Оқиға • 23 Қаңтар, 2024

Майқайыңда ойыққа түсіп кеткен автобус: Прокуратура мәлімдеме жасады

650 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2024 жылдың 4 қаңтар күні Баянауыл ауданы, Майқайың кентінде «Майқайыңалтын» АҚ аумағында 4 адам мінген автобус ойыққа құлап кеткен еді. 2 жолаушының денесі сол күні шығарылса, қалған екі адамды іздестіру жұмысы жалғасып жатыр. Бас прокуратура тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Майқайыңда ойыққа түсіп кеткен автобус: Прокуратура мәлімдеме жасады

Фото: baq.kz

«Тау-кен жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі ережелерін бұзуға байланысты тергеу жөніндегі комиссия құрылды. Іс бойынша процессуалды прокурорлар тағайындалды. Қазба орнынан автобустың бірнеше фрагменттері мен құтқарушылардың жеке жабдықтары жер бетіне көтерілді. Қазіргі уақытта оқиға орнына жол салу үшін топырақ шығарылып, геосканерлеу жүргізілді, шағын көлемді экскаваторлар түсірілді, екі құтқарушыны іздеу жалғасып жатыр. Тау жыныстарының тұрақсыздығына және шұңқыр астында қуыс жерлер пайда болып, топырақтың басуына байланысты жұмыстарды жүргізу қиынға соғып тұр», деп хабарлады Бас прокуратура.

Қазіргі таңда іздестіру-құтқару жұмыстарына 147 адам, 45 техника, 3 кинологиялық есеп және 2 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған.

Қылмыстық істі тергеу барысында кәсіпорынның 40-тан астам қызметкерінен, сондай-ақ ЖШС басшылығынан жауап, қажетті құжаттар, бейнебақылау камерасынан жазбалар алынды.

Іс бойынша жолдың опырылып құлау себептерін анықтау үшін елдің әртүрлі аймақтарынан тау-кен-құрылыс жұмыстары саласының мамандары шақырылып, бірқатар сараптама тағайындалған.

Тергеу Бас прокуратураның бақылауында.