Кино • 25 Қаңтар, 2024

Ұлт болмысының бейнесі

84 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жазушы Төлен Әбдіктің «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» атты хикаятын оқымаған жан кемде-кем шығар, сірә. Шығармада Қожабек қария ел-жұртқа жастайынан аты шығып, енді үйленгелі жүрген баласынан аяқ астынан айырылып қалды. Артында тұяқ қалмады. Бір әулеттің тұқымын бір өзімен біржола тоқтатты да кете барды. Қайғыдан қан жұтқан қарияға ұлының бірге оқыған жолдасы одан бала қалғанын айтады. Хабарды естігеннен кейін қартта дегбір қалмады. Бір күні кемпіріне «сұраған біреу-міреуге дәрігерге кетті дерсің», деп қалаға ұрпағын іздеп жолға шығады. Қысқасы, оқиға осылай өрбиді. 1983 жылы хикаят желісімен «Өтелмеген парыз» атты көркем фильм түсірілді. Режиссері – Серік Жармұхамедов, сценарийін Смағұл Елубай жазды.

Ұлт болмысының бейнесі

Смағұл ағаның айтуынша, аталған туындының желісі­мен фильм бекер түсірілмеген. «Жа­зушы Төлен Әбдіктің бір ерек­шелігі – шығарманы қа­зақы тақырыпқа жазса да, оны адам­заттық деңгейде көтере біледі. Әке мен баланың арасындағы моральдық-этиканы түсіну әр­қилы. Сол кезде де әкесі иманды, адамгершілікті ойласа, баласы дүниеге қызығып, нәпсіге еріп, қыз-қырқынды қуалап ке­тетін, сөйтіп жүріп, адамның тағ­дырына қиянат жасайтын жас­тар көбейген еді. Маған осы шығармада моральдық-этикалық мәселені көтеруі ұнады. Содан сюжетті дамытып, киноға лайық­тап, өзгерістер енгіздім. Мұнда ұлттық құндылықтан алыстап бара жатқан жастар мәселесі кө­терілген», деді ол.

Сондай-ақ белгілі қаламгер фильм­ді түсірер алдында бір қы­зық жағдай қалыптасқанын айтты.

«Дәл сол жылдары аға режис­серлеріміз өмірден өтіп кетті. Солардың ізін баса келген Саты­балды Нарымбетов үлкен фильм түсірмеген кезі еді. Жас режис­серлер әлі қалыптаспаған. Сце­нарий дайын. Бірақ оны кімге ұсынарымды білмедім. Ол кезде Қазақ КСР кинематоргра­фия жөніндегі мемлекеттік коми­тет­тің төрағасы Олжас Сүлейменов, ­бас редакторы Ғаділбек Шалах­ме­тов болатын. Сценариді олар да ұнатты. Содан «Қазақфильм» киностудиясының дубляж бөлі­мінде бас редактор болып істейтін Серік Жармұхамедов кино түсір­гісі келеді дегенді естідім. Бұл фильмді қазақтың табиғатын, тілін білетін адам түсіруі керек. Ал қалада туған режиссерлердің одан хабары аз. Бір күні Секеңнің өзімен жолығып, «Осы сценариді түсіруге қалайсыз», деп ұсындым. Ол бірден ұнатты. Басшылардың да оны түсіруге рұқсатын алдық. Сөйтіп, фильм өмірге келді. Бас кейіпкер Қожабек қарияны – Әнуар Молдабеков ойнады. Оны киноның басты табысы деп айтар едім. Шынымен де, Әнуар ұлы актер еді. Қарттың рөлін ғажап сомдады. Бұл актердің де өз өнеріндегі бір асу болды деп ойлаймын. Фильм жарыққа шыққаннан кейін көрермендер өте жылы қабылдады», деді жазушы.

