Денсаулық • 25 Қаңтар, 2024

Жұқпалы ауру көбейіп тұр

97 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында қаңтар айында 75 адамның қызылша дертіне шалдыққаны белгілі болды. Ал өткен жылы облыста барлығы 316 адам қызылшамен сырқаттаныпты.

Жұқпалы ауру көбейіп тұр

Солтүстік Қазақстан облысының санита­рия­лық-эпидемиологиялық бақылау депар­таментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуына қарағанда, облыстағы 13 әкімшілік бөліністің 10-ында қызылшамен ауыру дерегі тіркелген. Тек үш-ақ аудан бұл дерттен ада.

Қызылшаның негізгі ошағы Петропавл қаласында шоғырланған. Барлық сырқаттың 270-і, яғни 86%-ы қаланың үлесінде. Аудандар арасынан Есілде – 12 адам, ал Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют аудандарында 6 адамның қызылша жұқтырып алғаны белгілі болып отыр.

Жас шамасы бойынша ең көп ауырғандар – 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Бұл жастағылардың арасында сырқаттанғандар саны – 184 адам, яғни 58%. Одан кейінгі ең көп ауырғандар – 15 пен 19  жастағылар, бұлардың саны – 66. Сырқатқа ұшыра­ғандардың 87%-ы, яғни 274 адам – екпе алмағандар. Соның ішінде 58 сырқат вакцинадан бас тартуы себебінен ауру жұқтырған.

Облыстың дәрігерлері қызылшаның шығу ошақтарын құртуға тырысып жатыр. Бүгінгі таңда қызылшаның 15 белсенді ошағы анықталып, қатаң бақылауға алынған. Сонымен бірге 99 үйішілік ошақтар анықталған. Қазір сырқаттанғандармен қарым-қатынас жасаған 22 132 адам анықталған. Соның ішінде 72 сағат ішінде қатынаста болған барлық 1 602 адамның 1 282-сіне екпе егілді.

«Жығылғанға – жұдырық» дегендей, қызыл­шаның үстіне тұмаудың да маусымдық көбеюі артып отыр. 2023 жылдың 1 қазаны мен 2024 жылдың 17 қаңтары аралығында тұмау тиген 55 687 адам тіркелген. Бұл былтырғы эпидемиялық маусымның сәйкес мерзіміне қарағанда 1,7 есе артық. Жас шамасына қарағанда ауыратындардың негізгі үлесі 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Барлық сырқаттың 66 пайы­зы осы жастағылардың үлесінде. Тұмаудың да негізгі ошағы Петропавл қаласы болып отыр. Барлық сырқаттың 37%-ы Петропавл қаласының үлесінде. Аудандар арасында Қызылжар алға шыққан. Бұл ауданда барлық сырқаттың 30%-ы тұрады. Ал Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Аққайың аудандарында 5-6 сырқаттан бар екені анықталған. Осыған байланысты Әсет Жұмабаев халыққа көп адам шоғырланған жерге бармауды және мүмкіндігінше қоғамдық көлікке мінбеуді ұсынып отырмыз дейді. Сонымен бірге ол халыққа бетперде тағып жүрудің пайдалы екенін жеткіздік деді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы