғыдай болса, Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Қызылжар және Уәлиханов аудандарымен қатар Пе­тропавл қаласында да су басу қаупі бар жағдай туа қалса, орындар әзірлеуіміз керек», деді ол.

Ал былтыр қиын жағдай Петропавл қаласы мен Ғ.Мүсірепов ауданындағы Тах­таброд ауылында қалыптасқан. Әй­теуір жедел қимылдап, арықтар мен суа­ғар жүйе­­лерді жедел тазалаудың нәтижесінде ешқандай шығын болған жоқ. Биыл да осы жағдайдың алдын алу керек екені айтылды.

Кейінгі жылдары облыста қардың суы басып қалу қаупі бар елді мекендерге инженерлік-қорғаныс шаралары өткізіліп, бүгінгі таңда 87 ауыл есепке алынды. Олардың аулаларындағы қарды алысқа төгу алдын алу шараларының біріне жатады. Сонымен бірге су бөгей­тін инерттік материалдар, қаптар, тиіс­ті техникалар мен оларға қажетті ЖЖМ, су айдағыш техникалар көлемін қорда­ландыру, арықтар мен суағарларды таза­лау да алдын алу шараларына жатады. Бұған қоса өзеннің сеңдері тұтасып қал­ған учаскелерде жарылыс жасау құрал­дарының дайын болуы да ескеріледі.

Е.Сарыбаевтың айтуына қарағанда, тасқынмен күрес басталғанда облыста құқық қорғау мен төтенше жағдайлар қыз­­­меткерлерінен, Ұлттық ұлан мен полициядан құрылған 475 адамдық топ және 135 бірлік техника дайын тұруы жос­парланған. Осының бәрі 20 наурызға дейін сапқа қойылмақ. Тасқынға тосқын жұмыс­тарын дайындау осындай жоспарлармен жүргізілмек.

 

Солтүстік Қазақстан облысы