Фильмге Әнуар Молдабе­ков­тен бөлек Досхан Жолжақ­сы­нов, Әлия Мұратбаева, Күләй Мұратәлиева, Жамбыл Құдай­бергенов, Жанат Чайкина, Гүл­нар Досматова секілді елімізге танымал актерлер түсті. Олардың бәрі де өз рөлдерін сәтті ойнап шық­ты. Көркем туындының бас­ты ерекшелігі – ұлттық бояуы. Әр кейіпкердің бойынан қа­зақы болмысты көресіз. Фильм­нің тілі таза, көркем. Әсіресе Қожабек қартты сомдаған Әнуар Молдабековтің киімі, қимылы, қозғалысы, сөйлеген сөзі, тіпті насыбай атуына дейін қазақ қа­риясының шынайы бейнесін көз алдымызға әкелді. Қарттың баласынан айырылған сәтте киіз үйдің шаңырағына қарап, «Шынымен-ақ шаңырағым қаңы­рап бос қалғаны ма?», деген ауыр күрсінісі де жүректі солқ еткізеді.

Кинода көрермен есінен кет­пейтін айшықты көріністер көп. Мәселен, қарияның көз алдынан ұлының бала күніндегі «Көке» деген дауысы кетпейді. Осы бейнефильмнің бір ауыр жүгін көтеріп тұрған секілді. Сондай-ақ мұнда адамгершілік, имандылық, ар-ұждан мәселесі ғана емес, кеңестік кезеңнің зы­миян­ саясатының кесірінен, әсі­ресе 70-80-жылдардан бастап қа­зақ жастарының өз қағынан же­ріп, тамырынан ажырап, ең ақы­ры өз баласына өз есімін қою секілді дәстүрімізге жат қы­­лық­тардың белең алғаны сөз бола­ды. Оны режиссер астармен баян­дай­ды. Оған мысал ретінде мына эпи­зод­қа назар аударыңыз. Қожабек қарт кештетіп қаладағы баласы­ның досы Нұрланның үйіне кел­ді. Нұрлан жүріп жүрген қызы­мен киноға баруға дайындалып жа­тады. Үйге қонақ келгеннен кейін ол киноға бару­дан бас тартады. Сол кезде оның құрбысының үйден ашуланып шығып кетуі де көп жайтты аң­ғартады. Қария ұлының досынан «Кішкентайың бар ма?», деп сұрағанда оның: « Жоқ, мен әлі үйленген жоқпын. Жаңағы қыз анда-санда келіп-кетіп тұрады. Қазіргі әйелдер бұрынғыдай еркектерге бағынышты емес. Өздері би, өздері қожа. Еркін тұрып, еркін жүргісі келеді», деп жауап береді. Сол кезде қарттың: «Е, «заманы бөлектің амалы бөлек» деген осы да. Шырағым-ай, бәрі де еркек жазғанның өзінен ғой», дейді ойланып. Осы көріністегі сөздер бүгінгі уақытты да дәл бе­дерлейді. Кинода осындай ұтым­ды детальдарға тәнті боласыз.

Фильмнің соңында Қожабек ақсақал баласының басына келіп: «Бұ не қылғаның, жарығым-ау. Бәрі қолыңнан келгенде қиянат қылмау қолыңнан келмегені ме, жарығым-ау. Құдайдан көр­ген зәбір тірліктің заңы шығар, адамнан көрген зәбір қымбат, жары­ғым-ау. Соны неге түсінбе­дің?», деп ұлының құлпытасын сипап, кемсеңдеп жылайды. Туынды­ның негізі түйіні осы. Сол арқылы режиссер бұ дүниенің қиянаты ­о дү­ниеге кетпейтінін емеурінмен жеткізеді.

Қазір елімізде жылына қан­шама көркем фильм түсіріледі. Оның ішінде көрермен көңілі­нен шыққандары да жетерлік. Алайда осы туындыларға ортақ бір кемшілік бар, ол – ұлттық бояу жетпейді. Ал «Өтелмеген парыздың» жарыққа шыққанына 40 жылдан аса уақыт өтті. Сонда да оны ел қызыға көреді. Өйткені мұнда өмір мен қазақтың болмысы шынайы бейнеленген.