Тағзым • 23 Қаңтар, 2024

Ер есімі – ел есінде

90 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетау қаласының ең бір көрікті жерін­де, ор­талық алаңға таяқ­тастам қашықтық­тағы аллеяда елордалық өрт сөндіруші Асқар Заби­кулинге ес­керткіш қойыл­ды.

Ер есімі – ел есінде

Алдымен Асқардың жұрт жадында сақталған өшпес ер­лігін оқырман қауым­ның есіне тағы бір сала кетелік. 2022 жыл­дың қараша айында тұрғын үй кешенінде орын алған алапат өртті сөндіру барысында үш адамның өмірін сақтап қалды. Өкініштісі сол, тілсіз жаумен алысып жүріп өзі қаза тапты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен І дә­режелі «Айбын» орденімен ма­рапатталды. Ең бастысы, өз қызметін адал атқарған, басына төнген қауіп-қатерден қаш­паған есіл ердің артында елді сүюдің, жерді сүюдің, өз жүрек қалауымен таңдаған ма­ман­дыққа адалдықтың өмір­шең өнегесі қалды. Салта­натты сәтте сөз сөйлеген Тө­тен­ше жағ­дайлар вице-ми­нистрі Бауыр­жан Сыздықов құтқарушылар мен өрт сөндіру­шілердің әрдайым ерлікпен өрнектелетін адал еңбектері туралы кеңінен толғап айтып берді.

– Асқар Забикулиннің ер­лігі шын мәніндегі шынайы патриотизмнің, парасатты па­рыздың үлгісі, – деді Бауыржан Сыздықов. – Есімі Қазақстан Республикасы Төтенше жағ­дайлар министр­лігінің ғана емес, бүкіл еліміздің тарихында жазылып қалды. Кейінгі ұрпақ, аға буынның өкшесін басып келе жатқан жастар адал­дық пен жауапкершіліктің қандай болатын­дығын алдыңғы буынның өкілі Асқар тәрізді есіл ерлердің өнегесінен алады.

Ескерткіш тақтаға жабылған ақ жамылғы алынғаннан кейін батырдың рухына тағзым етіп келген қауым гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.

– Ақмолалық құтқарушылар кәсіби іс-қимылдарының арқа­сында өткен жы­лы үш жүзден астам адамның өмірін сақ­­тап қалды, – деп атап өтті облыс әкімі­нің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов. – Асқардай ұл өсірген, тәлімді тәр­бие берген ата-анасына алғыс айтамыз.

Ескерткіш 3,7 метрлік тұғырға ор­на­тылған. Айналасы әдемілеп абаттан­дырылған. Көрік беріп тұратын көк өскін ағаш егіліпті. Ұқыпты қол­дың табы аңға­рылып тұратын таза­лықтың реңі ерге деген елдің ыстық ықыласы мен қоше­метін білдіретіндей. Бейбіт заманда нағыз батыр­ларға тән ерліктің ерен үлгісін көрсет­кен Асқар бейнесі айтып кел­мейтін апат кезінде намыс пен жауапкершіліктің қашан да бағаланатынын меңзеп тұрғандай.  

 

Көкшетау